ЖАЙЫҚ ЖАҒАЛАҒАН ЖҰРТ ЖАҢАЛЫҚҚА АСЫҚ, ӨРКЕНИЕТКЕ ЫНТЫҚ

Рухани жаңғыру

 

КЕШЕ МЕН БҮГІН

«Атамекен» арнайы ат басын тіреген Алға селосы көп тарихты бүгіп жатыр. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары Жайық жағасынан жаңадан үйлер тұрғызылып, кезінде сол жерге бірінші болып үйінің қабырғасын қалаған Құлтай деген кісінің атымен аталған ауылдың тарихы әріден басталады. Бастапқыда бес-алты қараша үйден тұрғызылған мекен 1957 жылы Табиғат-ананың тосын мінезіне тап болып, алапат су тасқынының астында қалады. Су шайған ауылдың жайы белгілі, тып-типыл болған ол жерге кейін жаңа үйлердің құрылысы салынып, апаттан кейін бой көтерген ауыл «Алға» деген атпен жаңа өмірін бастаған екен.
«Жайық өзенінің төменгі сағасында орналасқан ауылымыз күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Кезінде Алға жерінен шығысқа қарай Жібек жолы өткен. Сартоғай тұсынан өткен Исатай мен Махамбеттің ауыр қолы Алғаның қырлығымен Тайсойған, Жем жағына бағыт алып, ауылдан шамамен бес шақырым жерде жоңғарлармен қанды қырғын болған. Кейін жау қолы «Бес батыр – Жарқын» деген жерде біржола талқандалған. Бүгінде ел тарихына мемлекеттік деңгейде бетбұрыс болып жатыр ғой. Ауылымыздың осындай тарихи жағдайлары да зерттеліп, ұлтымыздың өткені қайта тірілсе…» дейді ауыл қарттары.
Рас, өз заманында бес-алты үйден тұрған Жайық жағасын қуалай орналасқан ауыл Алға болғалы көп өзгерістің ортасында отыр. Негізінен, мал мен егін шаруашылығын кәсіп етіп отырған ауыл халқы соңғы уақыттары кәсіпкерлікке бет бұра бастапты. Дүкен, тойханаларды былай қойғанда, алақандай ауылдағы тігін цехы үш жылдан бері жергілікті халыққа едәуір қызметін көрсетіп отыр. «Бастысы, ауылымызда бұрынғыдай үдере көшу жоқ. Жастарымыз үй салып, өз алдына шаңырақ көтеріп, ауылда тұрақтап қалып жатыр. Халық санында да едәуір өсім байқалады. Шүкір, келіндеріміз ел демографиясын көтеруге мейлінше атсалысып жатыр» деп масаттанады ауыл тұрғындары.
«Атамекен» бұған дейін аралаған екі ауылдай емес, Алғадан қалаға жақындықтың иісі кәдімгідей байқалып тұрды. Ең бастысы, елдің тыныс-тіршілігінде баяғыдай бұйығылық жоқ. Әйтеуір, мемлекеттік бағдарламалардың бір ұшқыны ауылға жетіп жатыр екен…

Арман:

АУЫЛ
ШЫҒЫСЫНА АҒАШ
ОТЫРҒЫЗЫЛСА…

Енді ауыл халқының мынадай тілегі бар. Мұнай мен газ өндіріліп жатқан Атырау өлкесінің экологиялық тұрғыда қиын жағдайда тұрғандығы белгілі. Халық осыған алаңдаулы. «Бізді қойшы, асарымызды асап, жасарымызды жасадық қой. Біздің келешек ұрпағымыздың жайы не болады? Оларға ластанған ауаны ғана мұра етіп қалдырамыз ба?» деп күмілжиді халық. «Сондықтан, біз ауылымыздың шығыс жақ бетінен жасыл желек өсірілсе дейміз. Осыған арнайы қаржы бөлінсе, Атырау -Индер тас жолының бойына ағаш отырғызсақ дейміз. «Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» демей ме қазақ?!» дейді олар.
Айтуларынша, жел негізінен ауылдың шығыс жағынан соғады екен. Қысы-жазы желдің өтінде отырған халықтың көретіні – осы. «Шығысымызда Қарабатан бар. Ауаға тасталатын зиянды қалдықтардың барлығы тікелей ауылға соғады. Сасық иісті былай қойғанда, оның салдарының қандай болатыны түсінікті. Адам капиталын дамытамыз десек, дені сау ұлт болып қалыптасуымыз үшін де, халық тілегі орындалуы тиіс» дейді алғалықтар.

Алаң:

ҚАСҚЫР ШАУЫП КЕТПЕЙ МЕ?

«Біздің үлкен жауымыз бар. Ол – қасқыр» дейді ауыл тұрғыны Кенесары Сүйін. «Әр қыс сайын арнайы бригада шығып, қасқыр қуып тұрамыз. Әсіресе, боранды күндері қауіп көп. Халық «қорадағы аз ғана малдан айырылып қалам ба?» деп күні-түні, әсіресе қыстың қараңғы түнінде әуре-сарсаңның үстінде жүреді. Даланың тағысы сосын көктем мезгілдерінде айтарлықтай көбейеді. Көктемде далаға мал бағудың өзі бір жатқан уайым. Әсіресе, саулық мал үшін қиын. Өрісте қоздайтын қой, бұзаулайтын сиыр болса, жанымызды шүберекке түйіп жүреміз. Түз тағысы өзі осындай сәттерді күтіп жүреді» деген ақсақал ауыл үшін оқ-дәрінің аздығы, қасқыр алу мәселесінің қиынға соғып тұрғанын айтты.
Ауылдың тағы бір тілегі – «кірме жолдар салынса, халық таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілсе…» деген арман.

Ерлік:

ӨРТТІҢ ОРТАСЫНАН ҚҰТҚАРҒАН

Ауылдың ішінде әңгіме жатқан ба? Сапар барысында төрт бірдей мектеп жасындағы балалары бар отбасының баспанасы өртеніп кеткендігін естідік. Көк түтінге оранып жатқан үйден төрт баланы ауыл тұрғыны, сол отбасының көршісі Равхат Қошалақов деген азамат аман-есен алып шығып, ерліктің үлкен үлгісін көрсетіпті. Бірақ, мұндай жағдайда әкімдіктің қолы қысқалау. «Заңдылықтың жоқтығы қолбайлау болды. Кейін ауыл асарлатып қаржы жинап берді. Бүгінде олар «времянка» салып алды. Алға қарай осындай төтенше жағдайларда жергілікті билік тарапынан шұғыл көмек көрсететін тетіктер қарастырылса ғой» дейді пікірлесіміз.

Ақжолтай:

БІЗ БІЛГЕН
ЖАҢАЛЫҚ

Біз барған ауылдың басты жаңалығы – Алғада жаңа емхана бой көтеріпті. «Бұл халықтың көптен ойында жүрген үлкен тілегі еді. Бұрын халық баракқа барып та ем-дом алып жүрді. Жыл аяғына дейін жаңа емхана есігін ашады. Бұл біз үшін үлкен жаңалық болып отыр» дейді ауыл тұрғындары.
Бүгінде отыз шақырымы аяқталып тұрған Атырау-Индер тас жолы алғалықтар үшін екінші жағынан кәсіп көзінің рөлін атқарып отыр десек те болады. «Аспаздарды, жалдамалы жұмысшыларды ауылдан тартып отырмыз. Біраз отбасы үшін бұл стратегиялық жол күнелту көзі болып отыр» деп атап өтті біз арнайы кездескен ауыл әкімі Сахи Оңдағани. Айтуынша, халықтың кей бөлігі өз кәсібін ашуға кәдімгідей бет бұра бастаған. «Бүгінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында екі шаруа қожалығына мал санын көбейту үшін, бір жұмыссызға шаштараз ашу үшін үш миллионға жуық қаражат алуға ұсыныс берілді» дейді ол. Ауыл кәсіп етіп отырған үшінші бір мамандық – таксистік көрінеді. «Қаламен қатынас нығая түсті. Ауыл сұранысын негізінен қала арқылы жауып отыр. Сол себепті таксистер де көбейді» деп атап өтті ауыл әкімі.
Тағы бір жаңалық, кей шаруа қожалықтары тамшылатып суару әдісін күнделікті қолданысқа енгізген көрінеді. Білуімізше, бір өндіріс кооперативі мен үш шаруа қожалығы он гектар жерге егін салып отыр. Бүгінде өнімді қалаға апарып сатып отырған оларға ұдайы сұраныс беруші тұтынушылар да біраз сияқты.
Бізбен әңгімесінде ауыл әкімі екі мәселені көтерді. Біріншісі, мектептегі спорт залының өте тарлығы. «Алға – волейболға жоғары деңгейде ден қойған ауыл. Мектеп спорт залы ауыл жастары үшін түнімен ашық тұрады. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Ауыл жастары спорт кешенін салуды ұсынып жүр. Осы мәселе шешімін тапса, көп нәрседен ұтар едік. Жастар уақытын тиімді пайдаланып, болашақ олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шыққан болар едік» дейді Сахи Оңдағани.
Біздіңше, өте орынды пікір. Өйткені, бос уақыты өте көп жастардың дені бүгінде бой сергітіп, баратын жердің жоқтығынан экстремистердің арбауына түсіп, жас өмірлерін қор қылып жатыр. Осындайда «жастардың тілегін ескерусіз қалдырмау керек екен ғой» деген ойдың келетіні де рас.
Екінші бір мәселе – мамандығы жоқ ауыл тұрғындарын тұрақты жұмысқа орналастыру жайы. «Маған халықтың дені негізінен жұмыс және жер телімі мәселесімен келеді. Соның ішінде бірінші мәселені шешу көп қиынға соғады. Он сегіз, он тоғызында жастай тұрмысқа шығып кеткен келіншектер жұмыс сұрайды. Шыны керек, ауылда бос жұмыс орны да жоқ. Олардың тек бір ғана жолы бар. Бұл – кәсіпкерлік. Қолынан келетін іспен шұғылдану. Бірақ, бұған үйде отырып қалған отаналары жүрексініп бара бермейді» дейді ауыл әкімі.
Тағы бір жаңалық, әбден ескіріп біткен ауылдың мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткелі жатыр. «Сыйымдылығы екі жүз орындық мәдениет үйінің негізі 1957 жылы қаланды. Содан бергі уақытта ғимарат бар болғаны екі күрделі жөндеуді ғана көріпті. Санаулы штатпен жұмыс істеп отырмыз. Жастарымыздың дені қалада. Енді музыканттар, хореографтар штаты берілсе, қосымша үйірмелер ашып, мектеп жасындағы балаларға жол көрсеткен болар едік. Өнерлі балалар жоқ емес, бар. Тек енді оларға бағыт беріп жіберу керек» дейді мәдениет үйінің директоры Ілес Нұрымұлы.
Жалпы, ауылда жаңалық жоқ емес, бар. Қи-тезек жинаудың дәурені әлдеқашан өтіп кеткен. Айшылық алыс жерлерден халық телефон арқылы шұғыл хабар алып отыр. Жарық өшпейді. Бұрынғыдай балалар сығырайған шамның астында жатып сабақ оқымайды. Мектеп пен балабақша күрделі жөндеуден соң жарқырап «мен мұндалап» тұр. Жайлау толған төрт түлік… Аядай ғана ауыл осылайша өз тірлігін кешіп жатыр.

Сөз соңы:

АЗҒЫР АФРИКАДА ЕМЕС…

Байқап отырсақ, бұл ауылда да жастарға жұмыс орны табыла қоймайды екен. Өйткені, аз ғана әлеуметтік нысандарда үлкендер жұмыс істеп жүр. Ауылға тұрақтағысы келген күннің өзінде жастарға әне бір айтарлықтай жұмыс орнының реті де жоқ. Рас, кәсібін ашуға болады. Бірақ, екінші деңгейлі банктер бүгінде ауыл адамдарының кепілдікке салған мүлкін қабылдамай, «жаңалық» ашып отыр емес пе? Осыдан соң кез келген адам қалай кәсіпкер бола алады? Сондықтан да, екінші деңгейлі банктер алдына осы жайтты нақты мәселе етіп қоятын уақыт әлдеқашан келген сияқты.
Тағы бір қосарымыз, кәсіпкер болған күннің өзінде өнімді өткізу шешілмеген үлкен проблема күйінде қалып отыр. Жақында құрманғазылық бір жерлесіміздің кір жуатын ұнтақ шығарып, онысын әмбебап маркеттердің қабылдамай, әуре-сарсаңға түсіп жүргендігін естіген едік. Дүкен атаулы халықтың көзі брендке үйренген деп, жергілікті өнімнің экологиялық тазалығына қарамастан, өздеріне жуытпайтын көрінеді. Өз өнімімізді өзіміз сатып алмасақ, оны өзге жұрт қайтсін? Сондықтан, кәсіпкер шығардық екен, енді оның өнімін тарату механизмін де ойластыруымыз қажет. Сонда ғана біз көздеген нәтижеге жетеміз.
Радиациялық ошақтың ортасы – Азғыр Африкада жатқан жоқ. Бәріміздің жұтып отырғанымыз – бір ауа. Сондықтан, ең болмағанда айнала ағаш егіп, оны күту – қолдан келетін іс. Алғадан алыстап бара жатқанымызда бізді мазалай берген ойлар осы еді…

Экспедицияға қатынасқандар:
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Гүлжан ӘМІРОВА, Айгүл БЕРДЕШҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Нұржан ҚҰСАЙЫНОВ.
Махамбет ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған