Заңсыз шетел асқан активтер қазынаға қайтарылды
Президент пәрменімен елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару ісі жалғасып жатыр. Бас прокуратура тапсырманы орындау барысында атқарылған шараның біршамасын бөлісті, — деп хабарлайды Egemen.kz.
Құзырлы орган қазіргі уақытта елдегі 1 мыңнан астам және шетелдегі 150-ден астам мүлік объектілеріне, 650 млрд. теңгенің бағалы қағазына талдау жасап жатыр. Сондай-ақ елімізде 200-ден астам және шетелде 140 банк шоттары анықталды, нәтижесінде 2 трлн. теңгеге жуық күдікті транзакциялар бақылауға алынды.
Премьер-министрдің басшылығымен комиссия 325 млрд. теңгеден астам сомаға активтерді мемлекетке қайтару туралы келісім мен талапты мақұлдады, оның ішінде 272 млрд. теңге ақшалай қаражат. Қайтарылған қаржы маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады.
Еліміздегі және шетелдегі құны 50 млрд. теңгеден асатын активтер мемлекет меншігіне берілді. Олардың ішінде бірқатар стратегиялық кен орындары, монополистік компаниялар, ондаған мың гектар жер, сондай-ақ өндіріс объектілері, қонақ үйлер, бизнес орталықтары, виллалар, пәтерлер, сәнді көліктер, зергерлік бұйымдар және тағы басқалар бар.
«Активтерді қайтару процесінің тағы бір маңызды бөлігі — әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру. Мәселен, тізілімдегі тұлғалар өз еркімен қызметтерін ерекше қажеттіліктері бар адамдар және басқа да әлеуметтік осал топтар тегін пайдалана алатын, құны 5 млрд. теңгеден асатын заманауи мәдени-ағарту орталығын салынуға міндеттеме алды», делінген Бас прокуратура хабарламасында.
2022 жылдан бастап экономиканы демонополизациялау шараларын қоса алғанда жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн. теңгенің активтері, оның ішінде, шетелден 750 млн. АҚШ доллары мемлекетке қайтарылды.