Сәбиді қоқысқа «сүйрейтін» ерте жүктіліктің себебі белгілі болды…

reb 1 Жаңалықтар

Заман өзгерген бе, әлде адам ба, қазіргі жас буын ерте жетілуде. Соңғы жылдары мектептің VI-VII сыныптарында оқитын қыздар көңілі қалаған жігітімен «кездесуге» шығатын болған.

Оң-солын айыра білмейтін жастағылар осы жүрістерін бойжеткендік, есейгендік деп түсінетінге ұқсайды. Сөйтіп жүріп, талай қыз кәмелеттік жасқа жетпей, жүкті болып қалып жатыр. Медицинада «ерте жүктілік» деп 13-18 жасқа дейінгі болатын жүктілікті атайды екен. Дәрігерлер бұл мезгілде қыздарда «өтпелі жас» кезеңі басталып, гормондық қайта құрылу процесі жүретінін айтады. Оның үстіне олар – әлі бала, тұрмыс құрып, жүкті болатын жаста емес.

Осы себепті де жасөспірім қыздарда психологиялық дағдарыс орын алады. Көптің көзіне түспеу үшін ішін орамал, белдікпен қысып, өзіне де, ішіндегі нәрестеге қолайсыз әрекетке барады. Бұл сәбидің кемтар болуы немесе басқа да ақаулармен өмірге келу ықтималдығын жоғарылатады. Біздің ұлтта, мойындауымыз керек, қыз баламен анасының, ер баламен әкесінің ашық сөйлесуі кемшін. Егер атаана мен бала шын мәнінде сырлас, дос болса, онда, сөз жоқ, мұндай шалыс басқан қадамдар азаяр ма еді.

Өкінішке қарай, бұл тек бізде орын алып отырған проблема емес. Қай елде де жасөспірім қыздардың бұл қадамы көбінесе жүкті болумен аяқталады. Сөйтіп, олардың арасындағы жүктілік әйелдер арасындағы жүктіліктің 1,5 пайызын құрап отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылы облыста 15-17 жастағы қыздардың 73 жүктілігі тіркелсе, 2020 жылы ол 77-ге жеткен. «Баланың санасына берсін» деп отырамыз ба, қадірлі оқырман, әлде мұның алдын алудың басқа амалын білесіз бе?

Лиза СЕЙТІМОВА

Амалсыздан суицидке барады…

Еліміздегі ерте жүктілік мәселесі үлкен мінберлерден де айтылып жүр. Осыдан біраз бұрын Парламент Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болған Майра Айсина және тағы бірнеше халық қалаулысы өздерінің депутаттық сауалдарында нақ осы жағдай туралы егжей-тегжейлі баяндаған болатын.

Онда: «…Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 33 051 жүктілік фактісі тіркелген, оған қоса, 15 пен 18 жас аралығындағы қыздарға 9 906 түсік жасалған. Пайыздық көрсеткіш бойынша бұл деректер Батыс Еуропа елдерінің осыған ұқсас көрсеткіштерінен екі-үш есе артық. 15 пен 18 жас аралығындағы қыздар арасында түсік жасау көрсеткіштері әлі күнге дейін жоғарғы болып табылады және жылына 2 мыңға жуық түсікті құрайды.

…Ерте жүктілік жас қыздардың денсаулығына орасан зиян келтіреді, бұл өз кезегінде, қайғылы жағдайларға алып келеді. 15-18 жас аралығындағы қыздар жүкті болған және жүктілік кезінде туындайтын қиындықтар, көбінесе, өлім көрсеткішінің ұлғаюына себепші болады. Мәселен, дамыған мемлекеттердің өзінде жыл сайын 70 мыңға жуық жасөспірім қыздар көз жұмады…» делінген.

Өмір тәжірибесі көрсетіп жүргендей, дәріден уланып, жоғары қабаттан секірмекке ұмтылған қыздардың жүкті екендіктері белгілі болған. Отбасынан, ұстаздарынан, дос-жараны мен ағайынтуысынан ұялған қыздың осындай қауіпті де қатерлі жолды таңдайтыны қандай өкінішті десеңізші.

«Қызға қырық үйден тыйым»

Күнделікті өмірде көріп жүрміз ғой, үйіндегі ұл-қызының кіммен жүретінін, дос екенін, жақын араласатынын білмейтінін ата-аналар да болады. Балаға өте мұқият болған жөн. Әсіресе, қызды бағу оңай емес. Аталарымыз «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы», «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөздерді тектен-текке айтқан жоқ. Болары болған соң, бармағын тістеп қалмасын деп сақтандырды.

 Сондықтан, қыздарымыз жүгенсіз кетсе, мектепті, бірге жүретін құрбыларын кінәлаудан аулақ болайық. Ұл-қызға өмір сыйладық екен – оның дұрыс адам болып қалыптасуына, түзу жолмен жүруіне баскөз жасайық. Беймезгіл уақытта өрімдей қыздарымыз көше кезбей, үйде отырсын. Үлкендердің тәрбиесі оларды тәртіпке, сабырға, төзімге үйретеді. Ал, бұлар – оның болашақ өміріне ең қажетті қасиеттер.

Күләш АБДРАХМАНОВА, ана, ене, әже Атырау қаласы

«Өмірлік өкінішке қалмаңдаршы, қыздар!» (құпия хат)

Мен бірінші курста оқып жүргенде бір жігітпен таныстым. Жастық қой, жігітпен жүргеніме мәз болдым. Аяғым ауырлағанда, ол тайқып шықты. Содан біреулердің айтуымен, 17 жасымда түсік жасаттым. «Ешкім ештеңе білмейді» деген ойдың жетегінде жүрдім. Оқуымды аяқтап, жұмысқа тұрдым. Тұрмысқа шықтым. Бірақ, ортада бала болмады. Жолдасымды білмедім, әйтеуір, мен өзімді кінәлаумен жүрдім. Жеті жылдан кейін ажырасып кеттік. Екінші рет тағы тұрмыс құрдым. Онда да солай. Соңғы күйеуіммен бес жыл тұрдым.

Не дейін, оларға ешқандай ренішім жоқ. Өйткені, баласыз өмір бола ма?! Әттең, сол кезде шалыс баспағанымда, алдағы өмірім басқаша болар ма еді. Осы ой менің жанымды талай жылдан бері жегідей жеп келеді. Әбден басыма тиген соң кейінгі сіңлілеріме айтарым: жігітпен қыдыруға ешқашан асықпаңдар. Алдымен оқып, білім алыңдар. Жұмыс жасаңдар. Ақыл тоқтатыңдар.

ҚҰРАЛАЙ, 42 жаста (есімі өзгертіліп алынды)

*Сіз не дейсіз?

Ерте жастан ана болу – тек біздің елдің ғалымдары мен дәрігерлерін ғана емес, осы бағыттағы дүние жүзі мамандарын алаңдатып отыр. Жыл сайын тек дамушы елдердің өзінде 18 жасқа толмаған 7,3 миллион қыз ана болады. Тіпті 15 жасқа жетпей жатып сәби сүйген жасөспірімдердің саны 2 миллионнан асатын көрінеді. Ерте жүктілік ана мен баланың саулығына, сөз жоқ, өзінің кері әсерін береді. Өкінішке қарай, әлем бойынша 70 мыңға жуық жасөспірім қыз өмірге сәби әкелер кезінде қайтыс болып кетеді. Тіпті аман-сау босанғанның өзінде нәресте түрлі ақаумен тууы мүмкін.

Басты қиындық, жасөспірім қыздың ағзасы жүкті болуға дайын емес болғандықтан кедергілер көп кездеседі. Өзі де, сәбиі де қиналады. Осыны есте ұстау керек. Мұндай кезде мектеп қабырғасында жүрген оқушы қыз сабағынан қалады, өзіне бейтаныс тірлікке енеді. Орта мектеп бағдарламасын аяқтай алмаған оның болашақта мамандық алуы екіталай. Жастай ана болған қызға бәрі қырын қарайды, құқығы шектеледі.

Айталық, менің жұмыс тәжірибемде ІХ сыныпта оқитын қыз өзі құралыптас бозбаладан жүкті болып қалды. Кешкі мектепке ауысты. Арада түрлі келіспеушіліктер орын алды. Ақыры екеуі екі жаққа кетіп тынды… Сол себепті, қай нәрсе де өз уақытымен болғаны абзал.

Айқияш ШУНАЕВА, №1 қалалық емхананың гинекологы, жоғары санатты дәрігер

Ел ертеңі – жастар

Өзім студенттерге құқықтану пәнінен дәріс оқитындықтан да адам құқығына қатысты мәселелерге бейжай қарай алмаймын. Оның үстіне халықтың біраз бөлігі өз құқығын білмегендіктен түрлі кедергіге тап болып жатады.

Соның салдарынан, заңсыздықтарға кезігіп, ана жаққа бір, мына жаққа бір шағымданумен жүреді. Біле білсек, адам құқығының тапталуы сол кісінің саулығына да кінәрат түсіреді. Бұл туралы мемлекет басшысы: «Жергілікті биліктің үстінен арыз-шағымдар көп түседі… Адам құқығы жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайтуымыз керек.

Сонымен қатар, біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн» деп өте орынды атап өтті. Қазір, сөздің шыны керек, ғылым мен білімнің дәуірі. Сол себепті заманауи технологияларды жақсы меңгерген жасқа қай кезде де сұраныс жоғары. Қандай адамның да бойында әйтеуір бір қабілет болады. Соны дер кезінде аша білу – ұстаздардың пешенесіне бұйырған қасиет. Бала орта мектепте көзге түспеуі мүмкін, ал жоғары оқу орнына келгенде өзгеше қыры, қабілетқарымы ашылуы ықтимал. Бір сөзбен, мен оқу-білімсіз жастың күні жоқ, жастарсыз елдің келешегі жоқ дер едім. «Білекті – бірді, білімді мыңды жығады» демекші, Қазақстанды гүлдендіріп, мүддесін асқақтатар білімді жастарымыз көп болғай!

Жанна ШАЯХМЕТОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз