
Журналистер дәлдік пен шеберлікте сынға түсті
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы өңірдегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

Шара барысында журналистер әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, сарбаздардың қызмет барысындағы түрлі бағыттағы даярлық жұмыстарын көзбен көрді. Қатысушыларға әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілері, сарбаздардың киім-кешегі, казарма мен асхана жағдайы, сондай-ақ кинологиялық қалашық таныстырылды.
Баспасөз турының қызықты әрі жауапты сәттерінің бірі — Макаров тапаншасынан ату сайысы болды. Журналистер 25 метр қашықтықтан дәлдікке атып, өзара шеберліктерін сынға салды. Бұл сайыста ептілік пен сабырлылық танытқан тілшілер үздік нәтижелер көрсетті.

Шара соңында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Бекайдар Қазкеев сөз сөйлеп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өзара ынтымақтастық пен ел қорғанысы бағытындағы тығыз байланыс үшін алғыс білдіріп, бірқатар журналистерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, мергендік сайысында көзге түскен қатысушыларға дипломдар мен медальдар тапсырылды.
Іс-шара естелік суретке түсумен қорытындыланды.