ҚАЗАҚТЫ ОБАДАН ҚҰТҚАРҒАН ҚАЖЫҒАЛИ МӘМЕКОВ КІМ ЕДІ?

Орыс халқында «Кейде бақытсыздықтың өзі бақытқа апарады» деген жақсы тәмсіл бар. Сол айтылғандай, егер 1900 жылдың қысында Астрахан губерниясына қарасты Бөкей Ордасының Талов ауданындағы «Текебай түбек» деген жерінде оба ауруы етек алып, онда бір мезетте 390 адам қайтыс болмағанда, Манаштан шыққан алғашқы арнаулы білімді кіші дәрігер Қажығали Мәмековтің де аты белгісіз, мықтағанда, ауыл зиялыларының бірі болып қалар еді.

 Әңгіме түсінікті болу үшін бәрін басынан ба-стайықшы. Бір сәтте әлгіндей мөлшердегі адамдардың ажал құшуы Ресей патшалығының ұлы кінәзін қатты шошындырды. Соған сай орыс армиясы бас қолбасшылығының санитарлық бөлімінің бастығы ұлы кінәз бастаған әскери-теңіз иелігіндегі және азаматтық саладан түрлі деңгейдегі жүз шамалы дәрігер Ордада (Хан ставкасында) Петербордағы Кронштат портының медициналық инспекторы және сол Кронштаттағы Николаев теңіз госпиталінің бас дәрігері, генерал, медицина ғылымдарының докторы Василий Исаевич Исаев та бар-ды. Ұлы кінәз оған аталған оқиғаға орай барлық жауапкершілікті жүктеп, Ордадағы жағдайды анықтау және бұл қатерлі дерттің туу себептері мен одан сауықтыру жолдарын табуды тапсырды.

Алдын ала айтарымыз, аталған түбектегі ауру ошағы бұрыннан да бар, соған сай ол мезгіл-мезгіл «мінез» танытып, бұрқ етіп, өлім өртін тұтатып қоятын-ды. Ондай белгілер кейін де талай рет байқалды. Ал, бұл жолы аталған тапсырмаға сай жасалынған алғашқы тұжырым – ауру Меккеге қажылыққа барған жергілікті діндарлардың сол жақтағы үндістер мен түріктерден жұқтыруы нәтижесінде өріс алған. Бірақ, В.И.Исаев бұл тұжырымға сенімсіздік білдіріп, бәрін қайтадан тексеруге тапсырма берді. Осыған орай ол аталған ауруға қарсы күрестің орталық штабын Хан ставкасының өзінен құрып, жан-жақтан жиналған дәрігер атаулының бәрін жергілікті жерлерге жөнелтті, нақты тексерулер жүргізуді қажет деп тапты. Әйтсе де, осы кезде алғашқы болып кезіккен қиындық – жергілікті жерден шыққан медициналық мамандардың тіптен жоқтығы. Осыдан келіп әлгі түрлі қалалардан келген дәрігерлерге жол бастап, ауыл-ауылды аралатып, ауру жайлы сөйлесетін, сынамалар алып, көмектесетін кісі табылмады. Міне, осы кезде Василий Исаевич тез арада тұжырым жасап, жоғары басшылықпен бір мәмілеге келді. Ол – жергілікті оқыған жастардың басын құрап, үш айлық медициналық-санитарлық курс ұйымдастыру.
Аталған бастама тез арада қолға алынды. Курсқа 20 жас жігіт тартылды. Оның алтауы – Жәңгір мектебінде оқып жатқандар. Ішінде біз әңгімелегелі отырған Қажығали Мәмеков те бар еді.
Ол алдында ғана, 1893 жылы Ганюшкинде ашылған екі басқышты алты жылдық мектептің үш жылын оқып, төртіншісін Ордада жалғастырған, қазірде соңғы курсқа келіп қалған-ды. Ақыры үш айлық курсты да үздіктер қатарында аяқтады. Бір жылдай ресейлік дәрігерлер экспедициясына көмектесіп, ел аралап, білігін арттырды.
Келесі жылдың жазында В.И.Исаев бастаған дәрігерлер тобы «Текебай түбегіндегі» ажалды сырқатты ақи-тақи зерттеді, адамдарын тексерістен өткізді. Ақыры «ауру қоздырғышы алыстан емес, бұрыннан бар ескі ошақтан өрбіген, сондықтан аталған дерттен ең алдымен жергілікті тұрғындардың өздері сақтануы керек» деген тұжырым жасалынды. Ауру ауыздықталып, дәрігерлер елдеріне қайтты.
Василий Исаевич ну ор-манды Нева жағасындағы туған қаласына аттанарда Ордаға иелік етуші Уақытша Кеңес басшылығы, губернатордың өзінде болып, өңірде дәрігер тапшылығын қайта-қайта еске салып, оны басқа жақтан келген уақытша мамандар емес, жергілікті жастармен толықтыру керектігіне назар аударды. Кетерінде алдыңғы жылы ғана Жәңгір мектебін және өзі ұйымдастырған үш айлық курсты үздік бітірген Қажығали Мәмеков, оның ағайындарымен (әкесі әлді адам-ды, ол кейін 1910 жылы 17 ауылдасымен қажылық сапарда жүріп, Қырымның Бақшасарайында қайтыс болған-ды) әңгімелесіп, оның Петерборда оқуына келісімдерін алды және бұл іске өзінің мүмкіндігі алғанша көмектесетіндігін айтты.
Айтқанындай, генерал уәдесіне тұрды. Арада бір ай өткенде Ішкі қырғыз Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің төрағасы Александр Алексеевич Вербовтың атына Қ.Мәмековті сол жылғы 1 қыркүйекте Кронштаттағы Николаев теңіз госпиталі жанындағы медициналық мектепке оқуға жіберу жөнінде шақыру қағазы келді.

КРОНШТАТҚА САПАР

Сөйтіп, манаштық жас жігіттің Кронштат-тағы төрт жылы да зырлап өте шықты. Оқуы аяқталып, туған топырағына ораларда өзінің төрт жыл бойы қамқоры болған Ғұбайдолла ағасына соқты, қамқорлығы үшін рахметін айтты, ризашылығын білдірді. Ал ағасы болса, бұның иығына қолын салып тұрып «Ешқайда алаңдама, еліңе, туған топырағыңа қызмет ет, халқын сыйлаған ұл қор болмайды. Мен саған қазір Астрахандағы үлкен шенеунік А.А.Крафт дегенге хат жазып беремін. Ол бұрын Торғай өлкесін басқарған, қазақтарды жақсы біледі, құрметтейді. Ол губернаторға өзі кіреді, не хат жазып береді. Қысқасы, сенің туған жеріңе оралуыңа көмектеседі» деді.

ОРДАҒА ОРАЛУ

Қ.Мәмеков сол жылдың 5 мамыры күні Астраханға келді. Бәрі де Ғұбекең айтқандай болды, бұл Орда бойынша обамен күрес жөніндегі дәрігер болып бекіді. Жағдай арада өткен төрт жылда анау айтқан өзгерген жоқ-ты. Мезгіл-мезгіл әр ауылдан ауру белгісі бұрқ етіп, адамдар, мал шығынына жол берілетін. Сол жылдың қара күзінде (26 қазанда) Уақытша Кеңес төрағасы Новицкийдің атына Нарын қисымының әкімі Мұқанәлі Шынтеміровтен хат келіп, онда 13 адамның ауырып жатқаны айтылған. Сол бойынша 29 қазанда дәрігер Мәжит Шомбалов пен фельдшер Шахай Өтебаев жолға шыққан. Ордаға Астраханнан обаға қарсы күрес стансасының көшпелі зертханасы, ертесіне доктор Констанцев бастаған бір топ дәрігер де жетіп, оларды Қажығали бастап, ауру белгісі байқалған Бекетай құмына келді. Тексеріс жүргізілді, адам өлімі бар. Бактереоскопиялық зерттеу оба ауруының қоздырғыштарын анықтады. Сол бойынша Астрахан губерниясының губернаторы атына жеделхат жолданды. Бірақ тағы да бір жақтан көмек келеді деп күтіп отыратын уақыт жоқ, тез арада алғашқы көмектер көрсетілді, ауру адамдар оқшауланды, емдеу жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде, арада жиырма күн өткенде індеттің беті қайтты. Ресейлік дәрігерлер елдеріне оралды.
Әйтсе де Бекетайда, одан оңтүстіктегі «Жаңқара» қыстағында (Екінші округ) жаңадан бақылау қосындары ашылды. Кейін олардың қатары өсе түсті. Ғасыр басындағы он бес жылда Орда бойынша оба ауруына қарсы күрес жүргізетін 6 дәрігерлік, 18 фельдшерлік қосын жұмыс істеді. Соның бірі Манаш ауылындағы бұрын жабылып қалған дәрігерлік пункттің қайта ашылуы еді. Жаңа орын салынды, құрал-жабдықтар жеткізілді. Оған Қ.Мәмековтің өзі басшылық жасады. Осындай жұмыстар жүрді, ауру беті қайтты дегенмен құм бойында оба ауруының белгілері жиырмасыншы жылдарға шейін байқалып қалып отырды. Көбіне-көп кеміргіштер, оларды жеген үй жануарлары, дала хайуандары арқылы өршіп отырды. Осыған орай Қажығали ұдайы тұрғындар арасында болып, жағдайды қадағалады. Ақпан төңкерісінен соң Орда өңірінде саяси жағдай күрт өзгерді. Осыған орай зиялы қауым өкілі ретінде жас дәрігер аймақтағы барлық шараларға қатысып, белсенділік танытты.
Атап айтқанда, 1918 жылдың 1-15 мамыр аралығында Ордада өткен бірінші кеңестер съезінде ол хатшылық қызмет атқарса, 1920 жылдың көктемінде Бірінші Теңіз жағалауы округінде кеңес билігі орнап, онда Қ.Мәмеков уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Келесі жылы осы уезде Сарытөбе болысы құрылып, оның төрағасы атанса, артынан Бөкей губерниялық атқару комитетінің Бірінші округ бойынша айрықша өкілі болып тағайындалды. Бірақ Қажекең осы кездерде өзінің негізгі мамандығынан бір сәт те қол үзіп көрген жоқ.
Жиырмасыншы жыл-дардың аяғындағы Қазақстандағы Голощекиннің «кіші қазан төңкерісі» Бөкей Ордасын да айналып өтпеді. Оқығандардың соңына шам алып түсу, шала байлау өршіп, Қажығали жараланған бандыға дәрігерлік көмек көрсеткен сатқын, жаңа қоғамның жауы деп табылып, 1928 жылдың 5 қаңтарында Гурьев абақтысына жабылды. Кейін Орал түрмесіне қамалды. Әйтсе де ол дәрігер ретінде Гиппократ заңына сай жұмыс істегендігі, өзінің кінәсіздігін алға ұстап, талай жерге арызданды. Ақыры ақталып шықты.
Бұдан әрі ол әлді әкенің баласы, діндар Мәмектің ұлы екендігі үшін сөзге шаталды. Осыған орай ол туған өңірін тастап, жиырма жылға жуық Қазақстанға іргелес Ресей жеріне қоныс аударды.

КІШКЕНЕ АРАЛДАҒЫ ОН СЕГІЗ ЖЫЛ

Аз күннен соң Астрахан округтік атқару комитетінің шешімімен ол Кішкене аралдағы дәрігерлік пункттің, бес жылдан соң Сталинград өлкелік денсаулық сақтау бөлімінің шешімімен Харабайлы ауданының Ахтуба селосындағы қайтадан ашылған ауруханаға бас дәрігер болып барды. Бірақ үш жылдан соң бұрынғы Кішкене аралындағы қызметіне қайтып келді, сонда 1948 жылдың жазына дейін еңбек етті.
Әрине, соғыс жылдары қиын болды. Қай ауыл-да да майданнан оралған жаралы азаматтар баршылық еді. Соның бәріне қызмет көрсету керек. Ауылдағы ауыр тұрмыс, азық-түліктің тапшылығы да адамдарды күйзелтеді, аурушаңдыққа итермелейді. Дәрігер соның бәріне қызмет ету, қолдан келген көмегін беруі керек. Осыларды өз басынан өткізген Қажекеңнің отбасы да соғыстың ауыр зардабын тартты. 1922 жылы туған кіші қызы – Нәзипа Кеңес Армиясына шақырылып, 1943 жылы Сталинград қаласы түбіндегі ұрыста ауыр жарақаттанып, елге оралып, дүние салды. Денесі Сейіт баба қауымында.
1920 жылы туған, жоғары білімді офицер ұлы Ғалихан Харьков қаласы үшін шайқаста қайтыс болса, үлкен ұлы Ғабиден соғысты теңіз флотының ІІ деңгейдегі капитаны дәрежесінде аяқтап, ұзақ жыл Ресейде еңбек етті. 1958 жылдан Қазақстанда әуелі Автомобиль көлігі министрінің бірінші орынбасары, кейін салалық ғылыми-зерттеу институтының директоры болды. Үлкен қызы Мәруа Қиыр Шығыстағы кеңес әскерлерінің қатарында болып, Жапондарға қарсы Халкин-Гол ұрысына қатысты.
Осылайша отбасының бір ұлы, бір қызын соғыс жалмап, Ғабидені алыста, Мәруасы тұрмысқа кеткен Қажығалидың қартайған шақта жат жерде қалуының өзі қиын болды. Оның үстіне жас өскен сайын азамат туған жері, атакүлдігін, ағайын-туыстарын аңсайды екен. Сағыныштан сарғайған қарт дәрігер дәл алпыс бес жасында, соңғы он сегіз жылын өткізген Кішкене аралын тастап, қасиетті Манаш бойындағы Маруасын сағалап, көшіп келді. Аз ғана уақыттан соң денсаулық сақтау ұйымы басшылары оны облыс орталығына жақын жердегі медициналық орындардың біріне басшылыққа шақырды. Сонда он бір жыл меңгеруші болып, 1959 жылы қаланың өзінен қоныс тапты. Республикалық дәрежедегі еңбек демалысына шығып, зейнеткерліктің нанын жеді. Сөйтіп, ол 1974 жылы 91 жасында Атырау қаласында дүние салды. Сүйегі – Исатай ауданындағы Нарын бекетінің түстік тұсындағы ата-бабасы қауымында.
Ал, оның еңбек жолын, қызметін бейнелейтін құжаттар мен естеліктері республикалық Денсаулық сақтау мұражайында, облыстық, Исатай аудандық мұражайларда сақталған. Атырау қаласы мен Аққыстауда дәрігер атында көшелер бар.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз