«АТЫРАУ» ГАЗЕТІ ЖОЛҒА ТҮСІРДІ

«Атырау» газеті қызымды жат ағымнан аман сақтап қалуға ықпал етті. Имандылық тақырыбында жариялап жүрген мақалаларыңыз үшін әкелік алғысымды жеткіземін» деп ақтарыла сөйлей жетті редакциямызға келген жігіт ағасы. Өзін Томарлы поселкесінің тұрғынымын деп таныстырған Меңдалы Қасимов үш баланың әкесі екен.

«Екі ұлым Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарынан оралды. Қызым бүгінде Атырау мұнай-газ институтының бірінші курсында оқиды. Сіздерге келіп отырғандағы бар шаруам да осы жалғыз қызыма байланысты болып отыр» деген жігіт ағасы жүрекке жара салып кеткен бұл оқиғаның осыдан екі жыл бұрын орын алғанын айтты. «Отбасын асыраудың қамымен күні-түні жұмыс деп жүріп, алғашында қызымның бойындағы өзгерістерді байқамай қалдым. Жұбайым Шәкира бала тәрбиесінде дегенмен, оның да күнделікті нан тауып отырған жұмысы бар. Ол кезде кенже қызым мектепте оқитын. Жұмыстың қауырттығынан біз тіпті түстенуге де үйге бармайтынбыз.
Сөйтсем, «қызым үйде, қылығы түзде» деген рас екен. Кешкісін келгенде тамақ дайын тұрғанға мәз болып жүрсек, бірде көршілер жұбайыма қызымның көшеде бетін тұмшалап жүретінін айтыпты. Қанша дегенмен ана ғой, жұбайым бастапқыда «үйдің бар тірлігін атқарып отырған сол қыз, оның ағымдардың артынан еретін уақыты да жоқ» деп жеңістік бермепті. Кейін білдім, сол кездің өзінде-ақ, балаларға өмірлік жолдама беретін мектепке жат ағымдар әбден еніп алыпты. Естуімше, мұның артында да желілік бизнес сияқты үлкен ойын жатыр екен. Яғни, жат ағымды таратушы кімде-кім соңына он шақты адамды ертетін болса, оған ақшалай бонус беріледі екен. Менің қызым да сондай жымысқылардың құрбандығына айнала жаздады» деп көзіне жас алған әке сөзін одан әрі жалғады.
Еркетотай қызы әкесінен ақша сұрай бастайды. «Мамама айтпа» деп әкесіне өтініш жасап та қояды екен. «Әке, базардан киім аламын. Мамам оны алғызбайды. Мені базарға апаршы» деген жалғыз қызының өтінішін орындау әкеге не тұрыпты? «Қыз бала болған соң өзінің талғамы болады да» деп, ойланып жатпастан, базарға апарып жүрдім. Сұраған ақшасын санап беремін. Бірақ, қызым көліктен түсіп қалады да, шаруаларым біткен соң өзім шақырамын деп, алды-артына қарамай зытып отыратын болды. Кейін білдім, сөйтсем ол сол кезде шұбатылған қара киімдер алып жүр екен. Базардан шыққан соң дәріханаға барып, пачкалап маска сатып алады. Сұрасам, тұмаудан сақтанып жүрмін дейді. Сөйтсем, бұл оның бетін тұмшалаудағы тапқан бір әдісі екен ғой» деп налиды әке. Қызының бойындағы өзгерістер кейін оның мінезінен байқала бастайды. Әкенің айтуынша, бүлдіршіндей ғана қызы «сендердің ішкен тамақтарың дұрыс емес. Ет асып жеу – харам» деп, ата-анасын тәрбиелей бастайды. «Қашан көрсек те, біз пісірген тамақты ішпей, дүкеннен «ролтон» деген дайын «асты» ішіп отыратын болды. Осыдан соң үйдің берекеті кетті» дейді ол.
Бұдан соң жағдайдың қалай өрбитіні белгілі. Анасы қызының төсек орнын тінти бастайды. Сол кезде жасөспірімнің жастығының астынан машинкаға басылып, қолдан тігілген брошюралар шығады. «Құранды жастанып жатса, қуанар едік. Анау деген сұмдық қой. Сөйтіп, кіші келінімізді шақыртып, компьютерін ақтарттық. Қызым сұрап жүрген соң, интернет те қондырып берген болатынбыз. Сөйтсек, кеш болса, есігін тарс жауып алып, бөлмеден шықпайтын қызымыз жат ағымның сан түрлі уағыздарын тыңдап, уланып жүр екен» дейді әкесі. «Бұдан соң анасы шұбатылған қара киімдердің барлығын өз қолымен құртты. Ашық күнде төбеден жай түскендей болған біз алғашқыда қатты есеңгіреп қалдық. Кейін жұбайым екеуміз жұмысымыздан арнайы күн сұрап алдық. Алдымен Алла ғой. Алланың қалауымен Бесіктідегі Сәбила атты емші апамыз бізге көп көмектесті. Кеңесін аямады. Қызымызды аталардың басына апарып түнеттік.
Сөйтіп жүргенімізде бірде танысымның үйінде отырып, «Атырау» газетін көзім шалып қалды. Бұрын «Ақ Жайық» газетін ғана оқитынмын. Бірақ, «Атыраудың» тағылымы маған бөлекше әсер қалдырды. Жат ағымдар, олардың сананы улау жолдары, хақ исламды жат ағымдардан қалай ажыратуға болады деген мәселелер төңірегінде жазылған мақаланы оқып, көп нәрсені түйдім. Сөйтіп, газетті қызыма апарып бердім. Алғашында ол «газетте жазылғанның барлығы харам, ширк» деп, «Атырауды» қолына ұстағысы келмеді. Менің қаттылығымнан сескенді ме, қызым бір күндері «Атырау» газетін оқи бастады. Ет асып, етті зорлап тұрып жегізетін болдық. Кейін білдік, сөйтсек, ауылда жоғары сыныпта оқитын жат ағымның әбден жетегінде кеткен бір қыз бала мұның басын айналдырып жүр екен. Салып отырып, үйіне барғаныммен, нәтиже болмады. Бетін тұмшалаған қызын анасы жақтап шықты. Кейін мектепке барып, қызымның ұстаздарымен де сөйлестім. Бірақ, біз қанша жерден айтып жатсақ та, бұрынғы жарқылдап жүріп, мойныма асыла кететін ерке қызым көз алдымда жатқа айналып, еш жылуы жоқ суық бейне болып бара жатты. Қазақ қамшыны қасиет тұтқан халық қой. Бала күнімде үлкендерден «қамшы жын-шайтанды қуады» дегенді жиі естуші едім. Амалым құрыған соң, қызымды белдігіммен сабадым. «Өз-өзіне бұдан соң қол жұмсап жүрмей ме?» деген ұры ой да құтымызды қашырып жүрді. Ақыр соңында қызымыздың әр қадамын бағып жүретін болдық. Осылай сүреңсіз күндер жалғасып жатты. Бірақ, «Атырау» газетінде шыққан имандылық туралы мақалаларды оның бөлмесіне қойып жүрдік.
Бірде жұмыстан үйге келсем, әйелім алдымнан күлімдеп шықты. Мен аң-таңмын. «Қызыңның айтатыны бар» деген соң, бірден кенжемнің бөлмесіне кірдім. Кенет, о ғажап! Мен білетін ерке бұлан бүлдіршінім шауып келіп, мойныма асыла кетті. Кешірім сұрап, қателескенін айтып, жылап жатыр. Аллаға шүкіршілік етіп, мен тұрмын. Осылайша, бір Алланың қалауымен үй ішіне нұр төгілгендей болды.
Сөйтсек, қызымыз «Атыраудың» бірнеше нөмірін бөлмесінде баппен оқып жүр екен. Әке ретінде имандылық тақырыбындағы материалдардың сол кезде көп жарияланғанына, қазір де сол үрдістің жалғасып жатқанына бек ризамын» деп сөзін аяқтаған Меңдалы Қасимов қиын сәтте жанынан табылған газетіміздің әр санын бүгінде асыға күтіп отыратынын жеткізді.
Талай ананы зар еңіретіп, талай шаңырақты ортасынан түсірген сұрқия секталардың жетегінде кетіп, бар өмірін құрбан еткен тағдырлардың санын шығарып жату қиын-ақ. Десек те, тұтас отбасын құзға құлаудан сақтап қалуға газетіміздің ықпал еткені бізді де қуантады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз