Жарнама
Құқық

ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫ – ҚЫРАҒЫ БАҚЫЛАУДА

КЕМШІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛҒАН МАҢЫЗДЫ

Қаржы тәртібін бұзушылық – қоғамдағы кеселді дерттің бірі. Сондықтан, оның алдын алу, орын алған кемшіліктерді анықтап, тиісті шаралар қабылдау қай кезде де күн тәртібінен түспейді. Атырау облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы осы бағытта қызу жұмыс жүргізуде. Биылғы жылдың тоғыз айында 258 нысан бақылаумен қамтылып, анықталған ҚР заңнамаларына қайшы бұзушылықтар сомасы 5995,7 млн. теңгені құрады.

Қаржы бұзушылықтардың жалпы сомасында тауарлы-материалдық құндылықтар мен ақша қаражаттарының жетіспеушілігі – 53,3 млн. теңгені, бюджет қаражаттарын негізсіз пайдалану 978,3 млн. теңгені, бюджет қаражаттары мен несиелерді мақсатсыз пайдалану 30,5 млн. теңгені, бюджет қаражаттары мен мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану 4835,0 млн. теңгені, салықтан тыс төлемдерді бюджетке мезгілінде және толық аудармау 98,6 млн. теңгені құрады.

Есепті мезгілде қолданылған шаралардың нәтижесінде өтелуге жататын 336,5 млн. теңгеден жалпы сомасы 301,7 млн. теңгенің (89,7%) тауарлы-материалдық құндылықтарының жетіспеушілігі, негізсіз пайдаланылған бюджет қаражаттары, салықтық емес түсімдер және тағы басқалары бюджетке өндірілді.

Еліміздің Бюджеттік кодексіне және 2014 жылға арналған бақылау-тексеру шаралары жоспарына сәйкес, Атырау қаласы және Махамбет ауданында бюджеттердің орындалуына кешенді бақылаулар жүргізіліп, бақылау барысында 46 мемлекеттік мекеме мен кәсіпорын тексерілді.

 

КОНКУРСТА… ЖАЛҒАН  ЖЕҢІМПАЗ?!

Аталған кешенді бақылау жалпы сомасы 4823,2 млн. теңгені құрайтын мемлекет заңнамаларына қайшы келетін заң бұзушылықтарды анықтады. Оның қорытындысы бойынша қолданылған шаралардың нәтижесінде өтелуге жататын  12,9 млн. теңгенің бүгінгі күні 5,2 млн. теңгесі қалпына келтірілді. Бақылау материалдары бойынша кінәлі тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды.

Жергілікті бюджеттердің атқарылуына жүргізілген кешенді бақылаулар қорытындысымен мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың жетекшілері, сондай-ақ қаржы қызметі қызметкерлерінің қатысуымен семинар-кеңестер өткізілді.

Бақылау-тексеру жұмыстары нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға өз құзыретіне сәйкес бақылау нысандарында анықталған қаржы бұзушылықтарды жою бойынша пәрменді шаралар қолдану мақсатында ұсынулар  жолданды. Жіберілген кемшіліктер үшін Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, 106 лауазымды тұлғаның әкімшілік ісі қозғалып, жалпы сомасы 9663,0 мың теңге айыппұл салынды. Осы соманың 8977,6 мың теңгесі бюджетке төленді. Одан басқа 257 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, солардың сегізі қызметінен босатылды.

Инспекция жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуы мәселесі бойынша 182  тексеру жүргізіп оның 127-нен жалпы сомасы  13917,0 млн. теңгенің заң бұзушылығы анықталды. Атап айтқанда, жеңімпаздар болып конкурстық өтінімдері Ереженің 17-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін өнім берушілер танылған, орындалмаған жұмыс көлемі үшін төлем жүргізілген, заңның 8-бабының 1-тармағына қайшы, жұмыс өтілі жоқ әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылған, конкурстық комиссиямен конкурстық өтінімі конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келмейтін өнім беруші жеңімпаз болып танылған, мектеп құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжат тапсырыс берушімен белгіленген тәртіпте бекітілмеген: күні, нысан құрылысы шығыстарының жалпы сомасын бекіткен қолы жоқ, өртке қарсы техниканы мемлекеттік сатып алу кезінде конкурстық комиссиямен әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдері, өтінімдер салынған конверттері мөрмен бекітілмеген деген негізде заңсыз кері қайтарылған.

Конкурс ұйымдастырушысы тауарларды олардың біртекті түрлері бойынша лотқа бөлмеген және жеңімпаз болып танылған әлеуетті өнім берушінің сатып алынатын жұмыстар нарығында жұмыс тәжірибесі жоқ, сонымен, конкурстық құжаттама талаптарына қайшы, жеңімпаз болып танылған әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптарына сәйкес келмейді. Конкурстық өтінімінде сатып алынатын жұмыстар тізбесі жоқ және қосарланатын қызметтері көрсетілмеген, конкурстық өтінімінде салық органынан нотариалды куәландырылған анықтама ұсынған өнім беруші жеңімпаз болып танылған, конкурстық комиссиямен әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтінімі техникаға арналған техникалық паспорты нотариалды куәландырылмаған деген негізде кері қайтарылған. Конкурстық комиссияның бұл шешімі заңсыз болып танылады.

 

ҚҰЛҚЫННЫҢ ҚҰЛЫ  БОЛЫП…

Инспекция тарапынан Бюджет кодексінің, мемлекеттік сатып алу заңнамасының нормаларын қалтқысыз сақтау мақсатында алдын алу жұмыстары ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осыған қарамастан, заң бұзушылықтар азаятын емес. Мәселен, «Атырау спорттың су түрлері бойынша облыстық командасы» КМҚК-да бақылау қорытындысыменжалпы сомасы 63 291,6 мың теңгенің қаржы бұзушылығы анықталды. Атап айтқанда: кассадан қолма-қол ақша жетпестігі 301,9 мың теңге, ақылы қызметтен түскен 16 755,0 мың теңгені банкке тапсырмай, өз кассаларында сақтап, әртүрлі шығындарға жұмсаған, сонымен қатар атқарылмаған жұмысқа 1 183,9 мың теңге, іссапар шығындарына 1689,3 мың теңге, жыл аяғында кредиторлық берешегі бола тұра қызметкерлерге 6 986,1 мың теңге сыйақы негізсіз төленген. Сонымен қатар, облыстан тыс жерлерден келген спортшы жаттықтырушыларға пәтер жалдау және басқа әртүрлі шараларға жалған құжаттармен жалпы сомасы 7 513,4 мың теңге негізсіз аударылған. Кәсіпорын жарғысын сақтамай, банк депозитінде жинақ шотын ашып 20 000,0 мың теңге қаржы салынған, қызметкерлерге еңбекақы 8862,0 мың теңгеге артық төленген. Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына қайшы, жалпы сомасы 66406,7 мың теңгенің тауарларын мемлекеттік сатып алу Заңының талаптарын қолданбай және рәсімдерін сақтамай сатып алған.

Анықталған бұзушылықтардың бюджетке қайтарылуға тиісті 28 724,4 мың теңгесі толықтай өндірілді.

Бақылау материалдары қаржы полициясына жолданып, қылмыстық іс қозғалды. Кәсіпорынның бас есепшісі қызметінен босатылды және сот шешімімен кәсіпорын басшысына әкімшілік айыппұл салынды.

Сол секілді, Қызылқоға аудандық «Тайсойған ауылдық клубы» кәсіпорнының бас есепшісі өз атына артық 410,8 мың теңге және кәсіпорында қызмет жасамайтын тұлғалар атына 628,8 теңге негізсіз еңбекақы аударған.  «Казпочта» АҚ-ның жергілікті бөлімшесі арқылы чекпен тауар алуға және іс-шаралар өткізуге алынған қаржының 831,1 мың теңгесі негізсіз шығысталған. Сонымен қатар,  мемлекеттік сатып алу туралы Заңның талабының сақталмауынан жалпы сомасы 850,0 мың теңгенің заң бұзушылықтарына жол берген.

Бақылау материалы процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.

«Атырау қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде  мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының сақталмауынан жалпы сомасы 1 973 677,9 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Инспекцияның ұсынысы негізінде «2014-2016 жылдарға Атырау қаласын көгалдандыру» нысаны бойынша мемлекеттік сатып алу тәртібі бұзылып, өткізілген конкурс шешімінің күші жойылып,  қайтадан өткізу жарияланды.

 

КІНӘЛІЛЕР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Инспекция ережесіне сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражатын пайдалану кезінде мемлекеттік қаржылық бақылау объектілері мен мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілері лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері, Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзудың өзге де фактілері айқындалған жағдайда, бақылау материалдары құқық қорғау органдарына шаралар қолдану үшін жіберіледі. 2014 жылы құқық қорғау органдарына шаралар қолдану үшін 417,7 млн. теңгенің 37 бақылау материалы жіберілді. Есепті кезеңде құқық қорғау органдары 14 бақылау материалы бойынша қылмыстық істер қозғады, оның ішінде алтауы сотта қаралуда.

Бақылау нәтижелері туралы тексерілген бақылау нысандары мен баспасөз ақпарат құралдары хабардар етіліп отырады. Инспекция қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету үшін баспасөз ақпарат құралдарында инспекция қызметін жариялау кестесі жасалды және олардың атына бақылау нысандарында анықталған құқық бұзушылық деректері туралы ақпараттар жолданады.

Меңдіхан ЛҰҚПАНОВ,

Атырау облысы бойынша

қаржылық бақылау

инспекциясының басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button