Тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы қалай төленеді?

bez imeniuauu Құқық

            Биылғы наурыз айының соңында су тасқыны салдарынан Қазақстанның бірнеше облысын су басып, көптеген қазақстандық баспанасынан айырылды. Үкімет су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залал өтеледі деп сендірді.

            Үкіметте өткен су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және салдарын жою жөнінде құрылған республикалық штабтың кезекті отырысында осы мәселе талқыланды. Атап айтқанда, онда су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеудің механзмі мен қаржыландыру көздері туралы әңгіме болды.

            Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккендерге өтемақы төлеуге қажетті қаражат жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің)  резервінде қарастырылған. Келтірілген материалдық залалдың алдын ала есептелген көлемін Өнеркәсіп пен құрылыс және Төтенше жағдайлар министрліктіктері анықтайтын болады. Қосымша қаржыландыру қажеттілігі туындаған жағдайда, ол Үкіметтің резерв қорынан қанағаттандырылады.

            Енді мұндай көмектің алгоритміне, яғни тағайындалу және берілу тәртібіне, кімге, қалай төленетініне келсек, оған да жауап әзір. Заңгер Надежда Гельдтің түсіндіруінше, бұл процестің өзі еліміздің «Азаматтық қорғау туралы» заңының 58-баьында келтірілген талаптар негізінде жүзеге асырылады. Зардап шеккен азаматтар төтенше жағдайға тап болғаннан бастап 30 күнтізбелік күн ішінде жергілікті әкімдіктерге материалдық шығынды өтеу жөнінде өтінішін ұсынады. Әкімдіктер өтініш тіркелгеннен кейінгі 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады.  Тұрғын жайы апатты деп танылған азаматтардың тізімі тұрғылықты мекен-жайы бойынша жасақталады.

            Заңгер маманның айтуынша, өтемақыны тағайындау мен төлеудің негізгі алгоритмі төмендегідей болып белгіленген:

-денсаулыққа зиян келтіру;

-жақын туыстарының қайтыс болуы;

-мүліктік зиян келу;

-тұрғын үйдің тұруға жарамсыздығы.

            Ал мына жағдайда өтемақы төленбейді:

-жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де құрылыстар, сондай-ақ заңсыз салынған объектілер;

-бағалы киім, сәнді заттар немесе бағалы металдардан жасалған заттар;

көркемдік құндылығы бар заттар.

            Кім өтініш бере алады?

-Зардап шегуші мүліктің иесі. Егер жәбірленуші жеке өзі өтініш бере алмаса, туыстары немесе басқа адамдар сенімхатпен келе алады.

            Өтінішпен қатар қандай құжаттар керек?

-жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

-ТЖ туындаған сәттен бастап немесе ТЖ жою кезеңінде жоғалған, бүлінген мүліктің тізбесі.

            Өтінішті қалай жазу керек?

Заң бойынша нақты үлгі қарастырылмаған. Қазақстандықтар оны еркін түрде жаза алады:

-мүлік орналасқан мекенжайды;

-су тасқыны болған күнді;

-зардап шеккен тараптың деректерін;

сондай-ақ зардап шеккен мүліктің сипаттамасын көрсету керек.

Ресми дерек көздері бойынша дайындаған: Дәулетқали АРУЕВ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз