Жең ұшынан жалғасқан…
Парламент Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай мен ЖСДП жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Берік Жағыпаров Атырау өңіріне сапары барысында «жемқорлықпен күрес – бүкілхалықтық іс» тақырыбында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалы ұйымдастырған кездесуге қатысты.
Мінбердегі мәселелер
Мемлекеттік органдар мен партия өкілдері ашық алаңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, алдын-алу жұмыстарын ширату және өзге де мәселелерді талқылады. Жиынға модераторлық еткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрайнаш Камалова қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда әрбір адамның азаматтық жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті.
Мінберден талай мәселені көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай қабылданған заңдар халыққа пайдасын тигізіп, елдің дамуына ықпал ететініне сенімді.
– Парламентте алты саяси партия бар, барлығы да ел мүддесі үшін жұмыс істеуде. Таяуда ғана лудоманияға қарсы заң жобасын түрлі тараптан туындаған кедергілерге қарамастан Сенат мақұлдап, Президент қол қойды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу, бюджет бойынша заңнама жобалары депутаттардың назарынан тыс қалмады. Біздің партия сыбайлас жемқорлық бойынша жұмыс жасауда. Бір ескеретіні, құқық қорғау органдары дәлелдемей ешкімді жемқор деп айтуға болмайды. Бірақ, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деректердің бар екені жасырын емес, — деген халық қалаулысы деректерді тілге тиек етті.
Бюджеттегі маңызды мәселе
Бұдан бұрын Мәжіліс отырысында Наурыз Саятұлы елдегі білім саласындағы жемқорлық мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдаған болатын. Оның айтуынша, өткен жылы 192 қылмыстық іс қозғалып, 13 млрд. теңге жымқырылған. Сондай-ақ, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облысы мен Алматы қаласында жемқорлық фактісі көп тіркелген. Осы тұста Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде Наурыз Саятұлы бюджет саласындағы маңызды мәселелерді тізбектеді.
– Бұл мәселе жаңа кодекс қабылданған соң шешімін табады. Бюджет үдерісінің ашықтығы, оған қатысушылардың жауапкершілігі мен дербестігі арта түседі, — деген депутатқа жиынға қатысушылар ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Заңсыздыққа «нөлдік төзбеушілік»
Облыстық прокуратураның прокуроры Сайтдолла Дауешов аталған мәселеге қатысты құзырлы орган тарапынан жұмыстар атқарылып жатқанын, «әр адамда заңсыздыққа қарсы нөлдік төзбеушілік болуы керек» екенін айтты.
Сондай-ақ Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов «заңды айналып өту» деректері зерделенетінін атап өтті.
– Былтыр білім мен денсаулық саласы зерделенді. Ол бойынша жауапты органдарға халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мекеме қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу ұсынылды. Жалпы, кейбір нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу керек. Олай дейтінім, түрлі бағдарламаға қатысып, грантқа ие болғандар «кәсіп бастаймын» деп жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Кейін қаржыны ұтып алған кәсіпкер белгілі бір уақыттан соң кәсібін жауып тастайды, — деген ол бюджет қаржысына жауапкершілікті арттыру туралы ұсыныс білдірді.
Айтарым бар…
Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Кәмшат Шошахова құқықтық мәдениет балабақша мен мектептен қалыптасуы керектігіне тоқталды. Білім саласының өкілі «бюджеттік жоспар мен бөліністің ашықтығы және осы жүйе бір орталықтан басқарылғаны тиімді» деген пікір айтты. Сондай-ақ мектептегі сынып жетекшілерінің еңбегіне төленетін төлемді қайта қарауды ұсынды.
Осы тұста «Байтақ» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Руслан Күмісқалиев «Ауыл аманаты» бағдарламасына туризм саласын және салық кодексіне техника құралдары үшін төлейтін төлем түріне өзгеріс енгізуге назар аударуды сұрады. Ол «меніңше жүрмейтін, ешқандай қызмет атқармай тек тұрған машина үшін салық төленбеу керек» деген ұсынысын депутат назарына ұсынды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің басшысы Шыңғыс Мұханбетқалиев оқу орнында жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтау және оның алдын-алу бойынша жұмыстар күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай жиын барысында айтылған мәселелер мен ұсыныстарды Мәжіліс мінберінде көтеруге уәде етті.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА