
«Есірткіге жол жоқ!»: Жасөспірімдер жарысты
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Атырау облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Бұқаралық спортты дамыту клубының ұйымдастыруымен аула клубтарының жасөспірімдері арасында эстафеталық жарыс өтті.

Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жарысқа 5 команда қатысты. Нәтижесінде, «Сокол» командасы I орынды, «Дружба» II орынды, «Чайка» III орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар медаль, диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында басқарманың аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Нұрболат Жансариев жасөспірімдерге есірткінің зияны мен оның қоғамдағы салдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Бұл шараның басты мақсаты – жасөспірімдерге дұрыс таңдау жасауды, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау. Бүгінгі қоғамда әсіресе синтетикалық есірткі түрлерінің таралуы алаңдатарлық деңгейде. Сондықтан әр бала зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, спортпен, пайдалы істермен айналысқаны маңызды, — деді Нұрболат Жансариев.
Майра ЕРҒАЛИ