Махамбет музейі немесе батырдың кейбір қырлары

Screenshot 1 2 Қоғам

Индер ауданының Жарсуат ауылы – «Махамбет найзасының ұшы мен тұлпарлар тұяғының ізі қалған» бауырында ақберен батыр, дауылпаз ақын жатқан киелі топырақ. Өкінішке қарай, бұл ауылда мұрағаттың жоқтығынан жәдігерлерді тауып, жинақтау өте қиын еді.  Ұзақ жылғы ұстаздық жұмыс пен шығармашылық ізденістің нәтижесінде 2007 жылы тарихи-өлкетану музейі жасақталды. Кейбір қиындықтарға қарамастан мектептен «М.Өтемісұлы әдеби-мемориалдық» музейі де ашылды. Бұл жұмыс батырдың туғанына 210 жыл толу қарсаңында орындалды.

Screenshot_1

Махамбет бейітін 1958 жылы ғалым-жазушылар Қ.Жұмалиев пен Т.Жароков Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданының азаматы Қ.Бектұрғанов арқылы тауып, есімі қазақ елінің тарихында мәңгілік қалды. Құрақ ақсақал туралы сурет пен мәліметтер музейдің төрінен орын алды. Ақын сүйегін мәскеулік академик Герасимовтың шәкірті алматылық Н.Шаяхметов 1966 жылы қазып алып, ғылыми-зерттеу жүргізді. Ол жасаған Махамбеттің скульптуралық мүсіні мақұлданып, 1983 жылы қайта жерленіп, басында көп адам қатысқан қаралы жиын өтті. Қазақтың тұңғыш антрополог-ғалымы Ноэль Шаяхметов 1969 жылы «Ғасырлар тұңғиығынан («Из тьмы веков») кітабын жазды. Сирек кездесетін бұл кітаптың бір данасы автордың қолтаңбасымен музейде сақтаулы.

Музейде Махамбет күйлерінің шығу тарихы мен ноталарының бір тобы бар. Біз бұрын Махамбетті «шаруалар көтерілісінің ұйымдастырушысы» деп бағаласақ, бүгінде жауға қарсы найзасы мен отты өлең-жырлары және дауылды күйлерін қатар сілтеген батыр, күйші-композитор екендігіне көз жеткіздік. Қазақтың күй өнерін терең зерттеген ғалым А.Сейдімбек: «Махамбет – көшпелілер өркениетінің осынау жарық дүниемен шырқырап қоштасқан соңғы үні… Ол поэзияда қандай дара болса, күйде де сондай оқшау» дейді.

Қылышынан қан тамған «Қызыл империя» кезінде Жәңгірдің тұлғасы жөніндегі  бағалар Махамбет өлеңдері арқылы беріліп, оның тарихи еңбегі ескерусіз қалды. Қазақ даласында Жәңгір ханның ұйымдастырушылық пен көрегендігінің арқасында Хан ордасы, қазақ жерінде орыс үлгісіндегі дәріхана, қазақ-татар балалары мен қыздар мектебі және 1825 жылы мешіт салынды.

Бұл Еділ мен Жайық арасындағы қазақ даласын  шаруашылық, сауда-саттық пен мәдениет орталығына айналдырды. Исатай мен Махамбетпен бірге халықтың басым көпшілігі ханның реформаторлық жұмыстарын түсінбеді. Бірақ, Махамбет Жәңгірдің мықтылығын мойындады.

Махамбеттің: «Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім» – дегені – Исатай мен Махамбеттің ғана емес, Жәңгір мен әкесі Бөкейдің, барша қазақтың арманы.

Елбасы 1997 жылы қыркүйекте Орда қаласындағы Жәңгір хан кесенесінің ашылу салтанатында: «Біз халықтың рухын көтеруіміз керек. Жәңгір хандай білімді, оқыған, көп білген, барлық отбасымен халыққа шипасын тигізіп, ауру-сырқаудан алып қалған қандай адам болды екен?» – деді. («Егемен Қазақстан» газеті қыркүйек 1997 жыл)

Сөйтіп, музейдегі материалдар «Ж.Бөкейханұлының тарихтағы орны мен қызметі, халыққа қандай пайдасы мен зияны тиді» деген талдауға арналған. Бұл музейді аралаған Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов: «Біз мұндай музейді тек Алматы, Астана сияқты қалалардан ғана көретін едік» деп бағалады. Академик-жазушы З.Қабдолов: «Бұдан алған әсеріміз ұшан-теңіз, Махамбеттің ұрпақтары ұлы бабаның өлмегенін, өлмейтінін дәлелдеп, керемет өнер көрсетті» деп қолтаңба қалдырды. Жас музейдің жұмысын республикаға танытуда 2014 және 2015 жылдары Халықаралық байқауларға «тәуекел» деп баяндама жіберуге тура келді. Әлемдік конкурстың талабы өте жоғары, баяндаманы дүние жүзіне әйгілі ғалымдар кіретін ұйымдастыру алқасында талқылап, қорытындысында ғылыми жинаққа енгенде ғана конференцияға шақырту алатын, талабы тым қатал еді. Дегенмен, еңбегім сәтті бағаланып, 2014 және 2015 жылдары Өскемен мен Алматы қалаларында екі мәрте өткен дүниежүзілік ғылыми конференцияларға шақырту алдым. Әсіресе, Алматы қаласында өткен конференцияда ғалымдар «Махамбет қабілетінің кейбір қырлары» деген баяндамамдағы жаңа деректерді қуаттап, жоғары баға берді.  Қазақта: «Қасиеттісін қастерлей білмеген халық қасиетсіз!», «Ақынын жұртта қалдырған, батырын жауға алдырған ел ақылсыз» деген қанатты сөз бар.

1992 жылы қазанда республикалық дәрежедегі маңызы бар «М.Өтемісұлы қорығы мекемесі» құрылды. Махамбеттің 200 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді. Мереке қарсаңында Махамбеттің басына іргеден ұшар басына дейін 12 қырлы Батыс Қазақстандағы еңселі ескерткіш кесене салынды. Беріш ата белгісі өрнектеліп, күмбезі шалқайта киілген дулыға тәрізді кескінделіп, ұшар басына үкілі тастың орнатылуы мазарға батырдың айбынын беріп тұрғандай.

Исатайдың қазасынан кейін қайран Махамбеттің көңіл-күйі оның өлеңдерінен анық байқалады. Иә, осы бір Махамбеттің басындағы трагедияны жеңу үшін қолынан келгенше көмектескен адамдар болды ма? Болды. Ең алдымен, ауылда  қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленген марқұм  Төлебай Мырзалиевтың жұбайы ұзақ жылдар жұмыс істеп, бүгінде ұл-қызының қызығын көріп отырған  – Ақзиба ана. Ресейдің Орынбор облысы, Тепловск ауданы, Соболево ауылында туған. Біздің қайран Махамбет оған туыс болады. Бұл кісінің айтқан әңгімелері мен қолындағы құжаттары, бауыры Қайыржан Хасановтың «Байғұтты Шолаққамыс батырлары» дерегімен танысып, зерттеп, саралағанда бұған көзіміз анық жетті. Мектепке 1960 жылы батыр баба Махамбеттің есімі берілді.

Мектептің алдына 1988 жылы Махамбет ескерткіші орнатылды. Қазір жасыл желектің ортасындағы ескерткіш білім ордасының ауласын сәнге бөлеп тұр.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай туризмді дамытуда Қаройдың басындағы тарихи кешенге жолаушыларды тасымалдайтын арнайы көлік бөлінді. Ендігі шешімін таппай отырған мәселе – 2003 жылдан бері дәстүрлі «Махамбет жүлдесін» тапсыру қолға алынбай келеді. Болашақта мерейлі, салтанатты шарада бұл мәселеге көңіл бөлінсе, Елбасы тапсырмасының іске асуы болар еді. Биыл Махамбеттің туғанына 215 жыл толуына  орай осы ұсынысымыз қалыс қалмаса құба-құп.

 

Бисен АТАЛЫҚ,

ҚР Білім беру ісінің үздігі,

Индер ауданының Құрметті азаматы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Самал

    Қазіргі таңда еліміздің алдына қойған мақсаттары өте көп және олар күрделі. Дегенменде, өткен күнге тағзым ету шарт. Ең алдымен тарихымызды ұмытпауымыз және оны дәріптеуіміз қажет. Батырымызға салынған музей көзделген заттарға жетуге бір қадам ілгері жасауымызбен тең.