Жарнама
Құқық

Сарбаздар қатары толықты

Атырау қаласындағы «Байтақ» шағынауданында орналасқан 5546 әскери бөлімінің жас сарбаздары жауынгерлік ант қабылдады. Әскери өмірге қадам басқан 200-ге жуық сарбаз Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, басқа да өңірлерден шақырылған. Олар әскери бөлімде жасақталған оқу пунктінде екі ай көлемінде алғашқы дайындықтан өтті.

Салтанатты іс-шараға бөлімнің ардагерлері, жас сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары қонақ ретінде қатысып, ұлдарының елдің аманатын, Отанның тыныштығын қорғайтын нағыз жауынгер болуына ант беру сәтінің куәсі болды. Сондай ыждағатты дайындықтың жемісін алаңға жиналған көпшіліктің жауынгерлерге деген ерекше ықыласынан аңғаруға болады. Жауынгерлік ту салтанатты түрде әскери бөлімнің саптық алаңына әкелінген соң жас сарбаздар Қарулы Күштердің қатарында отандастарына ақтық демі қалғанша адал болып, егемен мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етті.

Отан алдындағы борыштарын өтеу міндеті мұнайлы өлкеде бұйырған жас сарбаздар үшін ендігі мақсат – ел тыныштығын кірпік қақпай күзету, азаматтардың құқықтары қорғалуын қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес жүргізу. Салтанатты іс-шарада сөз алған әскери бөлім басшылары да сарбаздардың Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, егемен елдің нағыз қорғаушысы болатындарына сенім артты.

Республика Ұлттық ұланына қарасты әскери бөлімге алдыңғы жылдағыдан қарағанда сарбаздардың ата-аналары мен жақындары да көп жиналыпты. Бұған дейін 300-ден астам ата-ана келетін болса, биыл олардың саны екі есе көп. Әскери бөлімнің тәрбие жөніндегі бөлімінің бастығы Руслан Бөлегеннің айтуынша, сарбаздардың көпшілігі өнерлі, әскерге ынта-жігермен келген.

– Олардың саулықтары да жақсы. Сарбаздарға әскерден соң таңдаған оқу орнына грант бойынша оқуға түсуіне мүмкіндік жасалған. Келісім-шарт бойынша қызметке тұруға болады. Басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Одан бөлек Петропавл қаласындағы әскери академияда оқуға жолдама беріледі. Осы аптадан бастап әскери қызметке түсуге екі апта дайындық сабақтарын бастайды. Сосын көшеде патруль қызметін атқарады, — деді Руслан Асқарұлы.

Жаңаөзен қаласынан келген сарбаз Сырымбек Махановтың жасы 25-те. Отбасындағы алты ұлдың кенжесі әскерге келуге өзі мүдделі болыпты. Бұған дейін әкімдікте ұйымдастырушы болып қызмет еткен ол «ер-азамат әскерде қызмет етуі керек» деп есептейді. Өзі секілді жастарды да Отан қорғауға үндеп, сарбаздық өмірдің қиындығы мен қызығын көруге шақырды. Ант қабылдау рәсіміне анасы мен ағасына ілесіп досы да келіпті.

Жалындаған жастардың санасындағы ерекше толғанысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал ата-аналардың көңіл-күйін ұлын әскерге жіберіп тұрған адам ғана түсінетіні сөзсіз.

Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары бөлім басшыларымен сұхбаттасып, көкейтесті сұрақтарына жауап алды. Солардың бірі – Қызылорда облысының Сексеуіл ауылынан келген көп балалы ана Аяулым Тұрысмағамбетова ұлының өміріндегі айрықша сәттің куәсі болды.

– Балам Нұрдәулет Мұхтарұлы ант қабылдады. Ұлымның ант қабылдау рәсіміне отбасымызбен арнайы келдік. Жеті баламыз бар, Нұрдәулет – соның үшіншісі. Баламның мінез-құлқы ақкөңіл, көпшіл. Әскери бөлімге келгелі көңілді тапқырлар клубына қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанып та үлгерді. Баламмен мақтанамын. Оған дейін үлкен ұлым Орал қаласында әскери қызметін атқарып келді. Ер-азамат болған соң жастардың Отан алдындағы борышын атқарғаны дұрыс деп есептеймін, — деді А.Тұрысмағамбетова.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button