«Қоғамдық бақылауды күшейту керек»
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар бойынша Агенттіктің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың қатысуымен актив отырысы өтті.
Жиынға қала, аудан әкімдері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен қоғам өкілдері қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. ⁃ Сыбайлас жемқорлық – қоғамға түскен жегіқұрт. Бұл елге, болашаққа жасалған қиянат. Сыбайластық бар жерде сапа болмайды. Бұл ретте тұрғындар тарапынан да бақылауды күшейтуге шақырамын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамдық бақылауды күшейту маңызды,-деді Серік Шәпкенов. Жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов баяндама жасады.
⁃ 2021-2022 жылдары мемлекеттік сатып алу мониторингін қорытындылау кезеңінде Атырау облысы бойынша 440 миллион теңге қаржы үнемделді. Сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша агенттіктің колл-орталығына келіп түскен өтініш саны — 1424. 2021 жылдан бастап бүгінге дейін әкімдіктің және ведомстволық бағынышты ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді. Оның үшеуі бірінші басшы мен оның орынбасарларына қатысты. Агенттік жыл сайын ықтимал жемқорлық жағдайларына ішкі талдау жасап отырады. Былтыр әкімдіктегі 25 администратордың жұмысы түгел қамтылса, биыл 22 әкімшінің 18-не талдау жасалған, — деді С.Ахметжанов.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Ерлан Досановтың мәліметінше, сыбайлас жемқорлық фактісі экология, медицина, жол саласында жиі орын алады.
⁃ Мәселен, тұрғындар маса мен қоқысқа лық толған Ерік-Мостовой каналының құрылысына шағымданады. ЖСҚ жасақтау кезінде құрылыс жұмыстарына 1 млрд 336 млн теңге бөлінген болатын. Алайда, қате жоспарлау мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан бұл құрылыс 510 млн теңге жұмсай отырып, тоқтатылды. Осы ретте, аталған каналды атқарушы органның балансына өткізуді ұсынамын, — деді Ерлан Досанов.
Аймақ басшысы жауапты органдарға сыбайластық ықтимал жағдайын анықтап, оған қарсы мәдениетті қалыптастыруда нақты тапсырмалар берді.