
Жаңа Салық кодексі: Ерекшелігі неде?
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды.
Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді: 2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан –10 пайыз. Бұл ретте Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтер, Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, сондай-ақ баспа түріндегі кітап шығару, археологиялық жұмыс жүргізу қызметтері ҚҚС-тан босатылады. Мерзімді баспа басылымдарды өткізу бойынша 10 пайыз деңгейінде төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленеді.
ҚҚС бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке (40 миллион теңге) дейін төмендетіледі. Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан (БЗЖҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Пайдаланылу мерзімі 10 жылдан жоғары автомобильдер үшін көлік құралы салығы төмендетілді.
Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік салықтық шегерімдер 882-ден 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Салықтардың саны азайды: бірыңғай жер салығы қысқартылды, жеке төлемақылар бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны кемітілді. Арнаулы салық режимдері оңтайландырылды. Енді олар үш жағдайда қолданылады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа қожалықтары үшін. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлемдерді мобильдік қосымша арқылы есептеп, төлей алады.
Корпоративтік табыс салығы (КТС) 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі. Атап айтқанда, банктер (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) мен ойын бизнесі үшін – 25 пайыз. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады. Қор нарығын ынталандыру үшін биржалық құнды қағаздарға төленетін дивиденттерге салық жеңілдіктері сол күйі сақталады.
«Бәйтерек» холдингі шығарған құнды қағаздардан түсетін кіріс 2031 жылға дейін КТС-тен босатылады.Пайдалы қазбаларды өңдеу мен геологиялық барлау саласы үшін қосымша преференциялар қарастырылған. Атап айтқанда, тиімділігі төмен жаңа учаскелер 5 жылға пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылады.
Жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті мөлшерлемесі енгізіледі. Жылдық жалпы табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтарға 15 пайыз салық мөлшерлемесі қолданылады. Сол сияқты дивиденттері мен табыс көлемі жылына 230 мың АЕК-тен асатын кәсіпкерлер осындай мөлшерде салық төлейді. Ал фермерлердің осы межеден асатын табысына бұрыннан сақталған 70 пайыз жеңілдікті есепке ала отырып, 4,5 пайыз салық салынады.
Жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 миллион теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды.
Салықтық әкімшілендіру тәсілдері айтарлықтай өзгереді. Камералдық бақылау ескерту сипатында болады. Салықтық берешекті өндіріп алу, төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігін беру процедуралары жеңілдетіледі. Салық берешегі аз болса, бизнестің есепшоттары бұғатталмайды. Қарыз сомасына қарай ескерту және басқа да шаралар кезең-кезеңімен қолданылады.
Айта кетейік, кодекс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Жаңа Салық кодексіне байланысты редакцияға хабарласқан оқырмандар бар еді. Бүгін солардың бірқатарын жариялап отырмыз.
Ұсыныс. Пікір. Тілек.
Негізгі бағыттар қамтылды
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Салық кодексі республика бойынша салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Президент айрықша назар аударуға тұрарлық елеулі өзгерістер төңірегінде корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағыттарды атап өтті.
Тоқтала кетер жайт және құжаттың басты жаңалығы ретінде айтарымыз, кодексте қосылған кұн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі: 2026 жылдан – 5, ал 2027 жылдан – 10 пайыз көлемінде белгіленетін болып болжамдалды. Бір сөзбен түйіндегенде, жаңа жылдан бастап күшіне енетін Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер салық төлеушілер үшін де, мемлекеттік кірістер саласындағы қызмет құрылымдары үшін де тиімді әрі оңтайлы болады деген ойдамыз.
Жасұлан ӨТЕШОВ, қаржы және салық қызметінің ардагері
Бизнес саласындағы ашықтық
Салық жүйесі бүкіл мемлекеттік құрылымның тірегі екендігі белгілі. Демек оның тиімділігін арттыру қажеттілігі туындап отыр. Иә, Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқаратыны, салықтардың саны 20 пайызға азаятыны, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылатыны белгілі болуда. Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды.
Тоқтала кетері, жаңа Салық кодексінде бизнес үшін есеп беру азайды. Барынша ашықтық жасалып отыр. Салықтық реформалардың негізгі мақсаты – мемлекеттік бюджетті толықтыру ғана емес, экономиканың тұрақтылығын сақтау болуы тиіс. Ендеше, салық мөлшерінің нарыққа тигізер ықпалын жан-жақты сараптап, бизнесті қолдау тетіктерін қарастыру қажет.
Б.ӘБІЛЖАНҰЛЫ,жеке кәсіпкер
Сенімділікті қалыптастырудың кепілі
Жаңа Салық кодексі – еліміздегі салық жүйесін жеңілдетуге, әділетті етуге және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты әрі уақытылы қадам. Ең алдымен, салық есептілігінің 30 пайызға қысқаруы – шағын және орта бизнес үшін үлкен демеу. Бұл – кәсіпкерлердің салық органдарымен өзара іс-қимылын жеңілдетіп, ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Салықтардың жалпы санының 20 пайызға азаюы әкімшілік кедергілерді азайтып, салық жүйесін барынша икемді әрі түсінікті етеді. Жеңілдіктер мен алымдардың оңтайландырылуы – салық саясатының ашықтығын көрсетеді.Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салығынан бастап, инвестицияларды ынталандыруға дейінгі барлық маңызды саланы қамтып отыр. Бұл – елімізде ұзақ мерзімді инвестициялық тұрақтылық пен сенімділікті қалыптастырудың кепілі. Салық жүктемесін қайта бөлу арқылы экономиканың белсенді секторларын қолдап, бизнестің өркендеуіне жол ашылады.
Менің ойымша, бұл жаңашылдықтар салық төлеуші мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, ұлттық экономиканың өсіміне серпін береді.
Әлия СҰЛТАНОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті экономика және құқық факультетінің стратегиялық даму және ғылым жөніндегі декан орынбасары
Ауылдағы шаруаның тынысын ашады
Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексі аграрлық саладағы кәсіпкерлер үшін үлкен демеу болды деп есептеймін. Әсіресе, салықтардың санын азайту, есептілікті жеңілдету және арнаулы салық режимдерін оңтайландыру – ауылдағы нақты жұмыстың бағасын білетін әр шаруаның көптен күткен жаңалығы.
Бүгінгі таңда шаруа қожалықтарының басты мәселелерінің бірі салықтық есеп-қисаптың ауыртпалығы болатын. Енді жаңа Салық кодексіне сәйкес, арнаулы салық режимі тек үш бағытта қолданылады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация және шаруа қожалықтары үшін. Бұл салықтық түсініспеушіліктерді азайтып, жұмысты нақты жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мобильдік қосымша арқылы төлемдерді есептеп, төлеу мүмкіндігі – цифрландырудың ауылға келгендігінің айқын көрінісі. Бұрын аудан орталығына барып, кезекте тұрып төлейтін салықтар енді қолжетімді әрі түсінікті болады деп сенемін. Бұдан өзге ескі көліктерге салынатын салықтың төмендеуі – ауыл шаруашылығында жиі қолданылатын байырғы техникалар үшін үлкен жеңілдік.
Жаңа Салық кодексі ауылдағы кәсіп иелерінің еңсесін тіктеп, бейнетінің бағасын арттыратын нақты қадам. Енді тек осы өзгерістерді жергілікті деңгейде дұрыс түсіндіріп, жүзеге асыру маңызды. Бұл – мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайтатын маңызды реформа.
Жеңіс ӘБІЛҚАЙЫРОВ, шаруа қожалығының басшысы