
Есірткімен күрес – ортақ міндет
Соңғы үш жылда елімізде синтетиткалық есірткінің көлемі он есеге артқан. Есірткіні оңай сату үшін анонимді телеграм-боттарды пайдалану секілді бірнеше әдіс жиі кездеседі. Мұндай қылмыстық істерге барғандар белгіленген заңдылықтарға сәйкес қатаң жазаланатынын ұмытпауы қажет. Бұл туралы нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу мақсатында өткен баспасөз брифингінде атап айтылды.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу барысында облыстық полиция департаментінің жанынан құрылған есірткі құқықбұзушылықтарына қарсы кеңестің жұмыстары да талқыланды.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, подполковник Марьяна Жанғалиеваның айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда синтетикалық есірткінің көлемі он есе артқан. Бүгінде есірткіні оңай сату үшін анонимді телеграм-боттар пайдаланылады. Сатып алу арнайы darknet дүкендері арқылы жүзеге асырылып, қаржысы криптовалютамен төленеді.
Сондай-ақ “закладка” әдістері қылмыстық істің көбеюіне әкелуде. Жеңіл ақшаны көздеген жас өскелең курьер, кладмен қызметінде жүр. Үш жылдың ішінде тұзаққа түскен 10 жасөспірім жауапқа тартылған.
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен құқық қорғау органдарының өкілдері жастарға мұндай қылмыстық істерге жол бергендер 6 жылға дейін сотталатынын қатаң ескертті. Сонымен қатар жаңа заңдылықтарға сәйкес, 8 жылға дейін де түрмеге тоғытылуы мүмкін.
Айта кету керек, қазір кеселдің алдын алу үшін еріктілердің жұмысының нәтижесінде 300-ге жуық сайт, “Антифрод” бағдарламасы арқылы 30 млн. теңге шамасында 500 банк шоттары бұғатталған.
Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ