Жарнама
Құқық

МЕТАДОНДЫҚ ТЕРАПИЯ: КҮДІГІ МЕН КҮМӘНІ БАСЫМ

Мамандар басқосуда Қазақстандағы наркологиялық жағдайларды талқылап, есірткіге тәуелділікті емдеу әдістерінің баламалы жолдарын сараптады. Алтынай Есқалиеваның айтуынша, қазір әлемде инесіз бір сәт те тұра алмайтын 14.9 млн. адам бар. Олардың басым бөлігі көпшілік жағдайда героинге тәуелді және 10 млн.-нан астамы дамушы елдерде. Ал, Қазақстандағы жағдайға келер болсақ, соңғы бес жылда есірткіге тәуелділерді алғашқы есепке алу көрсеткіші әлдеқайда төмендеген. Бірақ, бұл елде нашақорлық жағдайы тұрақты деген сөз емес.  Бүгінгі таңда отандық наркологтар үшін ең бастысы – нашақорлықтың алдын алу болып отыр. Әсіресе, жас ұрпақ арасында наркологиялық көмектің сапасын жақсартып, қолжетімділікті арттыру қажет. Бас нарколог  есірткіге тәуелділікті емдеудің тиімді әдісі ретінде метадонды терапияны қолдануды ұсынады.  

— Метадонды терапия бұрынғы қолданылып жүрген емдеу тәсілдерін алмастыруы тиіс. Нашақор заңсыз жолмен героин қолданып, денсаулығына зиян келтіріп және түрлі проблемаларға, қылмыстық оқиғаларға тап болғанша, заңды түрде метадон пайдаланғандары жөн. Заңсыз есірткінің орнын басатын  терапия нашақорлықтың асқынған түріне де қолданылады. Бүгінгі таңда бұл емдеу тәсілі Қазақстанның он бірдей өңірінде қолданылып, тиімділігін дәлелдеді, — дейді нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемалары  республикалық  ғылыми-практикалық  орталығының басшысы.

Метадонмен емдеудің 2008 жылдан басталған пилоттық жобасы қолға алынған қалалардың қатарында Павлодар мен Теміртау бар. Жалпы, Қазақстан бойынша екі жүздей адам метадонмен емделіп жатыр екен. Олар героиннан аталған дәріге көшіп, оны тәулігіне бір рет қолданады. Павлодарда  болып, жаңа терапия түрімен танысып келген Атырау наркологиялық диспансерінің дәрігер-наркологы Светлана Стромоусова оны нашаға тәуелді жандарды аман алып қалудың жолы ретінде көріп, «қорқатын ештеңе жоқ» деп санайды.

Ақ халаттылар қанша сендіруге тырысқанмен, нашақорды метадонмен заңды түрде емдеуге қарсылардың қарасы қалың. Көпшілік, мұндай қадам, керісінше, нашақорлар санын арттырып жібере ме деп күдіктенеді. Оның үстіне, дәл осы әдіс әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішінде, Ресей мен АҚШ-та тиімсіз деп табылып, қолдануға тыйым салыныпты. «Метадонды заңдастырудың арасында әлдекімдердің фармакологиялық мүддесі тұр» деген болжам да айтылуда. Бұдан бөлек, көңілді қобалжытып отырғаны – метадонның дәріханаларға саудаға түсетіндігі.

Нашақорларды бір есірткінің орнына есірткілік күші бар келесі бір дәрімен емдеуге үзілді-кесілді қарсы келесі дәрігер-нарколог Светлана Добрынина «Метадонның да опиоидтар тобына жататын синтетикалық наша екенін мойындауымыз керек. Ол да адамның бойында тәуелділік туғызады» деп отыр.

Осындай даулы пікірлер белең алып, «салдары қандай болмақ?» деп көңілге күдік ұялаған жерде метадондық терапияны көзсіз қабылдап жіберуге де болмайтын сияқты. Әйтпесе, «мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылып қалыптының» кебі келмесіне кім кепіл?!

Құралай ОРАЗ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button