Жалған ақпараттан сақ болыңыз
Қазір әлеуметтік желіні жалған ақпараттар жаулап алып жатыр. Тіпті, «бір жерде жарылғыш зат қойылған» деп құқық қорғау органдарына қоңырау шалатындар да бар. Біз облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Мейірім Ердәулеттен мәселенің мәнісін сұраған едік.
– Жыл басынан бері жалған ақпарат берген 6 дерек тіркелді. Көп жағдайда «102» пультіне жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіретіндердің басым бөлігі жасөспірімдер. Жалпы, «жарылғыш зат қойылған» деп хабарлаған адам ҚР ҚК-нің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша жауапқа тартылады. Ал, анықталған адам 14 жасқа толмаса, онда ата-анасына ҚР ӘҚБтК 127-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, — деді полиция өкілі.
Расында, төтенше жағдай, болмаса қоғамда резонанс тудыратын мәліметтер тарату – жай ғана бұзақылық емес, қылмыстық жауапқа тартылатын әрекет екені түсінікті. Заңгерлердің айтуынша, телефонмен өтірік мәлімет беретіндер жазасының қаншалықты ауыр екенін екшеп жатпайды екен. Мұндай жандар бұл әрекетті көбіне әзілдеп көңіл көтеру немесе масаң күйде жасайды.
Жуырда WhatsApp мессенджерінде «Google-да жұмыс істеуге іріктелдіңіз. Келісімді растау және бос орынға орналасу үшін сілтеме арқылы өту қажет» деген хабарлама таралды. Stopfake.kz сайтына сүйенсек, бұл ақпарат жалған.
«Google – қазіргі замандағы ең ірі және беделді компаниялардың бірі. Онда жұмыс істеген үлкен мәртебе. Компания өз қызметкерлеріне икемді жұмыс уақытын, қолайлы жағдайлар, жайлы кеңселер және басқаларын ұсынады, мұндай басқа компанияларда жоқ. Google-дың компанияға тиесілі емес WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мыңдаған адамды жұмысқа тартпайтыны түсінікті. Жұмыс іздеушілер компанияға түйіндемені өздері жіберуі керек. Мұны қалай жасап, Google қызметкері болу үшін қандай кезеңдерден өту керек екендігі ресми сайтта егжей-тегжейлі жазылған. Демек, WhatsApp-та таралған хабарламаның Google-ге ешқандай қатысы жоқ. Оны авторлар пайдаланушыларды алдау үшін жасаған. Мұндай хабарламаларға сенбеген жөн» деп жазылған ресми сайтта.
Аталған сайт WhatsApp-та таралған елордалық қосалқы станцияда болған жарылыстың суреті де фейк екенін анықтады. Бұл 8 жыл бұрынғы видеожазбаның кадрынан алынған суреттің Қазақстанға қатысы жоқ болып шықты.
Сондықтан, жалған хабарлама жарға жықпасын деген әр адам қоңырау шалудың алдында ойлану керек. Өйткені қаскөй кейін қанша өкінсе де, ол қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА