Жарнама
Құқық

Ит ешқашан сатқындық жасамайды

*18 тамыз – Шекарашылар күні

«Ел шетінде ер тұрса, жау төнбейді» дейді халқымыз. Шекара шегенделмесе, кез-келген көлденең көк атты сан шақырым сайын даламызда сандалып жүре беретіні түсінікті. Осыны білген ата-бабамыз ерте заманда-ақ атты да, жаяу әскерін де сақадай сай ұстап, дүрбелеңге әрдайым дайын болған.

Бүгінде бұл қасиетті міндет шекарашыларға жүктеліп отыр. Олармен бірге тәуелсіздіктің тыныштығын сенімді серіктері – қызметтік иттер күзетеді. Мамандығын мақтан тұтатын ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментіне қарасты «Ер Қосай батыр» шекара бекетінің әскери қызметшісі, аға нұсқаушы-кинолог, аға сержант Бекболат Шайхмеденовке бірнеше сұрақ қойған едік.

5a6e2469 ba6d 4422 9fbd 49dd3e4bc3b8

Сенімді серікпен алғашқы кездесу

Құрманғазы ауданының Кудряшов ауылында дүниеге келген Бекболат Шайхмеденов бала кезінен Отан күзетіне қызыққан жан. Бүгінде әскери қызметшінің отбасында адал жары, екі қызы мен бір ұлы бар. Олар да әкелерінің қызметтік итін туыстарындай таниды екен.

– Бала күнімде әскердегі ағаларды көргенде, әсіресе ит жетектеп жүрген кинологтарды көргенде, «міне, нағыз ер-азаматтың ісі» дейтінмін, — дейді ол.

Кейіпкеріміз 2009 жылы Шекара қызметіне қабылданып, кіші бақылаушыдан бастап, бақылаушы, барлаушы сияқты жауапты міндеттерді атқарады. 2021 жылы Алматыдағы кинологтар даярлайтын орталықта оқып, сол жерде өзінің «төрт аяқты» досы – неміс овчаркасы «Табумен» алғаш жолығыпты.

Бекболат ол күнді әлі ұмытпайды. Күздің күні болатын. Алматыдағы кинология орталығының ауласы сары жапыраққа көмкерілген. Ауланың әр бұрышында түрлі тұқымдағы иттер жаттығып жатыр.

– Қатар-қатар тұрған торлардан өтіп келе жатып, бір ит маған ерекше қарады. Қарашығында от, қимылында қайсарлық бар еді. Бірден «Бұл менің серігім болады» деп іштей түйдім. Оқу біткенше бірге жаттықтық, әр пәрменді меңгердік, — дейді аға сержант.

Сол күннен бастап «Табу» мен оның иесі бір-бірінен ажырамас досқа айналды. Бір жылға жуық дайындық барысында олар жүздеген шақырымды бірге жүгіріп өтті, ондаған кедергіден бірге секірді, әр пәрменді бірге меңгерді.

Құрманғазы ауданының шекара жазығы ұшы-қиыры жоқ кең дала. Көктемде көк майса, жазда сары алтын түсті, күзде шөп арасын боз қырау көмкерсе, қыста боран мен ызғар сынаққа алады.

– Табиғаттың тосын мінезі біздің жұмысымызды тоқтата алмайды. Ит те, адам да шыдамды болуы керек, — дейді Бекболат жұмысының маңызын түсіндіріп.

Нарядтағы үндестік пен сергектік

Бүгінде «Ер Қосай батыр» шекара бекетінде барлық қажетті инфрақұрылымдар бар: заманауи бақылау жүйелері, қару-жарақ сақтайтын қоймалар, жаттығу залдары, техникаға арналған автотұрақтар мен бақылау-өткізу пункттері жұмыс істейді. Шекара бөлімшесінің басты мақсаты – шекараны заңсыз кесіп өту, контрабандалық әрекеттер мен экстремистік бағыттағы әрекеттердің алдын алу. Осы мақсатта шекара бойында бақылау камералары, дрондар, байланыс жүйелері және қызметтік иттер секілді көмекші құралдар кеңінен қолданылады. Бұл әдістер шекарадағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, тосын жағдайларда шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді.

Бөлімшенің күн тәртібі қатаң бекітілген: күн сайынғы жауынгерлік дайындық, қару қолдану жаттығулары, дене шынықтыру және теориялық сабақтар – шекарашылардың шымыр да шыңдалған сарбаз болып қалыптасуына бағытталған. Әскери тәртіпке бағыну мен Отанға адал қызмет ету – әр шекарашының күнделікті қағидасына айналған.

Қазір Бекболат осы «Ер Қосай батыр» шекара бекетінің аға нұсқаушысы. Күнделікті нарядқа екі адам болып шығады –  бір кинолог, бір сарбаз.

– Нарядта үндестік пен сергектік басты шарт. Сарбаз жағдайды бақылап, байланыс жасап отырады, мен «Табумен» бірге із кесіп, бағытты қадағалаймын. Ит – жай ғана көмекші емес, ол да нарядтың толық мүшесі, — дейді ол.

Кинолог болу оңай ма?

Шекарашы кинологтар қарапайым маман емес. Олар итпен күнделікті байланыс жасап, оған қамқор болып қана қоймай, бірлесе шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіби мамандар. Әрбір иттің мінезін танып, жағдайын біліп, күнделікті жаттығуын жасатып, қиын сәтте онымен бірге әрекет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Қазір республика бойынша кинологтар жарысы өтіп жатыр. Үздіктер Алматыдағы Қаройда күш сынасатын болады. Оған Атырау облысынан Бекболат Шайхмеденов «Табу» қызметтік итімен қатысады. 

– Ұлт қауіпсіздігі жолында қызметтік кинология саласының маңызы зор. Қазір де, болашақта да шекара шебіндегі күзетте кинологтар мен оның төрт аяқты серіктері бейбіт өмірдің қорғандары болып қала бермек! — деген пікірімен бөлісті үздік кинолог.

Маманның айтуынша, иттердің қызмет түрлері бірнеше бағытқа бөлінеді. Иттерді қызметке дайындау ұзақтығы  шамамен бір жыл. Әрқайсысының мінез-құлқы мен қабілетіне байланысты бұл уақыт өзгеруі мүмкін. Қызметтік иттердің көпшілігі – неміс овчаркасы, малинуа және лабрадор тұқымдары.

– Қызметтік иттер 5 негізгі түрге бөлінеді: із кесуші, шабуылдаушы, есірткі іздеуші, жарылғыш заттарды анықтаушы және одорологиялық зертхана иттері. Мысалы, із кесуші иттер жоғалған адамдарды немесе шекара режимін бұзғандарды анықтауға арналған. Шабуылдаушы иттер қашқан қылмыскерді ұстайды. Есірткі іздеуші иттер сабырлы әрі адамдарды жатырқамайтын болуы керек. Жарылғыш заттарды табатын иттер ерекше мамандануды қажет етеді. Одорологиялық зертхана иттері табылған заттардың иісін анықтап, қылмысты ашуға көмектеседі, — деп түсіндірді Б.Шайхмеденов.

Бекболаттың сенімді серігі «Табу» – із кесуші ит. Ол күн сайын тәртіпті жаттығулардан, кедергілер алаңынан сәтті өтеді. «Табу» бірнеше пәрменді жақсы меңгерген: «отыр», «жат», «тұр», «кел», «жанымда», «орында» және тағы басқа.

Күзеттегі қауіпті сәттер

«Ер Қосай батыр» шекара бекетінде екі қызметтік ит бар. Бірі – «Табу» неміс овчаркасы болса, екіншісі – «Скарлет» бельгиялық овчаркасы. Оның иесі екінші кинолог-маман Сұлтанбек Жаңбырбаев.

Иә, қызмет барысында қауіпті сәттер аз болмапты. Өткен жылы Бекболат пен «Табу» Шри-Ланканың үш азаматын шекараны заңсыз кесіп өтпек болған жерінен ұстаған.

– Қызметтік иттердің сенімі мен шеберлігі – шекара тыныштығын сақтаудағы ең басты кепіл. Бұл иттер ешқашан сатқындық жасамайды. Олардың адалдығы мен ерліктері туралы мысалдар жетіп артылады, — дейді аға сержант.

Жуырда Жасталап ауылынан түн ішінде хабар келді: шекара маңында күмәнді біреу жүр. 

Сол бойда «Қаруға!» пәрмені беріліп, «Дабыл» тобы атқа қонды.

– Жер дымқыл, із айқын еді. «Табу» бірден ізге түсті. Көп ұзамай, шекарадан 50 метр қашықтан бір ер адамды таптық, — дейді Б.Шайхмеденов.

Тексеру кезінде оның 33 жастағы Тәжікстан азаматы екені, Ресейге кіруге 5 жылға тыйым салынғаны анықталды. Шектеуден қашып, Қазақстан арқылы өтпек болған екен. Сот шешімімен ол елден шығарылып, қайта кіруге 5 жылға тыйым салынды.

Шекарашы Бекболат Шайхмеденов пен қызметтік иті «Табу» – түн ортасында да, аптап ыстықта да, қақаған аязда да өз бекетінен табылып, ел тыныштығын күзетеді.

– Ел үшін еңбек ету – ерге лайық іс. Біз үшін ең үлкен марапат халқымыздың алаңсыз өмір сүргені ғой, — деп аяқтады сөзін аға сержант.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button