
Білім мен айбын тоғысқан Академия
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Заң және тәртіп» апталығы аясында Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясы есігін айқара ашты. Бұл – елдің құқық қорғау саласындағы жаңғыру жолындағы бетбұрыс қана емес, болашақтың бағытына бастар биік белес.

Кезінде біз қатардағы тәртіп сақшысы бола жүріп, қоғам тыныштығын күзеткен едік. Бірақ заман өзгере келе, тәртіп орнату ісінің өзі жаңа көзқарас пен жаңаша тәсілді талап етіп отыр. Бүгінгі күн – тек күшпен емес, біліммен, технологиямен, стратегиямен әрекет ететін уақыт. Осы орайда Басқару академиясының ашылуы – заман үніне үн қосқан, озық ойлы офицерлерді тәрбиелеуге арналған тың бастама.
Қазіргі таңда ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкердің бойында басқарушылық қабілетпен қатар, цифрлы сауаттылық, жасанды интеллектіні пайдалану машығы, терең талдау жасау қабілеті болуға тиіс. «Ақылды көзілдірік», цифрлы зертхана, роботтандырылған техника – мұның бәрі енді бір кездегі қиял емес, күнделікті қызметтің құралдарына айналып отыр.
Бұл Академия – қарапайым оқу орны емес, мемлекетшілдікке адал, ел тыныштығына жанын арнауға дайын, білімді де білікті кадрларды тәрбиелейтін жаңа буын мектебі. Сондықтан бұл бастаманы мен тек полиция ардагері ретінде емес, елін сүйетін азамат ретінде үлкен үмітпен қабылдаймын. Себебі қауіпсіз қоғам – білімді басшылардың, кәсіби мамандардың еңбегімен ғана қалыптасады.
Ғафур ШАПАТОВ,
«Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері» қазақстандық кеңесінің Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары