Жарнама
Құқық

Қала тұрғындары құқықтық кеңес алды

Атырау қаласындағы «Азаматтық орталықта» өткен тұрғындармен ашық кездесуде тәжірибелі заңгер Салтанат Рахимова азаматтармен жүздесіп, олардың өтініш-шағымдарын тыңдады.

Кездесу барысында тұрғындар жеке бастарынан өткен әділетсіздіктер мен құқық бұзушылықтар туралы ашық айтып, заңгерден құқықтық кеңес алды. Іс-шара аясында азаматтар өз құқықтарын қорғау жолдары бойынша нақты ақпаратқа қол жеткізіп, заң аясында мәселелерді шешудің мүмкіндіктерімен танысты.

Заңгер Салтанат Асқарқызының айтуынша, қазіргі қоғамда алаяқтық әрекеттердің түрі көбейіп, азаматтар түрлі жолмен қылмыстық схемалардың құрбанына айналып жатыр.

– Бүгінде заңгер ретінде көп адаммен жолығамын. Көпшілік, өкінішке қарай, алаяқтардың арбауына түсіп қалады. Бұл қасіреттің ең сорақысы – жәбірленуші өзінің де қателігін кеш түсініп, қиын жағдайға тап болады. Бүгінде алаяқтық тек телефон немесе әлеуметтік желі арқылы ғана емес, «онлайн қызмет» деген желеумен де кең тарауда, – дейді заңгер.

Оның айтуынша, онлайн қызмет көрсетіп отырған ұйымдардың басым бөлігінің заңды мәртебесі белгісіз. Олар нақты мекенжайын көрсетпей, басқа қала не шетелдерде – Ресей, Беларусь немесе Украинада тіркелген болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тұтынушының құқығы қорғалмайды.

– Сондықтан онлайн қызметке жүгінбес бұрын, ұйымның заңды мекенжайы, тіркелу деректері және байланыс көздері нақты көрсетілгеніне көз жеткізу қажет. Мұқият болу – алаяқтардан қорғанудың басты жолы, – деді Салтанат Рахимова.

Кездесуде көтерілген тағы бір өзекті мәселе – «тек 2%-тік несие береміз» деген желеумен таралып жатқан қаржылық алаяқтық түрлері болды.

– «2%-тік несие» деген ұғым – жалған ақпарат. Мемлекеттік банктердің өзі ауыл шаруашылығына арналған несиелерді ең төмені 6–7% мөлшерлемемен ұсынады. Ал бір күндік 2% өсіммен берілетін қарыздың жылдық мөлшері 700%-дан асып кетеді. Бұл – заңсыз, адамның қалтасын қағудың ең ауыр түрі. Мұндай ұсыныстарға сеніп қалмау керек, – деді заңгер.

Кездесу қорытындысында заңгер азаматтарды құқықтық сауатты болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және кез келген жағдайда кәсіби кеңеске жүгінуге шақырды.

Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button