«АРУАНАНЫҢ» АҚЫРҒЫ САПАРЫ белгілі жазушы, жерлесіміз Сәтімжан САНБАЕВ өмірден озды

Алыстағы Алатаудың баурайынан Жайық жағасына өзекті өртер өкінішімен қайғылы хабар жетті. Жетпіс төрт жасқа қараған шағында көрнекті қазақ жазушысы, драматург, публицист, аудармашы және киноактер Сәтімжан Санбаев дүниеден өтті. 
Сәтімжан Хамзаұлы Санбаев 1939 жылғы 16 қыркүйекте Атырау облысының Мақат кентінде дүние келді. 1961 жылы Орынбор ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң, Гурьев облысының Энгельс атындағы кеңшарында бас инженер болып еңбек етті. Әйтсе де, жазушылық қарым-қабілеті ерте танылған тума талант иесі Алматыға аттанып, «Қазақфильм» киностудиясында, «Жазушы» баспасында жауапты қызметтер атқарды.

1974-76 жылдары Павлодар трактор зауытында инженер-конструктор, 1983-86 жылдары Балқаш кен-металлургия комбинатында инженер ретінде еңбек етуі де жазушыға өмірге жаңа толыққанды туындылар әкелуіне септігін тигізді. Ал, 1989 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының Аударма және әдеби байланыс жөніндегі бас редакция алқасы төрағасының орынбасары қызметінде болды. 
Оқырмандар жазушының «Ақ аруана» (1969), «Жол жалғыз ғана» (1970), «Көп ажал» (1974), «Шөлейт даладағы құдықтар» (1976), «Аңыз аңсағанда» (1989), «Біздің өміріміздің жыл маусымдары» (1981), «Кеніш» (Кариф), «Алаңқай» атты романдары мен повестерін өте жылы қабылдады. Бұларда қазақ даласы мен оны мекендеген халықтың өмірі шынайы көрініс тапты.
Сәтімжан Хамзаұлы драматургия саласына да қалам тербеп, «Бір құты мұнай» драмасының, «Ақшаңқан таулар» көркем фильмінің сценарийін жазды. Автордың соңғы туындысы – «Тұзды көл жағасындағы үй» еді. Ол, сондай-ақ, актерлік дарынымен де дараланды. Оған дәлел – «Ұшы-қиырсыз жол», «Той боларда», «Шоқан Уәлиханов», «Батыр Баян» көркем фильмдерінде жетекші рөлдерді сомдағандығы.
Шығармаларын орыс тілінде жазатын жазушының Абай Құнанбаевтың қара сөздерін, М.Әуезовтің, С.Бегалиннің, Ә.Сәрсенбаевтың повестері мен әңгімелерін тәржімалаған еңбегінің өзі бір төбе.
Әттең, қарымды қаламгердің еліне берері әлі де көп еді. Біз заңғар жазушының отбасына, ағайын-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Б.Ізмұхамбетов, С.Лұқпанов, Ғ.Дүйсембаев, С.Нақпаев, Т.Шәкімов, Ш.Мұқан, А.Әжіғалиева, Е.Баспаев, Е.Омаров, С.Айдарбеков, О.Көшеков, Е.Тасқынбаев, Қ.Ризуанов, І.Жақанов, Р.Отарбаев, Қ.Жылқышиев, А.Ершуов, Т.Берішбай.

Әдебиетіміз бен өнеріміз тағы да бір ауыр қазаға ұшырады. 74 жасқа қараған шағында көрнекті қаламгер, аудармашы, қайраткер азамат Сәтімжан Санбаев дүниеден озды.

 Ол «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақ комитетінде жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші, «Невада-Семей» қозғалысында вице-президент, Ш.Айманов атындағы ұлттық кинокомпанияда бас редактор болып жемісті қызметтер атқарған.

Шығармаларын орыс тілінде жазатын Сәтімжан Санбаевтың алғашқы повестері «И вечный бой», «Белая аруана» 1968 жылы «Простор» журналында жарық көрген. Қаламгердің қаламынан туған «Белая аруана», «Дорога только одна», «Аруана», «Колодцы знойных долин», «Времена года нашей жизни», «Когда жаждут мифа», «Медный колос» сияқты кітаптары оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған. Шығармалары қазақ тіліне, сондай-ақ, көптеген шетел тілдеріне аударылған.

«Флакон одеколона» атты драмасы республика театрларында табысты қойылып жүр.Оның кино саласындағы еңбегі де орасан. «Ұшы-қиырсыз жол», «Той боларда», «Шоқан Уәлиханов», «Батыр Баян» атты көркем фильмдерінде ол басты рөлдерде ойнаған. «Қыз Жібек», «Ыстықкөл қызғалдақтары» кинофильмдерін қазақ тіліне сәтті аударған. «Там, где горы белые», «Дом у соленого озера» кинофильмдерінің авторы. Абайдың қара сөздерін, М.Әуезовтің, С.Бегалиннің, Ә.Сәрсенбаевтың, Қ.Ысқақтың, т.б. қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне тәржімалаған.
«Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.
Тіршілікте сабырлы, сырбаз қалпынан еш айнымаған, ақкөңіл, адамгершілігі мол болған қайраткер, қаламгер, аудармашы, сегіз қырлы,бір сырлы талант иесі Сәтімжан Санбаевтың ардақты бейнесі оны білетіндердің, оқырмандардың жүректерінде ұзақ сақталады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және
ақпарат министрлігі,
ҚазақстанЖазушылар
Одағы басқармасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз