Жарнама
Құқық

Заң мен тәртіп — қоғам темірқазығы


Жастардың бойында құқықтық мәдениетті орнықтыру – мемлекет тұрақтылығының, қоғам тыныштығының негізі. Бұл туралы Атыраудағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Құқықтық мәдениет – саналы ұрпақ кепілі» тақырыбында өткен “дөңгелек үстелде” жан-жақты айтылды.

1cb42a64 4333 4290 b368 dba496e114c6

Жиынға Ассамблея жастары мен О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің студенттері қатысты.
Шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет сезімін қалыптастыру, өз құқықтары мен міндеттерін жете түсінуге баулу.
“Дөңгелек үстелді” ашқан «Қоғамдық келісім» мекемесінің бас сарапшысы, кәсіби медиатор Гүлнәфис Жармұханбетова құқықтық мәдениет тек заңды білумен шектелмейтінін атап айтты.
– Бұл тек заңды білу емес, сонымен қатар оны құрметтеп, күнделікті өмірде қолдана білу. Әр жас өз құқығы мен міндетін толық түсінгенде ғана елге адал қызмет ететін азамат болып қалыптасады. Бүгінгі шара – сол тәрбиенің бастамасы, — деген ол пікірімен бөлісті.

30cac729 15e2 49d2 8460 08488711a5d7

Сондай-ақ аталмыш мекеменің бас сарапшысы Мұратбек Сәттіғұл заңға құрмет әр адамның ішкі жауапкершілігінен басталатынына тоқталды.
– Жас ұрпақтың бойына бұл құндылықтарды ерте бастан сіңіру – біздің ортақ парызымыз. Осындай мазмұнды кездесулер жастардың ой-өрісін кеңейтіп, құқықтық көзқарасын қалыптастыруға жол ашады, — деп атап өтті ол.
Ал мекеменің тағы бір бас сарапшысы Шынаргүл Темірбаева құқықтық сауаттылық қоғам кемелденуіне бастайтынын айтты.
– Заңды білетін жас – өз құқығын да, өзгенің де құқығын құрметтей алатын азамат. Біз осындай кездесулер арқылы жастардың еркін ойлауына, заң аясында әрекет етуіне жағдай жасаймыз, — деген пікірін білдірді.
Кездесу барысында жастар еркін пікір алмасып, күнделікті өмірде кездесетін түрлі құқықтық жағдайларға қатысты ойларын ортаға салды. О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің студенттері де белсенділік танытты. Әсіресе, «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару» бөлімінің студенттері Сабыржан Аманжан мен Ахат Қанат замандастарының көзқарасын нақты әрі шынайы жеткізді.
– Құқықтық сауат – қазіргі заманда әр адамның қорғаны. Өз құқығыңды білу – әділетті өмір сүрудің негізі. Біз үшін мұндай шаралар өте маңызды, — деді Сабыржан Аманжан.
Ал студент Ахат Қанаттың пікірі «құқықтық мәдениет – адамның ішкі тәртібі, ар-ұяты мен қоғам алдындағы жауапкершілігі» дегенге саяды.
— Заңға құрмет – бұл елге құрмет. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін құқықтық сауаттылықты мектептен бастауымыз керек. Осындай басқосулар жиі ұйымдастырылып тұрса, жастар үшін өте пайдалы болар еді, — деді белсенді жас.

5d296a5b 0fc7 4919 9d37 55403333b70e

Жиын барысында жастар «Білгенге маржан» атты құқықтық викторинада өз білімдерін сынап, заң нормалары туралы танымдарын кеңейтті.
Қорытынды сөзінде ұйымдастырушылар құқықтық мәдениет – ел болашағы үшін маңызды рухани құндылық екенін атап өтті. Жастарға заң алдындағы жауапкершілік, өз құқығын білу мен қорғау жолдары жөнінде бағыт-бағдар беріліп, мұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button