Жарнама
Құқық

МӘЖБҮРЛЕУДІҢ ДЕ ТҮРІ БАР

 Мұндай жағдайлар өмірде жиі кездеседі. Олардың бірін білсек, бірінен хабарсызбыз. Өйткені, жауырды жаба тоқып, «бас жарылса бөрік ішіндегіге» сайып үйренгенбіз. Бар нәрсені елемеуге тырысып, ұят санағандықтан болар, «домогательство» сөзінің қазақша тікелей аудармасы да ә дегеннен тілімізге орала қоймады. Заң тілінде оған «мәжбүрлеу» деген ұғым сәйкес келетіндей. Бұл адамды өз еркінен тыс әрекет жасауға мәжбүрлеуді аңғартады. Соның ішінде, біздің қозғап отырғанымыз – сексуалдық мәжбүрлік.

Еліміздегі «Феминистік лига» ұйымының президенті Евгения Козырева Қазақстанда сексуалдық мәжбүрлік жөнінде арнайы заң бабын қабылдау керектігін мәселе қылып көтеріп жүр. Бірқатар шетелдерде бұл әрекеттің заңға қайшы екендігі және оған жол берген тұлғаны жазалау жолдары еңбек кодексінде көрсетілген екен. Бізде ол үшін қолданылатын жеке бап жоқ. Біреулер шағымданып, қандай да бір іс көтеріле қалған жағдайда ҚР Қылмыстық Кодексінің сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін қарастыратын 121-бабын басшылыққа алады. Аталған бап қылмыскерді үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Е.Козырева «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктеріне мемлекеттік кепілдіктер жөніндегі» заңды қарастыру кезінде сексуалдық мәжбүрлік ұғымын енгізу жайлы Парламентке де ұсыныс білдіріпті. Бірақ біздегі менталитет ерекшелігінен болар, ұсыныс қабылданбаған.
Әйтсе де, көзді жұмып қарап отыруға болмайды. «Біртүрлі» қырындаулардың бар екенін жалпақ елге жарияламаса да бәрінің іші сезеді десек қателеспеспіз. 2009-2012 жылдарға арналған адам құқығы саласындағы іс-әрекеттердің Ұлттық жоспарын орындау кезінде дәл осы тақырыпта пилоттық зерттеу жүргізілген. Оның нәтижесі бойынша, елдің әр аймағынан сұралған 750 тұрғынның 70 пайызы біреулердің жеке қатынасқа икемдегісі келіп, мазасын кетіргенін мойындаған. Бір қызығы, «сезімтал» жандардан зардап шеккен тек әйелдер ғана емес. Түпкі ниетін білдіріп, қыр ізінен қалмаған қыз-келіншектер ерлердің де сегіз пайызын ығыр қылыпты.
— Сексуалдық мәжбүрлеу әрекетін қарастыратын өз алдына бөлек бап болуы керек,-дейді адвокат Ержан Халықов. Тәжірибе жүзінде біз ондай жағдайларды ұшырастырып жүрміз. Бұл, негізінен, бір-біріне бағынышты адамдар арасында кездеседі деп сеніммен айта аламын. Мәселен, бастығы мен бағынышты қызметкері, үйге иелік ететін өгей әкесі мен асырап алған қызы дегендей. Арнайы бап қабылданған кезде жан-жақтан қаптап кетпесе де арызданатын тұлғалардың болуы мүмкін екендігін жоққа шығармаймын. «Жұрт не дейдімен» қысылып, үнсіз ішінен тынғандар сол кезде «бас көтеруі» әбден ықтимал. Бұл арада ішкі істер органдарының тергеу бөлімдеріне көбірек күш түсетін болар деп ойлаймын. Себебі, сексуалдық мәжбүрлік дерегінің нақты орын алғанын дәлелдеу – солардың құзырындағы іс. Ал, олардың ең бір қиын дәлелденетін қылмыстық істер екені бесенеден белгілі. Айналып келгенде, қарауындағы қызметкерге қырындаған кісінің емес, оны соған итермелеген «құрбандықтың» өзі кінәлі деп табылуы ғажап емес. Тағы бір айтарым, заң қабылдаудан бөлек, ер балалар мен қыздар арасындағы қарым-қатынастың ерте бастан оң қалыптасуы, оған мектеп қабырғасынан бастап баулу – заң бұзушылыққа жол бермейтін бірден-бір профилактикалық шара болып табылар еді. Адамның жас күнінен бастап «ананы-мынаны айтып», мазасын алғанның бетін қайтарып, қарсы тұра білуі, өзін-өзі ұстауы көп жайға сеп болары сөзсіз.
-Есіңізде болса, педофилдер жөнінде заң қабылдау талқыға түскен кезде де оның қажеттігіне күмәнмен қараушылар болған еді. Бұл заңның көкейкесті болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Қазір сексуалдық қудалау тұрғысынан зардап шеккен кісінің құқығын оны жіктеп-жіліктеп көрсететін бап болмағасын адвокат та қорғай алмайтын күйде. Меніңше, заңды бұзуға жол берген адамды бірден түрмеге қамағаннан гөрі, айыппұл санкциясын салу шарасын қолданған дұрыс болар еді. Айталық, мемлекеттік қызметкердің үстінен сексуалдық мәжбүрлеу бабы бойынша іс қозғалуы оның бұдан кейінгі мансаптық жолына кедергісін тигізуі мүмкін,-дейді зейнетақы төлеу орталығы Атырау облыстық филиалының кадрлар және шарттар жұмысы бөлімінің меңгерушісі Рысты Қалиева.
Қылмыстық істерді қарайтын Атырау қалалық соты сауалымызға біз көтеріп отырған қылмыс түрі бойынша бірде-бір істің қаралмағанын айтып, жауап берді. Бірақ, былтыр ғана балалар үйінде өскен жас қыздың жергілікті журналистердің сот процесіне қатысуын сұрап келгені есімізде. Айтуынша, нағашы атасы әдепсіз ұсыныстар жасайтын көрінеді. Кейін белгілі болғандай, нақты айғақ пен дәлелдемелердің болмауы себепті іс қысқартылған. Сексуалдық мәжбүрліктен жиірек зардап шегетін әйелдер екені белгілі. Өкінішке қарай, «буыршын көзін сүзбесе, бура бұйдасын үзбейді» деген жалпақ түсінік көбінесе нәзік жандарды жазықты қылуға бейім тұрады.

Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button