
Су бейқамдықты кешірмейді
Жаз айларында адамдардың табиғат аясында суға түсіп тынығуға ұмтылуы – заңды құбылыс. Алайда өзен-көлдерде қауіпсіздік ережелерін ескермеу салдарынан қайғылы жағдайлар жиі орын алады. Бұл – әсіресе балалар мен мас күйдегі ересектер үшін аса қауіпті.
Атырау облысы Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Серік Қабдығалиев – осы салада 10 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол осы жылдар ішінде түрлі жағдайларға куә болғанын айтады.
— Көп жағдайда оқиғалар қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталмауынан туындайды. Ересектер мас күйінде суға түсіп, өз өмірін қатерге тігеді. Ал балалар белгіленбеген, қараусыз қалған жерлерде шомылады. Біз мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су айдындарында рейдтер ұйымдастырып жүрміз. Бірақ қауіпсіздікке салғырт қарау әлі де басым, — дейді тәжірибелі құтқарушы.
Серік Қабдуғалиев судағы оқиғалардың кейбірі сәтті аяқталғанымен, олардың бәрі бірдей аман қалумен аяқталмайтынын да еске салады.
— Бірнеше жыл бұрын Балықшы ықшам ауданында Жайық өзенінде екі бала шомылып жүріп, арғы бетке жарысып өтпек болады. Су ортасына жеткенде екеуі де әлсіреп, бата бастады. Рейд кезінде әріптесім Нұрдәулет Канатбаев екеуіміз қайықпен жедел жетіп, балаларды аман алып қалдық. Бірақ мұндай сәттер бәріне бұйырмайды, — дейді ол.
Атырау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы, аға лейтенант Дарын Әнуарбековтің айтуынша, әр маусым сайын суға кету деректері тіркеледі.
— Жаз мезгілі басталысымен судағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болады. Өкінішке орай, жыл сайын суға бату оқиғалары тіркеледі, олардың көпшілігі қарапайым себептермен орын алады: тыйым салынған жерлерде, мас күйінде шомылу, қараусыз су айдындарында жүрген балалар. Әрбір осындай оқиғаның алдын алуға болады, — деген ол Төтенше жағдайлар департаментінің құтқаршылары үнемі рейдтер, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескерту белгілерін орнатса да, тұрғындардың ережелерге немқұрайлы қарап, құтқарушылардың ескертуіне құлақ аспайтыны айтады.
Расында, «сақтансаң — сақтармын» дегендей, балаларды бір минутқа да қараусыз қалдырмаған жөн. Жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде шомылмаған жөн, бастысы құтқару кеудешесіз қайыққа отырмау керек. Бұл қарапайым ғана ереже болғанымен, өміріңізді сақтап қалады.
Білгеніміздей, 2020 жылы шомылу маусымында (1 маусым – 1 қыркүйек аралығы) 5 адам суға кетсе, оның 2-і — бала. 2021 жылы бұл көрсеткіш 11 адамға жеткен, оның ішінде 2 бала көз жұмған. Ал 2024–2025 жылдары жағдай тіптен алаңдатарлық сипат алыпты. Биылдың өзінде облыста 10 адам суға кетіп, оның 8-і — кәмелетке толмаған балалар екені тіркеліп отыр. Солардың бірі — 2024 жылы Жайық өзенінде белгіленбеген орында шомылып жүріп суға батып кеткен 10 жасар бала. Бұл — барша ата-аналар мен қамқоршылар үшін ащы сабақ болуы тиіс.
Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті органдар мен ТЖД бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізуде. Қала аумағындағы қауіпті учаскелерде 125 «Суға түсуге тыйым салынады» белгісі орнатылған екен. Қосымша 100 белгі орнату үшін ұсыныс берілген.
Бүгінде құтқару жасағы мен полиция қызметкерлері күнделікті патруль ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Өткен жылы жергілікті әкімдіктің қолдауымен төрт учаске жағажай ретінде бекітіліп, сенімгерлік басқаруға берілген. Қалада төрт бірдей ресми жағажай жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, ауылдық округтерде коммуналдық жағажайлар ашу жұмыстары басталды.
Айта кетелік, өткен айдың басында өткен комиссия отырысы нәтижесінде қосымша шаралар қолға алынып, «2ГИС» мобильді қосымшасына шомылуға тыйым салынған орындар енгізілген екен. Қаланың халық көп шоғырланған аумақтарында LED-экрандар мен дыбыстық хабарламалар арқылы «Судағы қауіпсіздік ережелері» түсіндірілуде.
Біздің облыста суға шомылу маусымы ресми түрде 15 маусымда ашылмақ.
Су бейқамдықты кешірмейді. Бір сәттік жауапсыздық орны толмас қайғыға әкелуі әбден мүмкін. Қауіпсіздік – әр азаматтың жеке жауапкершілігі.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдындарында барынша мұқият болуға, қарапайым ережелерді ескеруге, балаларды қадағалаусыз қалдырмауға шақырады.
Өмір – баға жетпес құндылық. Оны сақтау – өз қолыңызда!
Әсел ШАМИШЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Журналистика және ақпарат» мамандығының IV курс студенті