ҚИҒАШТЫҢ БОЙЫ ҚҰТ МЕКЕН…

ШЕКАРАДА ШЕШІЛЕТІН МӘСЕЛЕ АЗ ЕМЕС

Ауыл маңынан екі елді бөліп Еділдің сағасы Қиғаш өзені ағып жатыр. Махамбет бабамыздың «Қиғаш үшін қырылдық» дегендегі Қиғашы – осы. Бұл өзеннен өту үшін әуелде паром жұмыс істеген. Бүгінде оның орнында әдемі көпір бой көтерген. Көпір маңында шекара бекеті орналасқан. Бұл жер еліміздің қазынасына қомақты үлес қосып келеді. Облыстағы ең ірі шекара өткелінен күніне ондаған мың адам, екі мыңға тарта көлік өтеді. Түрлі ұлт өкілдері, түрлі тауар ағылып жатады. Сондықтан да, әскерилерде күндіз-түні тыным жоқ.
Бүгінде шекарадан өту бұрынғыдан жеңіл, жүргіншілер көп бөгелмейді. Бірақ, қырағылық артық етпейді. Кеден маңында кептелісте тұрған шетелдік көліктерді көрдік. Көлік жүргізушілерінің бірін әңгімеге тарттық. Роман Герасименко мен Роман Паньшенко есімді жолаушылар Атырау-Астрахан тас жолымен алғаш рет өтіп тұрғандарын айтады.

– Бұрынғыдай шекарадан өткенде тексеріп, ұзақ уақыт алатын тоқталыс жоқ. Кедендік одақтың жақсылығы сол, төлқұжатымызды тексереді де жібереді. Бұл жерге тек он минут кідіресің, – дейді украиналық жігіттер
Бұл бекеттен Ресейге асар болсаң, орыстың рублін айырбастаушы жиырмаға тарта ағалар мен апалар алдыңнан шығады. Өйткені, кәсібі сол – елге қайтсаңыз теңге, әрі кетсеңіз өзгенің валютасын айырбастап беріп, нәпақасын айырады. Біз оларды да сөзге тарттық.
– Жұмыссыздықты жоюға атсалысып жүрміз, – деп әзілмен бастады әңгімені «валютчиктер», – Үйде жатсаң, не өнеді? Бала-шағаның қамы ғой. Әйтпесе, ауылдан екі қолға бір күректің табылуы екіталай. Бірақ, жұмыс жоқ деп жатып алуға тағы болмайды. «Қалауын тапсаң, қар жанады». Істің көзі іздесең табылады.
– Ауылдың ажары қалай? Сыртынан қарағанда сүйкімді көрінеді екен? – дегенімізде, апай бөгелген жоқ:
– Шекарадан түрлі ұлт өкілдері өтеді. Сондықтан, тақтайдай тегіс жолды көшелер салынып, көше шамдары шырай беріп тұрса, жақсы болар еді, – деді. Айтпақшы, ауылда газ да үлкен мәселе екен. «Әркім газдың ай сайынғы құнын төлеп отыр. Ешқандай бережақ та емес, бірақ соңғы кезде біреулерге айыппұл секілді түбіртекке 8000, 11000, 15000 теңге қосылып келіп отырған көрінеді. «Қазпочта» АҚ бөлімшесі қызметкері де сол түбіртекке байланысты қосылып келген сомасын төлемесеңдер, ағымдағы айдың төлемін қабылдамаймын депті. Тіпті газды тыйып тастайды деп те қорқытады екен. Бұны айтып әкімге барсақ, олар «білмейміз, прокуратураға барыңдар» дейді. Кімге шағынарымызды білмейміз?» – дейді ол.
Аудан әкімінің орынбасары Қуандық Садықов: «Газдың төлемі жөнінде халық расында түсінбей жатыр. Бұл облыс бойынша үлкен мәселе болып тұр. Бұрынғы «Облтрансгаз» АҚ-ның аймақтық газ мекемелеріне бөлінуінің кесірінен қарапайым халық бережақ болып отыр. Яғни, өткен жылғы халықтың қараша, желтоқсан айында төлеген ақысын қайтадан төлеуін талап етіп жатыр. Негізі, бұл екі мекеме дауға халықты араластырмай, өзара шешуі керек еді. Олардың мәселені шеше алмай отырған себебі – бұл аралықта «Атыраугаз желісі» ЖШС мекемесі аз ғана уақыт жұмыс жасап кеткен. Сол екі айдың ақшасын өндіріп алу үшін «Облтрансгаз» АҚ «Қазпочта» АҚ басшысына арадағы келісімшартты пайдаланып, бережақтарын төлемесе, ағымдағы төлемді алмаңдар деп айтып отырған көрінеді. Бұл – өте-мөте қате. Олардың басшыларына да жолығып айттым. Халық бұл бережақты төлемеуі керек», – деді мәселенің мәнісін тарқатып.

АУЫЛ АУЫЗ СУҒА ЗӘРУ

Ауылға ауыз су көршілес Кудряшов селосынан келеді. Бұрынғы жоба бойынша су құрылғысын Кудряшов елді мекеніне 6 км, Котяев селосына 6 км деп қарастырып, екі бірдей елді мекенді қамтитындай есеппен салған. Қазір тұрғын үйлер қатары көбейді, бүгін Котяевтің өзіне 14 км бойына су қажет. Екі елді мекенге су қазір күнара бір сағаттан жіберіледі. Әзірге тұрғындар тіршілік нәрін тікелей Қиғаштан алып отыр.
– Биыл 18 млн. теңге қаражат қаралып, тендер өткізілді. Село тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтылмақ, – дейді ауыл әкімі Зәуре Ертаева.
– Ішетін де, егінге құятын да су болмай отыр. Қазір жұмыс жасалып жатыр дейді. Яғни, Кудряшовтағы бұрынғы су айдайтын станцияны жөнге келтіріп қайта іске қоспақшы екен. Бұл бюджеттің қаржысын далаға шашу, – дейді оқу-ағарту ісінің үздігі, зейнеткер Яков Ысмағұлов, – Станция ауыл тұрған биіктіктен екі метрге төмен орналасқан. Суды биікке шығару үшін кемінде 17 квт. күші бар мотор қою керек. Котяевте бұған дейін 16 метр мұнара болды. Соның өзінде ауыл тұрғындарына суды жеткілікті бере алмай, 17 квт. күші бар моторды іске қосу арқылы су жіберілген еді. Күні ертең жөнделіп, Кудряшовтағы станция пайдалануға берілсе де, төменнен жоғарыға су айдауға ток көзіне қаржы керек болып, су бағасы қымбаттайды немесе тағы да жарықты өтей алмай, станция жұмысы тоқтап қалады.
Аудан әкімінің орынбасары Қуандық Садықовтан сұрағанымызда, ауылдағы су құбырының биыл жобасы жасалып, келесі жылы іске қосылатынын айтты.

МАЛ КӨП,
ЖАЙЫЛЫМ ЖОҚ

Ауыл жұрты үй алдындағы азын-аулақ малды талай жылдан бері жайып келген жайылымнан айырылып қалдық деп дабыл қағуда. Кеңес үкіметі тұсында «Память Ильича» колхозына қарасты «Маяауыл», «Тулақ», «Гребень», «Гаранский» атты шабындық жерлер малға қыстық азық дайындайтын алқап болған. Бұл жерде тіпті қайта өскен шөптің орнын қорып, ауылдың малы қара күзге дейін жайылатын. Кейін жайылымдар Ш.Сүлейменов атындағы өндірістік кооперативтің иелігінде болып, тарап кеткен. 2000 жылдардың бас кезінде аталған шабындықтардың бәрі жеке қожалыққа сатылып, айналасы қоршалған. Ал, жайылымның иелері тұрғындарға «малдарың менің жайылымыма түсетін болса, маған ренжімеңдер» деп ескерту де жасайтын көрінеді. Ал, сол көп қожалықтарда жаз бойы жұмыс жасап, мал азығын алғысы келетін ауыл тұрындарына да пайда шамалы болып тұр. Үш ай күнге күйіп жүргенде алатыны – бір трактор ғана шөп екен. Расында, бұл көңіл аударарлық жайт.
– Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша ауылымызды көріктендіріп, тұрғындар демалатын орын болсын деп терек ектік, демалыс орны да жасалуда. Оған 980 мың теңге қаражат бөлінді,- дейді ауыл әкімі. – «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы биыл жеке кәсібін ашу үшін төрт адам несие алды.
Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы несие берілетіндіктен, кепілдікке жеке үй ұсынылады. Мысалы, үйі бір миллион теңгеге бағаланса, 500 мың теңге көлемінде ғана несие беріледі екен. Ауылдағы халықтың үйлерінің көлемі кіші болғандықтан, жарытып несие алуына да мүмкіндік болмай тұр.
Ауылда жастарға арналған спорт кешенінің құрылысы 2011 жылы басталды. Негізгі спорт кешенінің ішкі құрылысы бітіп тұрғанымен, бұл құрылыстың жобасы жасақталғанда оның сыртқы алаңдарын көгалдандыруды, жарықтандыруды есепке алмаған. Сондықтан тағы 38 миллион теңге қажет. Спорт кешені іске қосылған соң, аты әлемге танылған грек-рим күресінің екі мәрте чемпионы Сәбит Сатыбалдиев шыққан өңірден болашақта да спортшы жастар шығарына сенім мол.
– Ауылда 1800 адам тұрады. Оларға 11 кәсіпкерлік нысан, 10 дүкен қызмет көрсетеді. 20 шаруа қожалығы бар. Екі-үш шағын асхана секілді халықты қамтитын орталықтар да жеткілікті. 55 адам жұмыссыздар қатарында есепте тұр. Олардың 11-і арнаулы колледждерде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында оқып жатыр.
Дәрігерлік амбулаторияда көршілес Кудряшовтан келіп бір дәрігер және арнаулы орта білімді төрт медицина қызметкері қызмет етеді. Биыл күндізгі стационарды және дәрігерлерге арналған тұрғын үй салуды жоспарладық. Тікелей республикалық бюджеттен денсаулық сақтау саласы арқылы қаражат бөлініп отыр.
Он адам әлеуметтік жұмысқа жіберілді. Үшжақты келісімшарт жасалып, жұмыссыздар қожалықтарда да жұмыс істеуде. Алайда, жеке мал асырауға ерекше көзқарас білдіріп, мал шаруашылығымен айналысуға ниет танытып жатқан жастар жоқ, – дейді Зәуре Ертаева.
ТҮЙІН
Қазақ елінің жеті облысы Ресеймен көршілес. Осы жетеудің бірі – Атырау. Атыраудың шекарадағы соңғы елді мекені – жоғарыда сөз еткен Котяев ауылы.
Ауылға кіргеннен қызыл-жасыл гүлмен бірге кілемдей төселген көк майса көз қуантады. Бірақ, шындығын айтсақ, халықтың көңілі осындай шат-шадыман емес. Себебі, ауылда біраз күрделі мәселелер жинақталып қалған. Қай азамат өз туған топырағын, кіндік қаны тамған жерін өзге мекенге айырбастай алады? Сондықтан болса керек, ауыл халқы жағдайы келісіп тұрмаса да, келер күнге деген сенімінен айнымай, қоңырқай тірлік кешіп жатыр.

Экспедицияға қатысқандар:
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,
Бақытгүл БАБАШ,
Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз