
“Жас бүркіт” Ұлттық ұланның абыройын асырды
Көршілес Ақтөбе облысында биыл Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери-патриоттық қозғалыстарына мүше 800-ге жуық жастың басын қосқан ірі халықаралық іс-шара өтті. Бұл маңызды жиын Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және ерлігімен ел жадында қалған қаһарман қызымыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналды.

Жалпы саны 51 команда қатысқан бұл жарыс әскери-патриоттық рухты арттырумен қатар, жас ұрпақ арасында достықты, ынтымақтастықты нығайтуды көздеді. Түрлі сайыстар мен жарыстарды қамтыған іс-шара аясында қатысушылар өздерінің физикалық дайындығы мен зияткерлік қабілеттерін сынап, нағыз командалық бірліктің үлгісін көрсетті.
Осы мәртебелі додада Ұлттық ұлан атынан сынға түскен “Жас бүркіт” әскери-патриоттық клубы жас сарбаздардың үздік дайындықпен келгенін дәлелдеді. Әскери тәртіп пен ұтқырлық, топтық үйлесім мен батыл қимыл – барлығы “Жас бүркіттің” әр іс-қимылынан көрініп тұрды.
Нәтижесінде, Ұлттық ұланның намысын қорғаған “Жас бүркіт” клубы жүлделі үшінші орынды жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Бұл жетістік – тек бір клубтың емес, Ұлттық ұлан жүйесінде жүргізіліп жатқан әскери-патриоттық тәрбиенің жемісі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі