«Әке, сізге бір көзімді берейінші…»

tlmlr 1 Жаңалықтар

Atr.kz/23 қазан, 2019 жыл. Ешкім де қиын тағдырды өзі сұрап, не қалап алмайды. Біз әңгімелегелі отырған адамдар да – туабітті мүгедек емес, шарасыздықтан осындай халге түскендер. Мүгедектер арбасына таңылған, болмаса зағиптар таяғын қолына ұстап, біреудің көмегіне сүйеніп келе жатқан жанды көрсек аяушылық білдіретініміз рас. Бірақ, олар біреудің мүсіркеуіне мұқтаж емес. Өйткені, олардың рухы биік, жігері мықты.

Махамбет ауданының тумасы Жолдас Ғұмаров бала күнінен спортқа жаны жақын болып өсті. Кейін Қарағандының физкультура және спорт техникумын аяқтап, күрестен КСРО спорт шебері атанды. Ал, 2001 жылы Атыраудан тұңғыш велоспорт мектебін ашып, аға жаттықтырушы болды. Шәкірттері түрлі сайыстан жүлделі орындарды иемденіп оралды. Алайда, өмір соқпағы өзгеретінін кім білсін?

Аяқ астынан көзі қызарып, Жөкең жергілікті көз дәрігерлеріне жүгінеді. Олар «көзіңіздің қан қысымы жоғары екен, мыналарды пайдаланыңыз» деп түрлі дәрі-дәрмек жазып береді. Таныстарынан «Орынбордың көз емдейтін клиникасы жақсы көрінеді. Сонда барғандар құлан-таза айығып келуде» дегенді естіп, көлігімен солай қарай тартып отырады. Дәрігерлерге көрініп, ота ақысын төлейді. Өкінішке орай, жасалған ота сәтсіз шығып, Жолдас Үсекешұлы қос жанардан бірдей айрылып қалады.

«Мен сол кезде 53 жаста болатынмын. Тепсе темір үзетіндей қайратты едім. Не пайда, бәрі бір сәтте быт-шыт болды. Туған жеріме өздігімнен жете алмай қалдым. Ауруханадан шығатын уақытта ініме телефон шалып, мені елге алып кетуін өтіндім…» деп еске алады ол.

Алла басқа салса, көнбейтін амалы бар ма пенденің?! Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өтті. Бірақ, қиналса да дер кезінде есін жиды.

– Тығырықтан шыға алмай, қиналып жүр едім. Кіші қызым Зарина жетінші сыныпта оқитын. Сол қызымның жылап отырғанын естіп, «Біреу ренжітті ме?» деп сұрадым. Сөйтсем, «Егер донор табылса, ауру көзді сау көзге ауыстыруға бола ма? Мен сізге бір көзімді беремін!» демесі бар ма?! Айналайын, қыз баланың ата-ана десе, жаны бөлек қой. Осы оқиғадан кейін өзімді қолға алдым, – дейді Жолдас Үсекешұлы.

Сөйтіп, жеті жыл бұрын «Мөлдіркөз» зағиптар қоғамдық бірлестігін құрады. Қазір аталған бірлестіктің 67 мүшесі бар. Соның 36-сы – бірінші топ мүгедегі , қалғандары – екінші, үшінші… Демеушілер көмегіне сеніп, қол қусырып отыруға әуес емес төраға бірлестік жанынан жартылай дайын өнім (полуфабрикат) шығаруды қолға алды.

Мұндағы шағын цехта оқытып, 12 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Екі ай сайын бірлестік басшылығы қайырымдылық шарасын өткізіп, бірлестік мүшелерін материалдық тұрғыдан демеуді естен шығармайды.

***

Әлия Исимова да балашаға қамымен базарға шықты. Печенье, кәмпиттер сатты. Босаған қораптарды бесінші қабаттағы үйдің шатырына жинап жатып, биіктіктен «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» демекші, шыдамсыз әке кеткенмен, қос ұлы ержетті. Шаңыраққа қос келін түсірді. Бұрын сұрықсыз көрінген үйінің іші жайнап, шүпірлеген немереге толды…

Қазіргі Әлия – әйел, ана, ене, әже ғана емес, өзінің жеке тігін цехы бар кәсіпкер. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дегендей, кәсіпкер ана «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы несиелер алып, ісін дөңгелентіп әкетті. Кәсібін бастауда бала-келіндерінің тарапынан қолдау көрді. Енді ол – өзгелердің қамын ойлайтын, солардың еңбегін адал бағалайтын жұмыс беруші. Қазір ол он адамды жұмыспен қамтуда.

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз