Илья ЖАҚАНОВ «QAZAQSTAN» телеарнасындағы «АБАЙ» телехикаясы туралы пікір айтты

izobrazhenie 2020 12 17 154155 Мәдениет

Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақанов, Қазақстан телеарнасындағы «Абай» телехикаясына қатысты пікір білдірді.

– Қазақстан Телерадиокорпорациясы 6 бөлімді «Абай» телехикаясын, 7 бөлімді «Әл-Фараби» сериалын түсіріп, біздің тарихымыздың таңғажайып құпия сырларын ашқандай болды. Тәуелсіздіктің арқасында ұлы дала оянып жатқандай болып, мәртебем көтеріліп отыр. Абай өз ортасынан оза туған. Дүниені Аристотель мен Әл-Фараби сынды ойшылдарша шолған. Қазақтың арғы-бергі тарихын, заманын алақанға салған. Өз мезгіліне сын көзбен қараған. Сын көзбен қарап қоймай надандықпен, зұлымдықпен күрескен. Ұлы ойшылдың өмірі өзек болып тартылған 6 сериалы фильм бізге үлкен табыс. Руханият дүниесіндегі енді ғана жасалып жатқан игілікті іс. Шын жүректен құптап, біздің ұлы тарихтың ғасырлар бойы тұншығып, булығып жатқан сырлары осылай ашыла берсе екен деген тілекте отырмын.

Енді Әл-Фараби жөнінде айтсам, бұл Аристотельден кейінгі екінші ұлы ұстаз. Әл-Фараби жайлы қаншама ғылыми еңбектер жазылды. Әл-Фарабидің ғасырлар бойы тұңғиықта бізге жетпей жатқан сырларын ашатын осы 7 сериалы фильм бұл да Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырған рухани жеңісіміздің бір саласы деп есептеймін. Қазақстан Телерадиокорпорациясының бүкіл ұжымына, шығармашылық құрамына, жетекшілеріне, режиссерлар мен сценаристтерге мың да бір алғысымды білдіріп, алда да жалғанның жартысындай кең байтақ Қазақстанның қатпар-қатпар тарихы осылай оянып ашыла берсе, бүгінгі ұрпақ пен келер ұрпақ осы даланың иесі екендігін сезініп, рухы зор ұрпақ болып өсетініне еш күмәнім жоқ, – деді Илья Жақанов.

«atyrautv.kz»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз