Жарнама
Құқық

Тәуелсіз сот – ел тірегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы наурыз айында «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауында; Конституцияның ең жоғары заңдық күші барын, Ата Заңымыз еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі екенін, елімізде Конституциялық сот құрылатынын, өлім жазасына тиым салу туралы шешімді біржола бекітіу үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу керектігін, құқық қорғау мәселелерін үнемі жетілдіріп отыру қажет екенін, барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін еместігін, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауларына кепілдік берілетінін, алқабилер қарауына берілетін істердің саны кеңейетінін, бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік беретінін айтқан болатын.

Тарихқа көз жүгіртсек, Ата заңның қайнар көзі, түп тамыры сонау ғасырлар қойнауындағы «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз-Тәу­кенің «Жеті жарғысынан», яғни дәстүрлі құқық бастаулары ретін­де танылатын осы негізгі үш дала «конс­титуциясынан»  бастау алатынын білеміз.

Осыдан 31 жыл бұрын, яғни 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республи­касының мемлекеттік тәуелсіздігі тура­лы» Конституциялық заң қабылданып, Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекет пайда болып, ежелден еркіндік аңсаған барша қазақ халқының армандаған ең асыл мұраты орындалып, тәуелсіз елдің іргетасы қаланып, оны нығайту қолға алынды десек қателеспейміз.

 Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Конституциясын қабылдағаны баршамызға мәлім.

Бұл Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру принциптері, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметтері, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы Декларацияда айтылған биліктің үш саласы: басқару, сот билігі, заң шығару биліктерінің әрқайсысының атқаратын рөлі көрсетілмей қалды.

Осылайша, 1993 жылы қабылданған  Конституция өмір талабына сай келмегендіктен, Қазақстан Республикасының тұнғыш президенті Н.Назарбаев қайтадан жаңа Конституция  қабылдау керектігі туралы ұсыныс жасады.

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалық­тық референдумда қабылданған Ата Заң ел дамуының одан кейінгі бағытын айқындап берді.

Қабылданған Ата заңның алғашқы бетіне: Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшілік азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғарғы жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз деп ұран жазылған.

Осы Конституцияның Қазақстан аумағында қолданылған бұрынғы (1924,1936,1978,1993 ж.ж.) Конституциялардан артықшылығы:                   

— біріншіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзіретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді;

— екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдардың, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермеуін;

— үшіншіден, бұл Конституцияда құқық пен жауапкершілік ұғымдары пара-пар көрсетілген. Осы Конституцияда бұрынғы Конституцияларда шешімін таппаған мемлекеттердің  мәні, жер, тіл, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқты күрделі мәселелер заңдылық тұрғысынан өз шешімін  тапты.

Егемендіктің алғашқы күн­дерінен бастап тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдарын құруды демо­кра­тиялық, құқықтық мемлекетті ны­ғайтудың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді.

Қазақстандық сот жүйесін халық­аралық негізгі құқықтық үлгілер мен нор­маларға сәйкестендіру сот-құқықтық реформасының аса маңызды мақсатта­рының бірі.

2000 жылғы 25 желтоқсанда қабыл­данған «Қазақстан Республикасының соттары мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің өте маңызды тұғыры болды.

Атап айт­қанда, соттар мен судьялардың мәртебесі конституциялық заңдармен белгіленді, соттар бір жүйеге біріктіріліп, сот құрылысы мен сот ісін жүргізудің оң­тайлы және тиімді негізі қаланды.

Судья­лардың әлеуметтік жағдайы қарастырылып, материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Конституциялық заң сот құзыретінің шегін айқындап, судьялар сот төрелігін жүзеге асырған кезде тек заңға ғана емес, әділеттілік, моральдық, құқықтық және саяси ұғымға сүйенетін болды.

«Азаматтарымыздың құқығы бұзылмайды» деген тақырыппен Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында, Реформалардың мәні адамдарды өзгерту емес, Реформалар ең алдымен, жүйені өзгерту немесе жүйенің кемшіліктерін түзетіп, оның қызметіне түбегейлі өзгерістер енгізу деген сөз — деп нақты айтқан болатын.

Осы жерде айтар болсақ, сот жүйесінде болып жатқан түбегейлі өзгерістер халықтың сотқа қолы жетуін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген тұлғалардың өз құқықтарын сот арқылы жүзеге асыруына жол ашты, яғни азаматтардың сот билігіне сенімін күшейтті. Сот жүйесінің басты мақсаты – халықтың сотқа деген сенімін арттыру. Сондықтан сот жүйесін одан әрі жетілдірудегі басым бағыттардың бірі-соттың ашықтығы, жариялылығы, сол арқылы халық пен сот арасында екіжақты байла­нысты қалыптастыру болып табылатыны анық деп айтсақ артық болмас еді.

Рес­пуб­ликада Жоғарғы Сот бас бо­лып, бірегей соттық жүйе құ­рылып, біркелкі соттық  тәжі­рибе орнатылып, бірегей кадрлық саясат жүргізуілуде.

Сот төрелігіне сенім деңгейін арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер болып Республикада үш буынды сот жұмыс жасап келеді.

Үкімет «Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтырулар енгізі туралы» қаулы жобасын мақұлдап, 24 маусымды биыл бірінші рет атап өтілетін жаңа кәсіби мереке «Судья және сот қызметтері» күнімен толықтырды. Бұл туралы қуанышты хабар жеткенде, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Қ.Асанов әріптестеріне жолдаған құттықтау хатында:

Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 1992 жылы 24 маусымда егемендік алғаннан кейін «Қазақ ҚСР-нің сот жүйесі туралы» Заңға алғашқы түзетулер енгізілген Заң қабылданды. Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, облыстық, қалалық және аудандық соттардың, сондай-ақ жаңадан құрылған әскери соттардың сот төрелігін жүзеге асыруын қамтамасыз етті.

Ол қабылданғаннан бері 30 жыл ішінде сот жүйесі реформалау мен жаңғыртудың бірнеше кезеңінен өтті. Бүгінде өздеріңізбен бірге үздік әлемдік стандарттарға сай заманауи сот жүйесін қалыптастыру үдерісіне үлесімізді қосудамыз.

2019 жылдан бері 35 заң әзірленді. Оның 30-ы жұмыс істеп тұр.

Жаңа заңдар адамдар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін лауазымды тұлғалардың теріс қылықтарынан қорғауды күшейтті, сот төрелігі мен сот қызметкерлерінің сапасын арттыруға жағдай жасады, сот жүйесі мен судьялардың тәуелсіздігін нығайтты.

Біз сот қызметтерін тұтынушыларға арналған сервисті дамыту, сот төрелігіне қол жетімділікті жеңілдету, оны цифрландыру және роботтандыру, қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Біз алдымызда сот жүйесінің беделін нығайту, оған халықтың сенімін арттыру бойынша әлі де көп міндеттер тұр.

Биылғы жылдан бастап атап өтілетін «Судья және сот қызметкерлрі күні» олардың табысты жүзеге асуына тың серпін беретініне сенімдімін деп атап көрсеткен болатын.

Осыған орай, қа­зір сот жүйесі қоғамның тұрақты, сенімді құқықтық кепілдігіне айналды, тәуелсіз сот ел тірегі бола алады деп айтуға толық мүмкіндік бар.

Республиканың сот жүйесі осы жылдар аралығында құқықтық мем­лекеттің стандарттарына сай келетін шынайы тәуелсіздікке қарай қарқынды қадам басуда.

М.Нағашыбаев,

Атырау қаласының №2 сотының төрағасы                                             

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button