«Сіздің шағымыңыз қабылданды!..»
«Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауынан
Жұртшылыққа жақын полиция
Жуырда бір таксиге мініп, жолай жүргізушімен әңгімелесіп келе жатқанбыз. Кенет бағдаршамдағы қызыл түске тоқтаған көлік иесі телефонымен мемлекеттік номерсіз тұрған «Toyota»-ны фотоға түсіріп алып жатты… Сұрап көрсем, оны телеграмдағы арнайы ашылған арнаға жібереді екен.
Кейін білгеніміздей, осы күні «темір тұлпарды» тізгіндегендер «телеграм-чатқа түсіп қалмайық…» деп барынша жол ережесін бұзбай, сергек жүретін болыпты. Біз әңгіме еткелі отырған Telegram қосымшасындағы «Белсенді азаматтар 06» парақшасы қазірдің өзінде халықпен санасатын платформаға айналып үлгерген. Өйткені, полиция департаментінің бастамасымен ашылған әлеуметтік желіге тұрғындар азаматтық белсенділіктерін танытып, өздері куә болған заң бұзушылықтардың фото-видеосын жолдап отырады. Осылайша, жылдамдықты шамадан тыс арттырған, қарсы бағытқа шыққан, арақашықтықты сақтамаған, дұрыс маневр жасамаған жүргізушілерге қатысты заң аясында шұғыл түрде шаралар алынып жатыр.
Біздің жұмысымыз – тәртіпті сақтау
«Белсенді азаматтар 06» парақшасына жауапты маман – Жергілікті полиция қызметі басқармасы қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұргүл Нұрсұлтанова болып шықты. Оның айтуынша, аталған онлайн-платформа тұрғындар арасында құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
– Біздің жұмысымыз – құқықтық тәртіпті сақтау, заң бұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар желі пайдаланушылардан келіп түскен арыз-шағымдарды зерделеп, уақытылы жауап беріп, қоғамда сенімді қарым-қатынас орнату. Желідегі жол жүру ережелері бойынша ақпараттың ақиқаты анықталса, полиция шұғыл түрде шара қолданады. Қажеттілігіне қарай жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы құқық бұзушыны анықтап, хаттама толтырылады. Сондай-ақ, полиция қызметкері заң аясында шешім қабылдайды және кейбір құқық бұзушылықтарға ресми ақпарат беру үшін сот шешімін күтуге тура келеді, — деді телеграм-чатқа жауапты маман.
Бүгінге дейін чатқа 6000-нан аса арыз-шағым түсіп, күніне 15-20 заң бұзушылық анықталады екен. Демек, «Белсенді азаматтар 06» платформасы қоғаммен сындарлы диалог құрудың сенімді құралдарының біріне айнала бастады. «Полиция мен халық ортақ мақсатпен әрекет етіп, жұдырықтай жұмылғанда ғана, біз қауіпсіз қоғамды құра аламыз» дейді чаттың админдері.
Жеделдік пен ашықтық
Әрине, жеделдік пен ашықтыққа негізделген мұндай диалог алаңы тұрғындар үшін тиімді болып тұр. Желі пайдаланушылардың арасында кез-келген қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамай, чатқа фото-видео деректерді жолдайтын тұрақты белсенділер де бар екен.
– Президент елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзушылықтың кез-келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажеттігіне назар аударды. Осы орайда полицияның жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін, сондай-ақ келеңсіз жағдайлармен қоғам болып күресу мақсатында ашылған «Белсенді азаматтар 06» жұмыс чаты бұл үдеден шықты десек артық айтқандық емес. Қоғам белсенділері бағдаршамдардың жұмыс істемеуі, жол белгілерінің бүлінуі, көлік кептелісі, тағы басқа жол жүргіншілеріне кедергі келтіретін жағдайларды дереу назарға алып отырады. Кейде қала тазалығына, электр, су желілеріне қатысты жазбалар да түседі. Оны әкімдіктің әлеуметтік желілеріне жолдаймыз, — деген Нұргүл Есетқызы чатта 9 администратор халықпен тығыз байланыста жұмыс жасап отырғанын айтты.
Талапқа сәйкес амал
Белсенді болу, азаматтармен диалог құру, әсіресе әлеуметтік желілерде байланыс орнату – заман талабы. Таяуда «Белсенді азаматтар 06» чатына ауыр жүк көлігінің апаттық жағдай тудырғаны жайлы ақпарат түсті. Дереу патрульдерге хабарланып, Атырау–Доссор тас жолында «Mercedes» жүк көлігі тоқтатылды. Аталған көліктің жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып, 3 көлікке апаттық қауіп төндірген.
Телеграм арнасына салынған төбе шашты тік тұрғызатын бұл бейнекөрсетілім халықтың орынды ашуын туғызды. Өйткені, ел аман, жұрт тынышта бірнеше отбасы қара жамылуға сәл-ақ қалды. Соңғы сәтте ғана қауіптің беті қайтты. Ал, әлгі жүк көліктің жүргізушісі «байқамай қалдым. Үлгеремін деп ойлап едім» деп мұрнының астынан міңгірлеп тұр. Полицейлер осы жағдайға кінәлі жүк көлігінің жүргізушісіне әкімшілік хаттама жасақтады, әрине. «Дегенмен, қоғамның ең басты құндылығы – адамның өміріне анық қауіп төндіргендіктен оны қылмыстық та жауапкершілікке тарту керек еді» дейді көпшілік.
Телеграм-чатта тәртіп сақшыларының жедел жауабына риза болған тұрғындардың жазбалары да бар. Ал, енді бірі жүргізушілердің жол ережесіне деген мәдениетін қалыптастырып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырудағы қызметтеріне сәттілік тілеген.
«Белсенді азаматтар 06» әлеуметтік желісінің қоғамдағы құқықбұзушылық әрекеттерді әшкерелеуге қосып жүрген үлесі орасан. Расында, аталған онлайн кеңістікті формасы бөлек демесеңіз, жол жүрісі тәртібін нығайтуды мақсат еткен кәдімгі қоғамдық орта деуге болады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА