Жарнама
Құқық

Кибералаяқтың құрығынан қайтсек құтыламыз?

Таяуда өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырған адам менің атыма несиеге онлайн өтініш түскенін хабарлады. Тұтқаның ар жағынан «Если это не вы, то просим подтвердить код для безопасности ваших данных» дегенге қазақша жауап бергенім сол еді, бірден байланыс «үзіліп кетті». Дереу банктің call орталығына хабарласып, менің атыма ешқандай несиеге өтініш түспегенін білдім.

Телефон тетігін абайлап басыңыз!

Расында, қазір адамға күнделікті керек нәрсенің барлығы телефон тетігі арқылы келеді. Соңғы жылдары интернеттің игілігі арқылы айласын асырған  алаяқтар да жауыннан кейінгі саңырауқұлақша көбейді. Облыстық полиция департаментіне қарасты Криминалдық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Асхат Нұрмановтың айтуынша, облыс тұрғындарына бес айдың ішінде 169 000 000 теңге көлемінде шығын келген.

– Алаяқтар телефон номерін білсе болды, аңқау адамды бірден қақпанға түсіреді. Олар кез-келген адамның номері арқылы өміріне араласады. Сіздің жеке номеріңіз арқылы телефоныңызға «вирус» орнатып, құпия ақпаратты жария етуі де мүмкін. Олардың арасында көп таралған әдістердің бірі «вишинг» деп аталады. Вишинг – әлеуметтік инженерия элементтері бар алаяқтық. Бұл телефон арқылы азаматтардың жеке мәліметтерін ұрлауға бағытталған. Ал екінші түрі – фишинг. Бұл – пайдаланушыны алдауға және картасы туралы құпия ақпаратты ашуға мәжбүрлеуге мүмкіндік беретін әдістер жиынтығы, — деп жедел уәкіл алаяқтың құрбаны болмау үшін құнды кеңесімен бөлісті.

Мамандар банк қызметкерінің ешқандай код сұрамайтынын ескертті. Ал, азаматтар «қудың құрығына қаржылық сауатсыздықтың салдарынан ілінеді» деп пайымдайды. Мысалы, 1990 жылғы Атырау облысының тумасы тауарлық несиені ақшалай шығарып беретінін «айтып», бір өзі алаяқтықтың 47 дерегі (!) бойынша айыпталып отыр. Сондықтан халықтың ақпараттық-құқықтық сауатын арттырмаса, бұған тоқтау салу қиын.

Алаяқ айласын асырады…

Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмысының көрсеткіші 44,6 пайызға өскен. Демек кез-келген күмәнді қоңырауды сана сүзгісінен өткізген жөн. Өйткені олар қу түлкі сияқты, құқық қорғау органдарының қызметкері болып та хабарласуы мүмкін.

Алдап соғудың бір түрі – «жақын туысқаның қиын жағдайға тап болды, тез арада ақша жібермесең, жағдай күрделілене түседі» деп ақша бопсалайтындар. Ондай жағдайда алаяқтар ақшаны үшінші тұлға арқылы иеленуге әрекет етеді екен.

– Жақында «полицияданмын» деп хабарласқан адам інімнің біреулермен төбелесіп қалғанын, таяқ жеген тараптың арыз жазғалы тұрғанын, мәселе 150 мың теңгемен шешілетінін айтты. Інімнің шатақ мінезі жоқ екенін білемін, сонда да ойыма түрлі нәрселер келіп жатыр. Дереу бойымды жинап, «телефонды ініме бер, өзім сөйлесейін» дедім. «Тәртіп сақшысы» оның тергеліп жатқанын, кейінірек телефон соғатынын айтты. Інімнің номеріне қоңырау шалып, дін аман екенін білдім. Ал, жаңағы «полицияданмын» деген номерге қайтадан телефон соғып едім, қоңырау бармай тұр. Егер жаңағы жерде мен эмоцияға берілсем, сұраған ақшаны аударып жіберуім де мүмкін еді, — деп қала тұрғыны Нұрлан Бисенов салқынқандылықтың арқасында алаяқтың арбауына түспегенін айтты.

Алаяқтықтың тағы бірі – «Пәтер ұтысы». Олар әуелі «жүлдегер болуыңызбен» құттықтайды. Сосын жүлдені алудың жолын нұсқап, ол үшін белгілі сомада депозит төлеу керектігін түсіндіреді. Ал сіз ақшаны салған соң «сүйінші жаңалықтың» жеткізушісі жоқ болады.

–  Құқық қорғау органдарынан қоңырау шалса, қорқудың қажеті жоқ. Алдымен қай полиция бөлімшесі екенін сұрап, жақыныңызға қандай айып тағылғанын білу керек. Ал, оңай олжаға қатысты хабарласқан адамға өзіңіз туралы ақпарат бермеген жөн. Бастысы, ұялы телефоныңызға күмән тудыратын қосымшаларды жүктемеңіз. Қандай да бір қате әрекет бола қалса, телефонды өшірумен одан құтыла алмайсыз. Өйткені алаяқтар бірнеше секунд ішінде сіздің телефоныңыздағы деректерді жүктеп үлгереді. Ары қарай онлайн-банкинг арқылы ойына келген мақсатын жүзеге асыра алады. Алаяқтар қашықтықтан байланыс жасай отырып, сіздің аккаунттарыңызды, электрондық поштаңыздың парольдерін, байланысатын адамдарды біліп алуы мүмкін. Олар SMS-кодтар мен Push-хабарламалардағы кодтарды қоса алғанда, тыңшылық қызметті атқаратын бағдарламаларды «енгізе» алады, — деп, киберқылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі Асхат Нұрманов ұялы телефонды ұқыптылықпен пайдалану керектігін қайталады.

«Киберпол» қылмыспен күреседі

Жәбірленушілер тәртіп сақшыларына өздеріне хабарласқан телефон номерін көрсетіп, «Қылмыскерлерді неге осы номер арқылы-ақ таппайсыздар?» деп реніштерін білдіреді екен. Алайда суайттар ауыстырмалы номер арқылы кез-келген адамға қоңырау шалатынын қарапайым адам біле қоймайды.

– Интернет алаяқтықтың дәл осы тәсілін әшкерелеу өте қиын. Себебі біз алаяқтар қаржыны аудартқан алғашқы есепшотқа қол жеткізу үшін арнайы санкция алуымыз керек. Рұқсат аламыз дегенше жоқ дегенде төрт-бес күн өтіп кетеді. Бұл уақытта алаяқтар қарап жатпайды, жымқырған қаржыларын бір шоттан екінші шотқа аударып, қолма-қол ақшаға айналдырып та үлгереді, — дейді мамандар.

Осындай қылмыстың жолын кесу мақсатында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері облыстағы екінші деңгейлі Банктер филиалдарының өкілдерімен кездесті. Құқық қорғаушылар тарапынан Банк өкілдеріне тиімді ұсыныстар айтылып, қазіргі бірқатар өзекті мәселелер ортаға салынды. Полицейлер интернет алаяқтық қылмысын тергеу барысында жәбірленушілердің орынды талаптарын жеткізіп, тергеу барысында уақыттан ұтылмауға ықпал етуді сұрады.

Әрине, полиция қызметкерлері тарапынан профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Дейтұрғанмен тұрғындар арасында алаяққа алдану дерегі жиілеп кетті. Тіпті трансшекаралық қылмыстар да бар.

Таяуда Атырау облыстық Полиция департаментінің жанынан «Киберпол» арнайы тобы құрылды. Топ қызметкерлері интернет арқылы жасалатын киберқылмыстардың жаңа түрін анықтау, оларды болдырмау және алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жасайды.

Әрине, ақпараттық қолжетімділік қаншалықты дамыса, алдап-арбаудың да айла-шарғысы сан түрлі формамен жоғары көрсеткіштерге жеткен. Сондықтан сауатты әрекет жасау қауіпсіздіктің кепілі болмақ. Жалпы тұрғындар нақты, ресми әрі саналы тұрғыдан сүзгіден өткен ақпаратқа ғана мән берсе екен дейміз.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button