Жарнама
Құқық

Сотқа дейінгі пробация

Соңғы жылдары қылмыстық-атқару жүйесінде бірқатар реформалық өзгерістер жүзеге асты. Қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру, түрмедегі адамдар санын азайту, оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде таныту үшін біраз іс-шаралар жасалды. Оған 2016 жылдың 30 желтоқсанында қол қойылған «Пробация туралы» заң дәлел болып отыр.

45190-6-lipovomu_ministru_yust_ru

Қылмыстық-атқару инспекцияларының базасында құрылған пробация қызметі тәжірибесінде: үкімдік (бас бостандығын шектеуге сотталған адамға немесе шартты түрде сотталған адамға қатысты қолданылады) және пенитенциарлықтан кейінгі пробация (бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын, өзіне сот әкімшілік қадағалау белгілеген) қолданылады.

Жерлігікті атқарушы органдармен бірлесе отырып атқарылған жұмыстың нәтижесінде есепте тұрғандарды жұмысқа орналастыру, құжаттарын қайта қалпына келтіру, құқықтық және өзге де көмектер көрсетілуде. Жоғарыда аталған заңда пробацияның осы екі түрімен қоса, сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробация түрлері де енгізілген.

Сотқа дейінгі пробация күдіктілер мен айыпталушылардың мінез-құлқын түзетуге бағытталған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуден тұрады.

Сотқа дейінгі пробация мынадай күдіктілерге, айыпталушыларға:

1) кәмелетке толмағандарға;

2) мүгедектерге;

3) әйелдерге (елу сегіз жастағы және одан асқан әйелдерге; жүкті әйелдерге; үш жасқа дейінгі жас балалары бар әйелдерге);

4) ерлерге (алпыс үш жастағы және одан асқан ерлерге; үш жасқа дейінгі жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтiн ерлерге) қатысты ерікті негізде қолданылады.

Сотқа дейінгі пробация күдікті адамның жазбаша өтініші бойынша ол өтініш жасаған кезден бастап жүзеге асырылады. Пробация қызметі адамға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын жасайды, оның іске асырылуын қамтамасыз етеді. Көрсетілген бағдарламаны іске асыру нәтижелері бойынша, сондай-ақ алынған мәліметтер негізінде пробация қызметі сот талқылауы басталғанға дейін сотқа дейінгі пробация қолданылатын адамға ұсынылатын сотқа дейінгі баяндаманы жасайды. Оның негізгі мақсаты – қылмыстық сот төрелігінің шеңберіне түскен адамдардың әлеуметтік байланыстарын сақтау болып табылады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда, пробация қызметі сотқа дейінгі пробацияны тоқтатады. Бұл ретте адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасына сәйкес жалғасады. Осылайша, пробацияның жаңа үлгісін енгізе отырып, сапалы жаңа жүйе қалыптасуда.

Бағытжан ҚАЛИЕВ,

Мақат ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button