Сабау сабақ болмайды
Жасыратын не бар, балалар арасындағы зорлық-зомбылық қазір белең алып барады. Белгілі қоғам белсендісі өгей қызын ұрып өлтіргені туралы барлық ақпарат құралдарының жарыса жазғаны күні кеше. Мұндай оқиға қазақылық қаймағы бұзылмаған біздің өңірде орын алады деген ой ешкімнің үш ұйықтаса түсіне енбеген. Десек те, Атырау облыстық сотының баспасөз бөлімінен білгеніміздей, №2 сотта балаларды оңалту орталығының маманына қатысты қылмыстық іс қаралыпты.
«Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» деген екен ертеде біреу. Сол айтпақшы, өзіне берілген 45 минут ішінде жеке-дара ерекше балаларды дағдыларға үйрету, мінез-құлықты оңалту жұмыстарын жүргізу тапсырылған маман аманатқа қиянат жасап, кәмелетке толмаған үш бірдей баланы ұдайы ұрып-соғып немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы дене және психикалық зардап келтірген. «Заманның озығы бар, тозығы бар» дейміз, бірақ «аюға намаз үйреткен таяқ» деген тәмсілдің атасы өлгелі қашаааан!.. Ескінің сарқыншағы!..
Оқушылардың бір-біріне қыр көрсетіп, төбелесіп қалатынын естуші едік. О заманда бұ заман, ұстаздың қорғансыз, тағдыр теперішін тартқан балақайларға күш көрсеткені жаға ұстатарлық жағдай.
Сотталушы К.-ның кінәсі жәбірленушілердің заңды өкілдерінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалармен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен толық өз дәлелін тауыпты. Қылмыс жасаған соң жауап беруі қажет. Ал, мемлекеттік айыптаушы «қой терісін жамылған қасқырға» 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Кәмелетке толмаған жәбірленушілердің заңды өкілдері прокурордың ұстанымымен келісіп, сотталушыдан моральдік залалды өндіріп алуды қажет деп тапты. Сотталушы кінәні ішінара мойындаса да, оның адвокаты К.-ның әрекетін қайта дәрежелеуге өтініш білдіргені бар.
Айтпақшы, К.-ның ісі бойынша Қылмыстық Кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1,2-тармақтарының санкциясында 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сот жаза тағайындау барысында К.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның бұрын сотты болмағанын, асырауында жас баласының болуын ескеріп, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ, К.-дан жәбірленушілердің пайдасына 6 000 000 теңге көлемінде моральдік зиян өтемақысы өндірілді. Айта кетелік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қорғансыз балаларға қол жұмсаған ұстаздың қылығы бізге белгілі болған бір ғана жайт. Мұндай жабулы қазан астында жасырын қалып жатқан қаншама оқиға бары белгісіз. Бұл – қоғамда, біздің өңірде қамқорлыққа зәру балғындардың құқығы тапталып жатқанының көрінісі. Және жеткіншектер арасында болып отырған зорлық-зомбылық дәйектері балалар тәрбиесіне қатысты кешенді көзқарастың қажеттігін көрсетіп отыр емес пе?!
– Балалардың жүйке жүйесін бұзбай, мән-жайды сөзбен түсіндіруді үйрену керек. Таяқ жеп өскен бала жұмсақ мінезді болып өспейді. Мұндай іс-әрекет – оның мінез-құлқының бұзылуының бірден-бір себебі. Ол жасөспірім болашақта ойын ашық айта алмайтын жасық, жасқаншақ болып өседі. Күшке салу баланы жасытады, — дейді біз ойын білмек болған психолог Мәрзия Ермұханова.
Айтса айтқандай, физикалық күш қолдану баланың сол уақытта ғана зардап шегуімен аяқталды десек те, оның ішкі жан-дүниесі жараланып, дамуына да айтарлықтай кедергі келуі әбден мүмкін.
Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиілеп кеткенін және бала тәрбиесіне қоғам болып мән беру қажет екенін айтқан еді. Бала қауіпсіздігі – мемлекеттің басты мәселесі. Өйткені, бүгінгі балақай – ертеңгі ел тірегі. Әр ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім-білігі мол, саналы ұрпақ болғанын қалайды.
Ендеше, мамандардың біліктілігін арттырып қана қоймай, білім беру жүйесінде психологиялық қызметтің жаңа моделін қабылдау мәселесі де өзекті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сабау – балаға сабақ бола алмайды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ