Қазақтың батыр Бораны

2 Жаңалықтар

Бүгін – Боран Нысанбаевтың Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан күні.

2

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Ресейдегі Орёл облысы, Покров ауданындағы жерлес ағамыздың ерлікпен қаза тапқан жеріне тағзым ету құрметі маған және менің оқушым Перизат Әбдірахмановаға бұйырды.

Делегацияны Покров ауданы әкімшілігінің орынбасары А.Решитников және іс басқармасының басшысы А.Кустов қарсы алды. Олар бізді аудан орталығындағы Дросково, Верхно-Жирнов және Вепринец мектептеріне кездесуге алып барды. Осы мектептің екеуі де Боран Нысанбаев есімімен аталады.

Батыр жерленген Лески деревнясына  бардық.  Дросково ауданындағы   Боран Нысанбаев атындағы орта мектептің алдында бұрынғы ардагер ұстаз, батырдың  ерлігін зерттеуші А.М.Акулинин, мектеп директоры М.Ретинский және осы мектептің оқушылары, мұғалімдері қарсы алды. Кездесу митингпен басталды. Оқушылар сап түзеп,  батырдың жерлестеріне үлкен құрмет көрсетті.

Мектеп алдында  Боран Нысанбаевтың ескерткіші орнатылған. Жат  жерде, Ресей жерінде қойылған ескерткішті  көргенде сол  жердің халқының біздің батырды қалай ыстық сезіммен құрметтейтінінің куәсі болғанда көзім жасқа толды.

Алған әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Батыр ағамызға деген құрметтерін, қазақ халқына деген ризашылықтарын, мектеп оқушыларының әдеби-сазды бағдарламасынан байқадық.

Өсіп келе жатқан әр жасөспірімнің бойында отансүйгіштік, ерлік, батырлық, патриоттық сезімдерді ұялату үшін Боран сынды батырлар рухына бас иіп, өмір жолынан үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие алуымыз керек. Әркез оларды еске алып, мақтана айту – қазақ халқының әрбір перзентінің парызы.

Гүлайым ШАБДИРОВА,

 №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясының мұғалімі,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз