Жарнама
Құқық

Генерал болуды  армандамаған солдат – солдат емес

Иә, патриотизм рухында тәрбиелеп, отансүйгіштік сезiмiн ұрпақ бойына дарытуда тарихи оқиғалардың маңызы зор. Жуырда «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында өткен оқушылардың ант қабылдау салтанатына Қарулы күштердің, сондай-ақ полиция, төтенше жағдай, Ұлттық ұлан мен облыстың зиялы қауым өкілдері қатысты.

7582b05d aad9 4142 9e0b 72ffecdbe43f

Қала сыртындағы Жаңаталап ауылында орналасқанына қарамастан лицейдегі бұл салтанатты мерекеге жиналған халықтың қарасы қалың болды. Саптық алаңда адымдаған балаларына қолын бұлғап тұрған ата-аналардың қуаныштары жүздерінен-ақ байқалып тұрды. «Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысар» дегендей, балаларының жаңа бір деңгейге көтерілгеніне мақтаныш сезімі кернегені айтпаса да түсінікті.

Міне, қаз-қатар тізілген жас курсанттар саптық алаңда салтанатты маршпен өтіп барады. Бұл – биылғы қыркүйек айында әскери мектепке қабылданған оқушылар. Екі айдың ішінде әскери тәртіп пен талапқа бейімделген ұландар болашақ мамандықтарына осылайша қадам жасады. Ант қабылдау рәсімінде жас сарбаздарды облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов құттықтап, жалынды жастардың қадамдарына сәттілік тіледі.

Облыстың бас ұстазы «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында ант беру рәсімі оқу процесінің қажетті бөлігі болып табылатынын, ол оқушыларға өз іс-әрекеттері үшін жауапкершіліктің маңыздылығын түсінуге, сондай-ақ Отан алдындағы парыз сезімін дамытуға көмектесетінін тілге тиек етті.

–2022 жылы мектеп ашылғаннан бері оқушылар саны айтарлықтай өсті. Алғашқы әзірде 150 бала болса, қазір олардың саны 200-ден асып отыр. 7-сыныптан бастап оқушылар қабылданатын білім ордасына түсуге ниеттілердің қатары өсуде. Мұнда тәртіп пен патриоттық тәрбиеге баса назар аудара отырып, оқушылар жаратылыстану, математикалық ғылымдарды игеру бағытында оқытылады. Сонымен қатар, мектеп қала әкімдігінің қолдауымен қажетті ресурстармен қамтамасыз етіледі, білікті мамандар тартылады, — деді Марат Әлменұлы.

Ант қабылдау рәсіміне қатысқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Исламбек Қарасартов «Әскери ант – сарбаздың  Отан алдында, халық алдында ел үшін адал қызмет етуге берген уәдесі.  Мұндай шара сарбаздың бойындағы ұлттық рухты оятып, жастардың санасына патриоттық сезім, сенім құятын салтанатты рәсім» деп тұжырымдады.

07420c3c ef9a 4aab 9166 092da2922e3e

«Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Нұрлан Елеуовтың айтуынша, лицейде балаларға барлық жағдай жасалған. 

– Оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталуымен қатар келген тәрбие шарасы оқушылар өмірінің маңызды кезеңі. Олар саналы түрде жауапкершілік, ұлтқа қызмет, Отанды қалтқысыз сүю ұғымдарын өн бойларынан өткізе отырып, көпшілік алдында серт берді. Білім ордасында оқушыларға жалпы біліммен бірге әскери істің қыр-сыры оқытылады. Мектеп-интернатқа қабылдану үшін оқушылар норматив тапсырып, тестілеуден өтеді. Білім мен тәрбие – ажырамас ұғым. Мұнда оқушыларға сапалы білімге қоса, ұлттық тәрбие беріледі. Осында дәріс алатын әр түлек Отанына адал қызмет ететін офицерлер корпусының қатарын толықтырады, — деді әскери мектеп басшысы.

«Сармат» мамандандырылған мектеп-интернатында физика, биология, химия, география пәндері тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ әскери бейіндік пәндер бар. Қосымша спорт, алғашқы әскери дайындық, би, ән, домбыра сынды үйірмелері жұмыс істейді.

Салтанатты шарада оқушылардың шығармашылық қойылымдары ұсынылып, саптық жүрістің үлгілері таныстырылды. Сөз алған құрметті қонақтар да балалардың талабы мен талантына, өнерлеріне ризашылықтарын білдірді.

Бұл күні ұландардың жүректеріндегі ұлттық патриотизм мен қайсар рух, ерекше ерік-жігер, адалдық пен мінезділік лицей ұранына айналған «Абырой! Ерлік! Міндет!» жолында қашан да дайын екендіктерін байқадық. Сондай шәкірттің бірі – Мадияр Серік өз қалауымен әскери мектепке оқуға түсіпті. Мақсаты болашақта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері болу екен.

– Әскери адам болу – арманым болатын. Кешегі арман – бүгін айқын мақсатқа айналып, өз ретімен орындалады деп сенемін. Әскери қызметкердің бойында міндетті түрде ерлік, патриоттық сезім, яғни туған елді қорғау деген сезім болуы керек. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» дегендей, мен де сардар атанып, қызметтің ең биік шыңын бағындырғым келеді , — деген жас сарбазға сәттілік тіледік.

Расында, сарбаздардың мектеп қабырғасынан-ақ абыройлы лауазымды армандауының түпкі мақсаты Отанға, еліне өзін түбегейлі арнауын білдіріп тұрғандай.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген  Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button