ПОДПОЛКОВНИКТЕРДІҢ ЕРЛІГІ

Жуырда атыраулық қос подполковник өзіне қол салмақшы адамды ажалдан құтқарды. Бұл оқиғаның мән-жайын облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарова айтып берді.

Жуырда аталған департаменттің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Демегенов пен осы басқарманың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Болат Дүйсенов түскі үзілістен соң қызметтеріне келе жатады. Орталық көпірден өте бергендерінде арнайы қоршаудың арғы бетіне шығып, секіруге ыңғайланған адамды байқап қалады. Сол-ақ екен, ол төбеден құлдилап, өзенге күмп береді. Әп дегеннен қатты ағыс оны біраз жерге ұзатып әкетеді. Полицейлер де жылдамдатып көпірдің астына түскен. Осы сәтте Болат Дүйсенов қызметтік киімін шешпестен суға бір батып, бір шығып, малти алмай қиналған жанға жандәрменмен ұмтылады. Ал, Мұрат Демегенов бұл уақытта жедел жәрдем мен қалалық полицияның кезекші бөліміне телефон шалып үлгереді.

Абырой болғанда, өз-өзіне қол салмақшы адам полицейлердің көмегімен ажалдан аман қалды. Қос подполковник екеулеп жүріп құтқарылушының су киімдерін шешіп, алғашқы көмектерін көрсетеді. Осы сәтте қажетті көмек те келіп жетеді.

Кейін анықталғанындай, суға секірген 1983 жылы туған Атырау қаласының тұрғыны болып шықты. Ол жүйке-неврологиялық диспансерде есепте тұрады екен. Дәрігерлердің қарауынан соң ағайындарына тапсырылды.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз