ӘЗІРБАЙЖАН МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті базасында Әзірбайжан мәдениеті мен тарихы орталығы ашылды.  Ежелден бауырлас халықтар арасындағы осындай істің мұнайлы астанада  ашылуы екі елдің мәдени, ғылыми, рухани жағынан жақындауына жол ашары анық.

Әзірбайжан мәдениеті мен тарихы орталығының салтанатты лентасын қиған оқу орны ректоры Бейбіт Мамраев мұндай қадам мемлекеттер арасындағы достықты тереңдетіп қана қоймай, екі мемлекеттің жоғары оқу орындарындағы ұстаздар мен студенттердің бірлікте жұмыс істеулеріне жол ашатынын жеткізді. Сондай-ақ, Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Рашад Маммадовқа  Алғыс хат  табыстады.

– Түбі бір түркі жұртының мүддесін бір арнаға тоғыстыруды, тамырлас халықтарды жақындастыруды көздейтін Түркі кеңесін құру жөніндегі бастаманы да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің үшінші саммитінде Қазақстан Президенті бауырлас халықтар арасындағы білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігіне баса мән берді. Бүгінгі шымылдығын түріп отырған орталық та түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты арттыруға үлес қосады деген сенімдемін, – деген Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Рашад Маммадов бұл бастаманы аяқсыз қалдырмай, жүзеге асырған университет басшылығы мен ұжымына және «Новруз» әзірбайжан этномәдени бірлестігіне алғысын білдірді.

Құттықтаулар легін жалғастырған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова  атыраулық  делегацияның Әзірбайжан еліне жасаған сапары барысында Атырау мен Ширван қалаларының арасында бауырластық қарым-қатынас орнатуға байланысты декларацияға қол қойылғанын айтты.

Шара барысында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы Еркін Қадырғалиев, «Новруз» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльдар Мамедовтар да қос мемлекет арасындағы тарихи байланысқа жан-жақты тоқталды.

Заман талабына сай жарақталған орталықта Әзірбайжан елінің арғы-бергі тарихынан мол дерек беретін кітаптар, көркем дүниелер, мемлекет басшыларының еңбектері қойылған. Болашақта өзара байланыс жүйелі түрде жолға қойылмақ. Сонымен қатар, бас консул айтып өткеніндей, Әзірбайжанның оқу орындары мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессор- оқытушылар құрамы және студенттері арасында байланыс орнатып, жергілікті басқару, мәдениет пен ғылым салалары бойынша тәжірибе алмаса алады.  Мұның ғалымдар мен ізденушілерге пайдалы болатыны айтпаса да түсінікті. Ал, шара соңынан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулдығы арасындағы Меморандумға қол қойылды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз