ҚАЛАМ ҚУАТЫ ТАНЫЛҒАН КҮН

«Ақпарат құралдарының өкілдері – бұқара мен билік арасындағы алтын көпір. Ел жаңалығының жаршысы болып, халықтың мұңын мұңдап, айтар ойы мен ұтымды ұсынысын жеткізіп жүрген төртінші билік өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз» деді Атырау облыстық мәслихатының аппарат жетекшісі Тамара Аман-Тұрлина атаулы мерекеге орай «Жайық Ақпарат» баспасөз клубында өткен жиын барысында.

Облыстық мәслихат хатшысы С.Лұқпановтың атынан бір топ журналистерге Алғыс хат табыстаған Тамара Өтегенқызы қазіргі қоғамдағы баспасөз қуатының артып отырғанын айта келіп, қалам ұстаған шығармашылық иелеріне толайым табыстар тіледі. 
Ақжарма тілектердің келесі кезегінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева сөз алып, кәсіби мерекеге орай әріптестерімізге Алғыс хат тапсырды. Қызығы мен қиындығы қатар өрілген мамандық иелерінің егеменді еліміздің Елбасы салған сара жолымен дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқандығын атап өтіп, шынайы тілектерін жеткізді.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымын құттықтауға арнайы келген меймандар қатарында қалалық мәслихат депутаты Бағыт Шеркешбаева да болды. Өз кезегінде серіктестіктің бір топ қызметкерлері қалалық мәслихаттың арнайы Алғыс хатына ие болды.
Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Светлана Муньянова да бір топ мереке иелеріне Алғыс хат ұсынды.
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінен келген өкілдер де жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, департамент басшысы Ө.Зинуллиннің атынан арнайы марапаттар табыс етті. Құттықтаулар легін жалғастырған «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Төлеген Берішбай бүгінгі басқосуға арнайы келген жиын қонақтарына алғысын білдіре келе, бір топ қызметкерлерге құттықтау хат тапсырып, шығармашылық шабыт тіледі.
Арнайы марапаттарға ие болғандар қатарында біздің редакциямыздың да бірнеше қызметкері бар. Жазар жағымды жаңалығымыз көбейіп, қаламымыз мұқалмасын, кәсіби мерекеміз құтты болсын, қадірменді әріптестер!

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз