
Білім мен заң – мызғымас тірек
Атырауда жастар мен құқық қорғау органдарының өкілдері бас қосқан ерекше форматтағы кездесу өтті. С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде ұйымдастырылған бұл іс-шараны облыстық білім беру басқармасы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өңірлік департаменті бірлесіп өткізді. Кездесуге 120-дан астам студент қатысып, құқық, заңнама және тәртіп жайлы жан-жақты мәлімет алды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды елдегі заңдардың қолданылуымен таныстыру, сот жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру. Құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары, заң талаптары және қоғамдағы тәртіп туралы нақты мысалдар мен пайдалы кеңестер айтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, заң мен тәртіп жай сөз емес – бұл қоғамдық өмірдің негізі. Заңның үстемдігі сақталған жерде ғана әділет пен тұрақтылық орнайды. Кездесуде тәрбие мен мәдениеттің де осы процестегі рөлі ерекше атап өтілді.

– Құқық дегеніміз – ортақ өмір сүру ережелері. Бұл ережелерді білу, құрметтеу және сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Әсіресе болашақ көшбасшылар саналатын жастар заңдардың қалай және не үшін қажет екенін терең түсінуі керек, – деді департамент өкілі.
Кездесу барысында студенттер де шет қалмады. Олар көкейдегі сұрақтарын қойып, құқық саласындағы өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты. Қоғамдағы әділдік пен тәртіпті сақтау жолында әр адамның орны бар екенін түсінген жастар үшін бұл жиын – білім берумен қатар үлкен серпіліс болды.
Алмас ҚАБДОЛ