БАЛЫҚШЫДАН МИНИСТРГЕ ДЕЙІНГІ ЖОЛ

Адам өмірден өткен соң, соңында қалған ісі мен өнегесі оның бар ғұмырының мазмұнына айналары сөзсіз. Саналы ғұмырында атқарған қызметі мен лауазымы емес, ел жадында оның жүзеге асырған жарқын істері қалатыны белгілі.

Атырау – балық шаруашылығы өрістеген өңір. Осы саланың қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқан жандардың бірі – Ысқақ Өтеғалиев. 

«Қазақта «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген сөз бар. Мұны тілек деуге де, бата деуге де болатын шығар. Біз сол батаны орындаған ұрпақпыз деуге толық құқылымын. Дүниеге келуім де, өмірдегі алғашқы қадамдарым да, мектеп табалдырығын аттауым да өзгелердің өміріне қоянның көжегіндей ұқсас екені даусыз. Тек содан кейінгі өмір әркімде әртүрлі қалыптасты». Бұл – Ысқақ Махмудұлының өмірбаяндық «Жылдар мен жолдар» кітабынан үзінді. Расында да, әр адамның өмірі әр алуан.

***

… Ол – Атырау облысы Исатай ауданының Манаш ауылында туып-өскен, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақстан өнеркәсібінің еңбек сіңірген қызметкері». Жастайынан еңбекке етене араласып, адал еңбектің береке бастауы екендігін терең түсінген азамат.  

10-11 жасынан еңбекке араласып, жастық жалыны мен жігерін тыл жұмысына арнаған Ысқақ Махмудұлы 1946 жылы, небары он бес жасында соғыс кезіндегі жанқиярлық қызметіне орай «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Атырау-Астрахан тас жолының бойында, Гурьевтен 150 шақырым қашықтықта орын тепкен Андреев атындағы орта мектеп – Ысқақ Өтеғалиевтің алғаш әріп танып, «әліппе» оқыған алтын ұя ордасы. Бір қабатты тапал үй. Жапсарластырылған жалғама үйлердің әрқайсысында төрт-бес класс топтасып оқиды. Алыстан қарағанда сыртын әктеген ақшаңқан үйлер сонадайдан көз тартатын. Бәлкім, содан шығар, жергілікті халық оны «ақ школ» атап кеткен. Бүгінде талай жастың қанатын қатайтып, білім нәрін сепкен білім ордасының орны да жоқ. Десек те, өткен-кеткен жұрт  жалпы өңірді «Манаш» десе, әлгі мектептің орнын әлі де «ақ школ» деп атайды. Ол сол мектептің есігін ашты, Қожантаев, Қасымов сынды ұстаздардан тәлім алып, өмірлік ұстанымын қалыптастырды.

Жоғарыда аталған кітапқа топтастырылған Ы.Махмудұлының өмірбаяндық қолжазбаларында өмірден түйгендері, басынан кешкендер жазылған. «Әр заманның, әр кезеңнің өз ерекшелігі, өз қызығы болады ғой. Бүгінгі балаларға, мектеп оқушыларына қарап отырып, ойға қаламын. Бұрынғыдай пионер лагері жоқ, оқушылардың өндірістік бригадалары ұйымдастырылмайды. Бойда қуат пен қызу мол, оны жұмсайтын жер болмаған соң әлі өмірдің ащысы мен тәттісін білмейтін жасөспірімдер қылмысқа, келеңсіз істерге барады, есірткі шегеді, арақ ішеді, азғындық жолға түседі. Біздің кезімізде балалар ерте есеюші еді. Төртінші класты бітірген соң біз колхозда жұмыс істедік. Жаз бойы пішен жинадық, күзге қарай оны қора-қораға тасыдық. Бесінші кластан кейін шөп жинап, тасуды «жастарға» тапсырып, өзіміз пішен шабатын болдық. Қазіргі 15-16 жастағы балалардың ойыны қанбай жатады ғой. Сол кезде 10-11 жастағы біздің ойымызда ойын деген мүлдем болмайтын, «қашан бригадир келіп, жұмысқа алып кетеді?» деген сұрақ үнемі көңілде тұратын…» дейді ол. Расында да, еңбек ерте есейткен сол буынның бастан кешкен күні осы болатын.

Соғыс жылдарында балық шаруашылығы аса маңызды сала болды да, ондағы балықшыларға бронь беріліп, олар соғысқа алынбайтын шешім шығарылған болатын. Теңіз өңірінде орналасқан басқа колхоздар сияқты, «Қызыл балық» колхозы да бір ғана балық аулаумен айналыспайтын, оған қоса төрт түлік малы бар-ды. Ауылдағы азаматтардың бір тобы майданға кетіп, елде қалғандары көк теңізді тілгілеп, суды сүзгілеп жүргендіктен, ауылда қарттар мен әйелдер, өрімдей жастар қалды. «Басқа сенетін ешкіміміз болмағандықтан «мынау ауыр жұмыс» дегенді білмейміз, қайда жұмсаса сонда барамыз. Әлгі айтқан пішен шабу, жинау және қора басына тасу өз алдына, мал қораларын жөндеу, қи ою сияқты жұмыстар да, біздің міндетімізде. Кейде үш, көбіне төрт ай колхоздың жұмысында жүретінбіз» деген жолдар сол күндердің шынайы көрінісі еді.

Майдандағы жағдай қиындап, фашистер Сталинградқа таянған кезде Мәскеудің тәртібімен Гурьев-Астрахан темір жолын салу қолға алынды. Осы құрылысты тезірек жүргізу үшін Манашқа тыл армиясы жұмылдырылды. Ауылдық кеңестің атқарушы комитетінің төрағасы Батырбай Бозтаев пен колхоз басқармасының төрағасы Қуанәлі Құрмашев оларға орын бөліп, үйді-үйлерге орналастырды.

Темір жол салу үшін әзірлік жұмыстары басталып, тау-тау топырақ төселді, түйемен топырақ тасу жұмыстары балаларға жүктелді. Ал, немістер Сталинград түбінде талқандалған соң Гурьев-Астрахан темір жолын салу мәселесі кешеуілдеп, кейінірек мүлдем тоқтатылды.

«…Жұмысқа келген адамдарды басқа жаққа алып кетті. Біз басқа жұмыстарға кірістік. Бірақ, сол бірнеше айда бастан кешкендеріміз әлі күнге көз алдымызда тұр десем өтірікші болмаспын. Сол кезде жаудың ұшақтары Манаш үстінде талай «қалықтады», әкелген бомбы түріндегі «сый-сияпатын» төбемізден тастап жүрді. Кейін білдік, олар Каспий теңізінің үстімен Баку және Мақашқала жақтан келеді екен. Құмырсқадай құжынаған халық немен айналысып жатқаны оларға белгілі шығар, келеді де, не бомбы тастайды, не жұмыс істеп жатқандарды атқылайды. Содан қаза тапқандар есімде қалмапты, ал оққа ұшқан түйелерді көзімізбен көрдік. Қазақтың «өткен күннен белгі жоқ» дейтіні бар ғой, менің өткен күндерден қалған белгім – «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін»  деген медаль. Кейін үкімет омырауыма орден де, медаль де тақты, бірақ, осы медальдің орны бөлек…». Бұл да – осынау бір сұрапыл шақтың шынайы бейнесі-тін.

Бүгінде сол шақта қайнаған еңбек даласында атқарыл-ған қыруар еңбектің жемісін жылдар ағысы өшіріп барады. Зулаған уақыт өз дегенін жасап, бұғанасы қатпаған балалар мен тыл еңбеккерлерінің күшімен салынған жол табаны білінер-білінбес төбешіктерге айналғалы қашан?!

«Соғыс уақытында теңіз бойында және Нарында халықтың қалай қиналғаны әлі көз алдымда. Жұқпалы аурудан, аштықтан өлген адамдар көп болды. Олардың басым көпшілігі қырда отырғандарға қатысты болатын. Қыс қатты, шөп жеткіліксіз, мал қырыла бастады. Бірен-саран малын союға қимай, «шыдайық, көктем шығып, мал төлдесе аузымыз аққа тиеді ғой» деушілер аштан өлді. Олардан гөрі теңіздің жағасында отырғандардың жағдайы жақсы болған сияқты. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей, мүмкіндігі бары теңіздің жағасына барып, асымдық балығын аулайды, сорпасын ішіп, талғажу жасайды. Соғыс кезеңінің бір ерекшелігі сол, еңкейген кәріден еңбектеген сәбиге дейін қолы бос отырған адамды кездестіру мүмкін емес еді. Теңізден оралған кезде әкеміз үйде ау тоқитын, бұрыннан пайдаланып келе жатқандарын жамайтын. Біз оған көмектесуші едік. Бұған қоса анамыз жүн иіретін, қолғап, шұлық тоқитын. Сосын оларды ауылдық Кеңеске апарып, біреуден киім, біреуден тамақ жиналған соң майдандағы жауынгерлерге жіберетін…». «Жылдар мен жолдардағы» осынау жазбалар соғыс салқынының ел үшін аса бір қиын болғанын білдіртсе, екінші бір жағынан балық шаруашылығын кәсіп қылған өңіріміздің бейнесін бедерлейді.   

***

1946 жылдың бірінші қаңтарында «Қызыл балық» колхозына мүше болып қабылданып, көктемде, балық аулау маусымы басталғанда Қабдолғалым ағасымен бірге қайыққа отырып, көктемгі маусымды аяқтаған соң, күзгі маусымға аттанады. Н.Ахметов есімді звено жетекшісінің қарауына жіберіліп, тәжірибесі мол, білікті маманнан мол тағылым алып, балықшы кәсібінің қыр-сырына қаныға түсті.

Кейінірек, осы саладағы білімін молайта түсу мақсатында Гурьев балық өнеркәсібі техникумына түседі. Бұл оқу орнын тәмамдаған соң, Астрахан облысы Еділ-Каспий Мемлекеттік тресінің Теңізден балық аулау базасы жанындағы сейнер колоннасында шебердің көмекшісі, балық аулау колоннасының бастығы болды. Астрахан Балық өнеркәсібі мен шаруашылығының техникалық институтын бітіргеннен кейін 1959-1965 жылдары Гурьев және Маңғыстау Балық өнеркәсібі басқармасының бас инженері, бастығы қызметін атқарды. 1965-1980 жылдары Қазақ КСР Балық шаруашылығының министрі, ал 1980-1994 жылдары Қазақстан су қоймалары және биологиялық ресурстарды қорғау және қайта қалпына келтіру жөніндегі одақтық инспекциясының басшысы болды.

Іскерлік, шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланғаны да ел жадында.

Еселі еңбектің еленгені де бір бақыт десек, Ысқақ Махмудұлы «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен,  медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, КСРО Балық шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған.

Қатардағы қарапайым кәсіптен бастап, салалық министр деңгейіне дейін көтерілген Ысқақ Өтеғалиевтің есімі – ел жадында. Еселі еңбектің абыройға апарарын өз ісі, өз өмірі, өз өнегесі арқылы дәлелдеген ол жарты ғасырдан астам уақытын, саналы ғұмырының басым бөлігін балық шаруашылығы саласына сарп етіп, еселі еңбектің ерен үлгісін көрсете білді…

Гүлжан Әмірова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз