Жол апаты болған жағдайда полиция шақырмастан хаттама рәсімдеуге рұқсат берілді
Енді жол көлік апаты болғанда 2 тарап хаттаманы полиция қызметкерлерін шақырмай-ақ рәсімдей алады, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Сондай-ақ оларға оқиға орнында сақтандыру төлемін алуға онлайн түрде өтініш жіберуге мүмкіндік беріледі. Бұл туралы бүгін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, келер жылдан бастап осындай өзгерістер енгізіледі. Енді сақтандыру төлемін алу үшін компанияның кеңсесіне келудің қажеті болмайды. Әр адам сақтандыру мекемесінің сайтында жеке кабинетін ашып, сол жерден бүкіл ақпаратты ала алады. Порталда төлем сомасы мен мерзімі көрсетіледі.
“2024 жылдан бастап сақтандыру төлемдерін онлайн форматта реттеу енгізіледі. Нәтижесінде азаматтар үшін қаражатты алу процедурасы әлдеқайда жеңілдейді. Және де бұл өзгерістер жүйенің ашықтығын қамтамысз етеді. Әр адам жеке кабинеті арқылы компанияның әрекеттеріне мониторинг жасайды”,- деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.
Pixabay.com суреті