…Отан қорғауға дайынбыз ба?

c6b229e8 e264 432e 94b1 fcc048612816 Құқық

Жалпы, шекарасы шеген­делген, әскери қуаты еселен­ген елде «Отанды кім қорғай­ды?» деген сұрақ тумауы тиіс. Десек те, қалта телефонына шақырту хабарлама жіберілсе да, шақыру пунктіне келмейтін жастар бар екенін естіп жүргеніміз рас.  Қарулы күштерге қатысты түрлі реформалар жасалса да, бозбалалар арасында өз қалауы­мен әскерге сұранып барушылар қата­ры соңғы жылдары сиреп кет­­кенін қайтерсің…

Әскерден жалтарма, жас ұлан!

Жалпы, ер-азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуі ­– абыройлы іс. Үлкендердің аузынан «Әскер – өмір мектебі» дегенді жиі естиміз.  Бұл қағида қай кезеңде де күшін жоймайтыны анық. Жуырда өткен брифинг барысында  әскери қызметке шақыру жағдайы талқыланып, алға қойған міндеттемелер сараланды. 

Елімізде наурыздан бастап әсерге шақыру науқаны басталады. Ол маусым айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті 18-27 жас аралығындағы 600-ден астам азаматты әскерге шақыруды жоспарлап отыр. Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Қуандық Бердіғалиев айтып өткеніндей, биылғы көктемде әскерге аттанатын 600-ден астам сарбаз Қарулы күштер қатарына, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады.

– Шекара қызметін жасақтау үшін әскерге шақырушыларды іріктеу білім деңгейі, денсаулығы мен дене шынықтыру даярлығы бойынша қойылатын талаптарға сәйкес жүргізіледі. Оларды шекара қызметінің дәрігерлері мен медицина қызметкерлері арнайы тексерістен өткізеді. Бұдан бөлек, ата-анасы, отбасылық жағдайы жөніндегі мәлімет те нақтыланады. Ал, шекара қызметіне борышын өтеуге баратын жастардың басқа сарбаздардан ерекшелігі – психологтың полиграфологиялық сынынан өтеді және оларға екінші дәрежелі құпия құжаттармен жұмыс жасауға мүмкіндік беріледі. Сол себепті Ұлттық қауіпсіздік қызметінің де тексерулерінен сүрінбей өтулері қажет болады, – деді Қуандық Бердіғалиев.  Сонымен қатар, мәселен, шақырылушының бойы 185 см-ден кем болмауы керек.

Сыннан сүрінбегендер іріктеледі

Әскери комиссариатта бірден бәрін таңдап алмайды, дені сау, психикалық тұрғыда орнықты, орта білім алған жігіттер ірік­те­леді. Жалпы, өзге болашақ сарбаздар дәрігерлік тексерістен бөлек, психологиялық тесттен де өтеді. Әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырады. Олардың отбасы жағдайы сарапталып, денсаулығының жарамдылығы басты назарға алынады.

Сыннан сүрінбеген жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, тепсе темір үзетін жігіттер әскер қатарын толықтырады. Баспасөз конференциясы барысынан ұққанымыз, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 35 бабына сәйкес, азаматтарды отбасы және денсаулық жағдайы бойынша, білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешімі бойынша беріледі екен. Ал, бейбіт уақытта әскери қызметке шақырудан денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған, 27 жасқа толған, заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаған, туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інілері немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе  оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген, басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген,сонымен қатар «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер, ғылыми дәрежесі бар азаматтар мен тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылатын көрінеді.

Борышын өтеуге асықпайды

Әскерден қашу, жалтару секілді проблемалардың бары рас. Әсіресе, бұл жағдай жоға­ры және арнаулы оқу орын­дарын бітірген жастардың арасында белең алып тұрғанға ұқ­сайды. Негізінен жастардың әскери өмір туралы ақпараты мен түсінігі жет­кі­лікті болғанымен, маман атанғалы отыр­ған түлек­тер Отан ал­дын­дағы борышын өтеуге асы­ғар емес. Ал, желкелеп жүріп, учаскелік полицияның көмегімен әскерге мәжбүрлеу әскер жа­сын­дағы жігіттердің бір бөлігі бұл мін­детті атқаруды маңызды деп сана­майтындығының айғағы емес пе? Осындай олқылықтардың болмауы үшін елде аталған салада реформалар жасалды.

–  Жастарды мерзімді әскери қызметке ыңталандыру мақсатында мерзімді әскери қызметке шақырылып, әскери қызметі аяқталғаннан кейін, Ұлттық бірыңғай тестілеусіз, әңгімелесу арқылы, сонымен қатар әскери қызметті атқару кезіндегі жоғары көрсеткіш нәтижесімен барлық жоғары оқу орындарына қабылданады және грантқа түсу мүмкіншілігін алады, – деп қосты қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, подполковник Құрманәлі Жүнісбеков. Айтпақшы, мерзімді әскери қызметті өткеру барысында несиесі бар сарбаздардың   айлық төлемдері тоқтатылады.

Өмірде әртүрлі жағдай болады. Қазіргі уақытта банктен немесе микроқаржылық ұйымдардан несие алған адамдар аз емес.  Оның ішінде әскер жасындағы жастар да бар. Бозбаланың әскерге барудан жалтару себептерінің бірі де осы, мойындарындағы несие үстемеақысының көбейіп кетуінен қорқады. Осы бір әскерге шақырылған жастар мен олардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Қорғаныс министрлігі қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізіп, әскердегі қызметі кезінде қазақстандықтардың несиесін кейінге қалдыру туралы ұсыныс жасап, «кредиттік каникул» жеңілдігі де берілді. Мұндай реформалар қордаланған мәселелердің алдын алары сөзсіз.  Осы орайда, Жаңа Қазақстанның тыныш­ты­ғын қазақ әскері қас қақпай қор­ғайды деп сенеміз.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз