
Есірткі сатқан есерсоқ құрықталды
Атырау қаласында есірткі саудасына тосқауыл қойылды. Атырау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде 22 жастағы Жылыой ауданының тұрғыны қолға түсті. Ол қала аумағында есірткі заттарын таратумен айналысты деген күдікке ілінген.
Тәртіп сақшылары күдіктінің жалдап тұрған пәтерін тінту кезінде екі түйіншек пен екі электронды таразыны тәркіледі. Ал тергеу әрекеттері барысында тағы үш түйіншек табылды. Жалпы көлемі шамамен 4 грамм болатын марихуананың құны 150 мың теңгеге бағаланған.
Қазір күдіктіге қатысты белгіленген заңдылық бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алайда тергеу мүддесіне сай толық мәліметтер жарияланбайды.
Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Майра ЕРҒАЛИ