Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «МЕНІҢ АМАНАТЫМ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТҰҒЫРЛЫ ЕТУ»

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдығына арналған форум өтті.
Форум барысында Мемлекет басшысы сөз сөйледі. Сондай-ақ, халықаралық бағдарлама қызметінің қорытындылары шығарылып, «Қазақстан - 2050» стратегиясын іске асыру контексінде ұлттың бәсекеге қабілеттігін қалыптастырудың жаңа міндеттері айқындалды.

«Ата-бабамыздың арманы болып келген тәуелсіздік біз үшін қымбат. Жүректің ең лайықты орнында тұратын осы Тәуелсіздік болуы керек» деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен «Болашақ» халықаралық стипендиясының мерейтойлық форумында ел жастарына азаттық рухын сақтауды аманаттады.

 

Креативті мамандар ядросы қалыптасуда

Егемен еліміздің ертеңі үшін қолға алынған ірі жоба – «Болашақ» бағдарламасы арқылы Қазақстанның барлық өңірлері үшін мамандар даярлануда. Форум барысында арнайы баяндама жасаған Президент осыдан бес жыл бұрын өткен «Болашақ» форумының 15 жылдық мерейтойын еске алды. «Онда мен Қазақстанның барлық өңірлерінің аталған бағдарламада өкілдердің болуын тапсырып едім. Бұл жұмыс дұрыс атқарылып жатыр. Бағдарламаға қатысушылардың тең жартысы Қазақстанның барлық өңірлерін, аймақтарын қамтып отыр. Алдағы уақытта шетелдерде оқуларын аяқтаған олар, дәл сол өңірлерге қайтатын болады. Бұл – аса маңызды мәселе» деп атап өтті Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті өз сөзінде жас ғалымдардың, педагогтар мен менеджерлердің креативтік ядросының қалыптасып жатқандығына айрықша маңыз берді. «Болашақ» білім жүйесінің локомотивіне айналды. Бір жағынан экономикалық-әлеуметтік кеңістікте әлемдік технология трансфертінің магистралі қалыптасты, екінші жағынан біздің «болашақтықтар» арқылы әлем Қазақстан туралы, оның халқы, салт-дәстүрі, әлеует мүмкіндіктері жайында көбірек біле түсті» деген Мемлекет басшысы стипендиаттардың шетелде жүріп «қазақстандық» атағын жоғары ұстағандары үшін жастарға деген өзіндік алғысын жеткізді. Президент атап көрсеткеніндей, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихи жетістіктерінде «болашақтықтардың» да үлесі бар. «Нарықтық экономика мен либералды саясатқа көшу жолында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің қадамдарымыздың негізін қалыптастыру үшін мамандар болған жоқ. Біздерге халықаралық деңгейдегі кәсіби білімі бар адамдар қажет болды. Сондықтан бізде жалғыз шығар жол болды. Яғни, біздің экономикамызды шұғыл жекешелендіріп, инвестиция тарту еді. Біздің елімізге, ондаған, жүздеген шетелдік инвесторлар келе бастады. Бірақ, олармен бір тілде түсінісіп, жұмыс істейтін кадр болған жоқ. Сондықтан сол кездегі біздің таңдауымыз дұрыс, стратегиялық болды деп ойлаймын» деген Елбасы  тәуелсіздік жылдарында «Қазақстан-2030» Стратегиясының мерзімінен бұрын орындалып, тиімді экономиканың қалыптасқандығын атап көрсетті.

Ғаламдық саясаттан өз орнын айқындаған тәуелсіз мемлекетіміздің басты межесі – әлемнің ең озық дамыған отыз елінің қатарынан ойып тұрып орын алу болып табылады. Форум барысында осы мәселеге тоқталған Президент  алдыңғы лекте  болу үшін, жастарымыздың ілімді, білікті болуы шарт екендігін атап айтты. «Күндіз-түні жұмыс істеген жұрт озады. Ең көп жұмыс жасайтын Оңтүстік Корея жұрты мен ең аз жұмыс істейтін гректерді салыстырған адам мәселенің мәнісін де айқын сезетін еді»  дейді Елбасы.  Өз сөзінде Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясының ел ертеңі үшін маңызына тоқталды. «Қара бастың емес, қарапайым халықтың қамы, бұл қол жетпес арман емес» деген Елбасы 2050 жылға дейін дүниенің көп құбылатындығын, бүгінгі позициясын барлық мемлекеттер бірдей сақтай алмайтынын да айтып өтті. «Диффузия секілді біреу өрге шығар, біреу құлдырап төменге ысырылар. Бірі алда болғысы келеді, жақсы өмір сүргісі келеді. Ендеше бәсекелестік те қатаң болмақ. Ал, келесі олимпиаданың жеңімпазы атану үшін чемпион ұдайы шынығуы керек. Біз тура сол жағдайда тұрмыз» деді Мемлекет басшысы.

Біздің ұлттық идеямыз – «Қазақстан-2050»

Мәжіліс барысында Президент «Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынды. Елбасы атап өткеніндей, «Қазақстан-2050» біздің ХХІ ғасырдағы ұлттық идеямыз. Ол біздің халқымыз ұмтылатын ұлы құндылықтарды, мақсаттарды айқындайды. «Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынамын. Сендер болмасаңдар мұны кім бастайды? 50-ші жылға дейін 37 жыл бар» деген Мемлекет басшысы қозғалыс құрылған жағдайда болашақтықтардың оның мән-мағынасын халыққа түсіндіру жұмыстарымен белсенді айналысулары керектігін баса айтты.

«Жалпы, ұлттық қозғалыс барша отандастарымызды ұлы іске жұмылдыруы қажет. Не үшін жасап отырғанымызды түсінуі керек. Бұл стратегия бүкіл халқымыздың мызғымас бірлігі мен зор жауапкершілігін талап ететін үлкен емтихан» деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел келешегін қалай көретіндігімен де бөлісті.

«2015-2016 жылдары Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі 20 мың долларға жетеді деп ойлаймын» деген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, сатып алу қабілеті бойынша бұл көрсеткіш одан да жоғары болады. «Бұл – орташа дамыған елдердің деңгейі. Шығыс Еуропа, Түркия секілді елдермен теңбіз деп саналамыз. Әрине, бұл жеткілікті деген сөз емес, оның бәрін біз істеп қойдық деп санауымыз керек. Бір кездері мемлекеттің қазынасында ұлттық валютамыз төл теңгені айналымға қосуға қаражат таппай қалған кездеріміз де болған. Ал, қазіргі қорымыз елдің алтын-валюталық резервін қоса алғанда 100 млрд. АҚШ долларына дейін жетіп отыр. Бұл – рекордтық меже», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Елбасы жаһандық деңгейде жүзеге асқан қазақстандық бастамаларға да тоқталып өтті. «Біз «G-global» жаһандық экономикалық бағдарламасын басқарып келеміз. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық еттік. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске де бастама жасады. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезіне бастама жасап, оны тұрақты өткізіп келеді. Осыған орай өркениеттер қақтығысына емес, өркениеттердің өзара түсіністігіне өз үлесімізді қосып жатырмыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Рас, әлемнің ең дамыған отыздығының қатарына Қазақ елі табиғи ресурстармен ғана емес, адам капиталы, халық санының мейілінше көп болуы сынды параметрлермен де енуі керек. Осы орайда Елбасы «Қазақстанға миллион тұрғыны бар тағы бірнеше қала қажет» деп мәлімдеді.  Өз сөзінде Президент елдің әрбір өңірі «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға өз үлесін қосуы тиістігін баса айтты. «Біз Астананы, жаңа елордамызды салдық. Қазақтар өз тарихында алғаш рет өз астанасын қай жерде салу керектігін белгілеп, бой түзетті. Астанаға қарап, қалған барлық облыс орталығы даму үстінде» деген Елбасы ғылымды дамыту үшін ірі агломерацияның қажеттігіне қатысушылар назарын аудартты. «Алматының     халқы 1,5 миллионға жақындап қалды. Астанада да миллионға тақау бар. Біздерге тағы да бірнеше қала керек. Менің ойымша, миллион тұрғын тұратын қалалар қатарында Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды және басқа да қалалар бола алады» деді ол.

Ғылым мен экономика қатар дамуы керек

Азық-түліктің, тұщы судың тапшылығы – ғаламдық деңгейдегі ең басты деген қауіп-қатерлердің бірі болып табылады. Стипендианттармен кездесу барысында осы мәселеге де тоқталып өткен Елбасы  2050 жылға қарай адамзаттың азық-түлікке сұранысы 2 есеге, тұщы суға 1,5 есеге артатындығын жеткізді. 

Президенттің пайымынша, жақын дәуірдегі басты мәселенің бірі – Жер шарының шектеулі ресурстарына орай миллиардтаған адамды қалай тамақтандыру турасында болмақ. «БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, азық-түлікке бағаның жоғары болуынан, тапшылығына байланысты көптеген елдер жапа шегеді. Сондықтан да, біз Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Израиль елдерінің ауыл шаруашылығын қалай көркейтіп жатқанына баса назар аударатын боламыз. Жалпы, біз ауқымды ауылшаруашылық аумағына иеміз: 40 млн. гектар егістік, 280 млн. гектар жайылымдар бар. Бұларды қалай пайдаланып жатырмыз? Өте нашар. Біз гектарына 13 центнер алғанға бөрікті аспанға атамыз. Ал қасымыздағы Қытай гектарына 20-30 пайызға жоғары алады. Мінеки, біз ауыл шаруашылығына нағыз ғылым ретінде қарай алмай отырғанымызға осы ғана айғақ бола алады» деген Елбасы болашақтықтарға осы ғылыммен түбегейлі айналысуды міндеттеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы перспективасының барынша айқын екендігін айтты. «Бұл жерде ешқандай да қиял-ғажайып дүние жоқ. Біз «2030» дегенде де «бұл не қылған жоспар, бұл не қылған сәуегейлік» деп шыққандар да болып еді. Мына 2050 жылғы стратегияны да біз мерзімінен бұрын бітіреміз, мен мұны анық білемін» деген Президент сөзінің астарында ел жастарына деген ерекше сенім мен міндет жатыр.

Бүгінгі жас бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, өз ісінің хас шебері ретінде қалыптасқан маман болуы керек. Біздің мамандарымыз ғаламдық интеграциядан шет қалмауы тиіс. Жаңалықтардан ғана тұратын ғылым мен заманауи технологияға негізделген экономиканы қалыптастыра алған жағдайда ғана біз өз межемізді бағындыра аламыз. Елбасының болашақтықтармен кездесіп, мемлекеттің     стратегиялық ұстанымдарымен бөлісуінің мәні де осында жатыр…

«Қаз Ақпарат».

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз