Жарнама
Құқық

ҚАШАН ДА ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ҚЫЗМЕТ!

    От пен өрттің өтіндегі өмір. Олардың әр таңы «жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілекпен атады. Тілсіз жауды тойтарып, сын сағатта бастарын бәйгеге тігетін де, тауға шығып, тасқа өрмелеп жаныңнан табылатын жайсаң жандар – құтқарушылар. Олардың жедел іс-әрекеттері талайларды тығырықтан шығарып, өмірлеріне араша түскен. Бірде құтқарушы,бірде фельдшер, бірде дәнекерлеуші де бола алатын мамандық иелерінің бір күні бір күніне ұқсамайды. Бұл мамандықтың басты міндеті — халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Еңбек жолымда тілсіз жауды тұзақтауда аянбай тер төгетін маман иелерімен әркез  байланыста болып, олар туралы мақалалар да жариялап жүрміз. Байқағанымыз олар күнделікті өмірде қандай төтенше жағдайлармен бетпе-бет келетінін, қиындықты қалай еңсеретіндерін ашылып, көп айта да бермейді. Қызмет бабында азды-көпті ерліктер жасаса да, олар өз еңбектерін ерлік деп санамайды.

   Күнделікті қызметтерінде түрлі қиын жағдайлармен бетпе-бет келіп, басқалардың өмірін құтқару үшін өз басын қатерге тігетін азаматтар қандай да құрметке лайық. 19 қазан құтқарушылар күні қарсаңында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Жаңабаевпен сұхбаттасқан кезде осы кәсіптің қызығы мен қиындығына әбден қанықтық.  

chs fotooo

  –  Нұрлан Мақсұтұлы, құтқарушы десек, тек өрт сөндірушілер еске түседі. Сіздердің құзырларыңызда басқа да қызмет түрлері бар ғой.

­–   Күн сайын қиын да қауіпті жағдайда түрлі сипаттағы қа­терлерге қарсы тұрып, батыл әрі адал қызмет көрсету де біздің міндетіміз. Өзіңіз айтқандай, құтқарушы  өрт сөндіріп қана қоймайды, саусақтары ісініп кетіп, сақинасын шеше алмаған әйел  құтқарушылардан көмек сұрайды. Батарея мен қуыста қыс­ты­рылып қалған ойын баласына да көмекке келеді. Сонымен қатар, олар далада жоғалып кеткен, қарлы боранда қалып қойған адамдарды да іздестіреді. Су тасқыны мен өрт кезінде адамдар мен мүліктерді тасымалдау жұмысын істейді. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тек адамға ғана көмек көрсетіп қоймай, су құбырында қалып қойған ит пен мысықты, батпаққа батып, шыға алмай қалған жануарларды да   алып шығады. Дегенмен, біздің сала мамандарының алдына қойған басты міндет  – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.

   Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдық бөлімшелеріне аумақтық Төтенше жағдайлар департаменттері, «ӨСжәнеАҚЖҚ» ММ, Жедел құтқару жасағы, «Апаттар медицинасы орталығы» облыстық филиалдары, «Қазселденқорғау» ММ, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері, «Қазавиақұтқару» ММ облыстық филиалдары жатады. Жоғарыда аталған құрылымдық бөлімшелер әртүрлі салаларға жауап береді, алайда бәрінің міндеті бір ол-адамдарды құтқару, зардап шеккендерге қол ұшын созу болып табылады.

– Бұл мамандыққа қалай келдіңіз? Өкінген кезіңіз болды ма?

– Мектепте оқып жүрген кезімде өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері келіп, Көкшетау техникалық институты қазіргі Мәлік Ғабдуллин атындағы академиясы туралы ақпарат берген болатын. Өрт сөндірушілердің қызметі жөнінде ақпарат естіп, батылдықты, жауапкершілікті, қайсарлықты талап ететін мамандық иесіне қатты қызығушылығым оянды. Міне нағыз ер азаматтың кәсібі деп тұжырымдадым іштей. Сөйтіп, мектеп бітіргеннен кейін Көкшетау техникалық институтына түсіп, оқып осы қызметтің жолына түстім.

Еш өкінген емеспін. Себебі, мен бұл қызметке жүрекпен келдім. Сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Мақтанышым да, бағым да — осы қызметім.

–  Өткенге шегінсек… Ең алғашқы шақырту есіңізде ме?

– Әрине, есімде. Алғаш қызметке кіріскен уақытымда 2006 жылы Махамбет ауданы Таңдай селосында тұрғын үйден өрт шыққаны туралы шақырту түскен болатын.

Сол тұрғын үйде орын алған өрттің себеп — салдарын анықтай келе әйел адам керосинкада май қыздыру барысында май төгіліп, арты жалынға ұласқан. Өрт сөндірушілер дереу әрекет етіп, әйел адамды еш зақымданусыз үйден алып шыққанымен, ол әйел қатты қорыққаны соншалық, жанып жатқан үйге кері жүгіре жөнелді. Кейін кері алып шыққан уақытта ол әйел күйік алған болатын. Сондықтан әрбір тұрғыннан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Өрт кезінде дүрбелеңге түспей, сабырлық сақтап, өрт сөндірушілердің айтқанына құлақ асқандары жөн.

– Басшылар өрт сөндірушілердің не құтқарушылардың арасында болып, өрттерге қатыса ма?

– Жалпы әр өрттің, төтенше жағдайдың күрделілігіне қарай өрт сөндіру бөлімдері басшылары, басқарма бастықтары толықтай міндетті түрде қатысып, бағыт-бағдар береді.

Ал өзіме келетін болсам, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы ретінде ірі өрттер мен күрделі төтенше жағдайларды жоюға қатысып, басшылық етемін.

Менің ең басты міндетім де, мақсатым да — адамдардың өмірін қорғау.

­– Оттан қорқасыз ба?

–  Әрине,  адам баласы болған соң бойында қорқыныш сезімі болады ғой. Кез-келген адамда қорқыныш сезімі болады, ол қалыпты жағдай. Оның үстіне оттың жалыны ешкімді таңдамайды, жолындағысының бәрін күйдіреді. Бірақ мен 21 жылдық тәжірибемде оттан қорықпай, онымен күресуді үйрендім. Өрт сөндірудің тактикасын жақсы меңгерген адам оттан қорықпайды, өзіне сенімді болады.

– Өрт сөндіру кезінде қандай кедергілер кездеседі?

– Кедергі дегенде  бізге көп жағдайда тұрғындар кедергі жасап жатады. Енді оларды да түсінуге болады. Жаңадан салынған тұрғын үйлердің  кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне ешқандай жағдай жасалмаған жағдайлар да жиі кездеседі.  Автокөлік иелері де машиналарын қалай болса солай қойып, жолымызға кедергі болады. Қожайыны келіп, көлігін алып болғанша техникаларымыз біраз тұрып қалады. Көшелердегі кептеліс те – көп бөгеттің бірі. Өрт сөндіру машинасы дабылдатып келе жатыр-ау деп жол беретін көлік иелері де көп болмай тұр.

   Сондай кездерде «Сусыз келді, су аз болып келді» деп айып тағып жататындары тағы бар. Ондай жағдай мүлде болмайды. Өрт сөндірушілер таңертен ауысым қабылдаған кезде, ең алдымен, сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді. 8 тонналық суы 1 өрт сөндіру автокөлігі 2 оқпанмен жұмыс жасаса 5 минутта ақ бітіп қалады.  Сол маңдағы өрт сөндіру гидранттарына жалғанып, сөндіру жұмыстары жалғасады. Соны халық түсінбей жатады.

   Сонымен қатар, қала аумағында орналасқан өрт сөндіру гидранттарының жарамсыз күйде болуы да кедергі келтіреді.  

 Тағы бір айта кететіні — қазіргі заманауи төбе жабындылары. Бұрынғы төбе жабындыларын өрт кезінде ашу оңай еді. Қазір ағашқа катты бекітілген металлчерепицаларды  ашу жұмыстары қиындық туғызады. От жалынынан ысыған кезде өрт сөндірушілердің арнайы етіктерінен де ыстық өтіп, аяқ бастырмай қалатын кездері де болады.

– Өрт сөндірушілердің жұмыс күні неден басталады?

– Ең бірінші ауысымға түскен бөлімше автокөліктің сумен жабдықтауын тексереді, өрт сөндіру бөлімінің бастығы жиын өткізіп, сапта тұрғызып тексеріп,өрт сөндіру құралдарының дайындығы, тыныс-алу жолдарын жеке қорғану аппараттарын тексеріп, қабылдап-тапсырады.

– Аптасына шамамен қанша шақырту түседі?

– Енді жағдайға байланысты, өрт қауіпті кезеңдері болады, жылыту маусымы кезеңі, аптап ыстықтағы өрт  қауіпсіздігі, аңшылық кезеңдері сияқты. Өрттер де соған байланысты орын алып жатады. Кейде аптасына облыс аумағында өрт оқиғасы, жану жағдайлары, авариялық құтқару жұмыстары, іздестіру жұмыстарын қосқанда  30 – дан астам шақырту түседі.   Қауіпті кезеңдерде  тәулік ішінде 3-4 өрт оқиғасы тіркеліп жатады.

– Қандай өртті сөндірген қиын?

­– Жалынның жақсысы не жаманы жоқ. Барлық өрт те қауіпті. Біздің өрт сөндірушілер шақырту түскенде қандай өртке бара жатқанын, алдында не күтіп тұрғанын тіптен білмейді. Газ баллондары болуы мүмкін, токтардың, газ қондырғысын орнатқан автокөліктердің жануы аса қауіпті болып есептеледі. Бензин, газ сияқты жарылғыш заттары бар нысандарды сөндіру қиын. Ол міндетті түрде газ баллоны болмауы да мүмкін, мәселен тұрғын үйлерде түрлі аэрозольдар, қатты қызғаннан жарылып, қауіп тудырады. Көп қабатты тұрғын үйде өрт шықса, оған жылдам жету қиямет-қайым. Көшелерде кей жүргізушілер жол бермесе, аулада тұрғындардың көліктерін қойып тастағаннан өрт шыққан жерге жете алмай қиналамыз. Біздің жұмыста минут емес, әр секунд қымбат. Жоғары қабаттағы адамдарды құтқару үшін кейде машинаны қою мүмкін болмай жатады. Мұндайда полицейлердің көмегіне жүгінеміз.

­ Қым-қуыт қызметіңіздің арасында уақыт тауып, сұрақтарымызға жауап беруге келіскеніңізге рахмет. Жеңдеріңіз құрғақ болсын, құрметті құтқарушылар!

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button