Науқасқа көмек көрсетпеген атыраулық дәрігерлер сотталды
Атырау облысы Құрманғазы аудандық ауруханасының науқасқа көмек көрсетпегені үшін айыпталған екі дәрігеріне қатысты қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шықты.
Дәрігерлерге ҚР Қылмыстық кодексі 317-бабының 3-бөлігімен айып тағылған болатын. Прокурор сотталушылар онша ауыр емес қылмыс жасағандықтан, оларды рақымшылық актісі бойынша негізгі жазадан босатуды сұрады. Жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың бұрын сотталмағанын, және де айыпталушы Ш.-ның балалары бары да айтылды.
«Сотталушылардың әрқайсысының рөлін және жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот Ш.-ға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны, сондай-ақ 3 жылға дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны тағайындады. Ж.-ға 2 жыл 6 ай мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қылмыстық кодекске сәйкес Ш. және Ж.-ның әрекеттері онша ауыр емес қылмыстарға жататындықтан, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес олар бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылды. Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 8 млн теңге моральдық залал өтемақысы өндірілді», — деп мәлімдеді аудандық сот.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Дереккөз: caspianlife.kz