«МЕНІҢ ЖАНЫМ – ҚАЗАҚ»

дейді орыс қызы Елена Почиталина

Елена Яковлевнаны жұмыс орнына іздеп келіп жүздескенімізде, оның жұрт айтып жүрген әңгіменің анықтығына көзіміз жетті. Қазақша сөйлегенде мен деген қазақтың өзін жаңылдыратын орыс қызының зеректігіне тәнті болдық. Қазақша мақал-мәтелдеп сөйлегеніне қарап, қара сөздің майын тамызған маман ба дерсіз?

Облыстық кардиохирургия орталығында хатшылық қызмет атқаратын Елена бізді еш жатырқамай, бірден-ақ шешіліп сала берді.

 

– Қалайша қазақша білмеймін. Қазақтардың ортасында өстім. Кішкентайымнан құрбы-құрдастарым қазақтың қыздары мен балалары болды.

Көршілеріміздің көбі қазақ болғандықтан, біздің үйдің де бар әдет-ғұрпы қазақша қалыптасқан. Көзіміз көк, өңіміз сары болғанымен, тұрмыс-тіршілігіміз түгелімен қазақтанып кеткен, -дейді ол. – Әкеміз Яковлев Почиталин Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, Жеңісті Германияда қарсы алыпты. Өмірінің соңғы күніне дейін Атырауда жүргізуші болып, халық шаруашылығы жүгін тасымалдады. Анамыз Римма да бар ғұмырын еңбекпен өткізген. Бала кезімізден бізді баулып, қазақша үйренуге ықпал еткен осы әкеміз бен анамыз болатын. Олар бізге «Туған жерің – туған елің, демек тілі – туған тілің болуы тиіс»,-дейтін.

– Біз отбасында төрт қыз, бір ұл болдық, деп Елена әңгімесін одан әрі жалғады. – Өзім Астраханда оқып мамандық алып, екі-үш жылдай тігінші болып істедім. Соңғы отыз жылға жуық осы ауруханада іс жүргізуші хатшы болып жасаймын. Жалпы өзім орыс болғаныммен, жаным қазақ. Бүкіл тыныс-тіршілігім қазақша.

Жеке өміріңдегі қуанышыңмен бөліссек, – дедік оған.

– Неге болмасын. Өзім орыс ұлтынан болсам, ерім Паузин Вячеслав татар ұлтынан, дәнекерші болып істейді. Ұлымыз Николай тәрбиелі болып өсті. Осы ұлымыздың арқасында қазақпен құда-туыс болдық. Ақтөбе қаласына барып, Динара атты болашақ келінімізге сырға салып, одан соң үйлену тойын өткіздік. Бүгінде құдамыз, Зура құдағиымызбен құйрық-бауыр жегіскен тату-тәтті туыспыз. Софья есімді кішкене немереміз бар. Мұны өмірімнің қуанышты сәттері деп білемін.

Әңгіме орайында ол ұжымдастарын да ұмыт қалдырмады.

– Ұжымымызда бас дәрігер Марат Нұрышұлы бастаған бірнеше ұлттың өкілдері бір мақсатта еңбек етеді. Ал, қай отбасында той-қуаныш, наурыз, өзге де мерекелер болса, бірге атап өтеміз.

Айтпағым, қазақтар өте бауырмал, қонақжай. Өзге ұлттың өкілдеріне құрметпен қарайды. Оның үстіне, Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлтаралық татулықты, ынтымақ пен бірлікті сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы оңтайлы саясат ұстауы қуантады. Содан да өзге ұлттар мен ұлыс өкілдері Қазақстан деп аталатын кең шаңырақтың астында бейбіт те, бақытты ғұмыр кешуде. Сондықтан, Қазақстан, өзім туған Атырау жері – менің де, ұрпағымның да атамекені.

Расында емдеу орнындағы ақ желеңді дәрігерлер мен мейірбикелердің қайсысымен сөйлессеңіз де Елена Яковлевна Почиталинаның қашанда қазақ тілінің жанашыры, өзгелерге мейірім шуағын төгіп жүретін адами қасиетіне тәнті екендіктерін айтады.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Суретте: Е.Я.Почиталина.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз