Бейнебақылау – қауіпсіздік кепілі
Қала көшелері мен тұрғындардың көп шоғырланатын орындары түгелге дерлік «қырағы көз» камералармен қамтылған. Ал, олардың жұмысын облыстық полиция департаментіне қарасты жедел басқару орталығы жіті қадағалап отыр.
Жуырда осы орталықтың жұмысымен танысудың сәті түсті.
Міне, жедел басқару орталығының «жүрегі» – бейнекамераларды қарайтын зал. Қақ төрде – үлкен экран. Қызмет орындары дербес компьютермен, телефонмен және радиобайланыспен қамтамасыз етілген. Қаз-қатар тізілген мониторларда отырған кезекші инспекторлардың бізге мойын бұруға уақыты да жоқ. Себебі, тәулік бойы тұрғындар тыныштығын күзететін бүкіл камераны онлайн режимде үзбей бақылап отыр.
Камераның көмегі
Орталықтың «102» желісіне тәулігіне 250-300 қоңырау келіп түседі. Мұнда түскен қоңырау міндетті түрде қабылданып, хабарласушының кез-келген шағымы ескеріледі.
– Орталықта барлығы 100-ге жуық қызметкер бар. Олар үздіксіз циклде жұмыс істейді. Желі тәулік бойы тынымсыз қоңырау қабылдайтындықтан, қызметкерлер 24 сағатта екі ауысыммен жұмыс істейді. Көбінесе бізге түсетін қоңыраулар жол-көлік оқиғасы мен тұрмыстық жанжал, зорлық-зомбылыққа қатысты. Кешкі мезгілде, көршілерінің шуына мазасызданған тұрғындар мен көшеде орын алатын оқыс оқиғалар туралы жиі шағым түседі. Қоңырау түскен кезде хабарласушының мәліметтері электронды картаға толтырылып, санаты көрсетіледі, — деп түсіндірді жұмыс барысын орталық бастығы, полиция подполковнигі Асқар Атамқұлов.
Атап өту керек, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста «Бұлтты бейнебақылау» жобасы жүзеге асып жатыр. Тұрғындар көп шоғырланатын орындардағы бейнекамераларды жедел басқару орталығына қосу үшін интеграциялық жұмыстар қызу жүруде.
Қырағы инспектор
Көшедегі қылмыс пен құқық бұзушылықты бейнебақылау камерасын кірпік қақпай қарап отыратын инспекторлар анықтайды. Бұл туралы кезекшіліктегі №2 қалалық полиция бөлімшесінің кезекші инспекторы, полиция лейтенанты Әлия Рамазанқызы айтып берді.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық 31-санатқа жатады. Хабарласушымен сөйлескенде одан толық ақпарат алуға тырысамыз. Сосын «жедел жәрдем» мен қосымша күштің қажеттілігі туралы да сұраймыз. Төтенше жағдай мен медицина қызметкерлерінің оқиға орнына бағытталуы да осыған байланысты, — дейді кезекшіліктегі инспектор.
Әлия Рамазанқызы – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құқықтану факультетінің 2019 жылғы түлегі. Кейін М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтын тәмамдап, былтыр ішкі істер органдарына келіп, осы орталықтан жұмысын бастаған.
«Жас қызметкер өзі таңдаған мамандықтың білікті маманы екенін байқатып отыр» дейді Әлияның әріптестері. Қырағы инспектор құқық қорғау органында жүріп жыл басынан бері 400-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты, одан басқа бірнеше рет ұрлық, тонау деректерін анықтапты.
Қауіпсіз қала, алаңсыз тұрғын…
– Түскен хабарламаның санатына байланысты біз жасақ жібереміз. Қылмыс туралы ақпарат болса, оған жедел тергеу тобын, ал ақпаратты тексеру үшін автопатруль қызметіне бағыттама беріледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында учаскелік инспекторлар барады. Яғни, ақпаратқа сәйкес өңірлік құрылымдарды жедел әрекет етуге жұмылдырамыз. Талапқа сәйкес оқиға орнына автопатруль 5-7 минутта жетуі керек. Жедел тергеу тобы жарты сағат ішінде жетеді, — дейді кезекші инспектор.
Мамандардың айтуынша, кейде «102» желісіне жүгінген хабарласушының қарапайым мәліметтерді жеткізе алмай қалатын кездері болуы әбден мүмкін.
– Мәселен, орталыққа жылап тұрып, ахуалға байланысты өзін ұстай алмай дауыс көтеріп, тіпті қатты қобалжыған күйде хабарласатындар бар. Операторлар сондай жағдайда нақты мәлімет алып, көмек жіберуі тиіс. Сондықтан қызметкерлер кәсіби тұрғыда, психологиялық әрі эмоционалды түрде байыптылықпен қарауға міндетті. Салқынқандылық пен жедел қызмет көрсете білуі де аса маңызды мәселе. «102»-ге қоңырау шалудан бөлек, бағдарлама арқылы видеоқоңырау мен SMS жолдауға да болады, — деп түсіндірді орталық бастығы, полиция подполковнигі А.Атамқұлов.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «102» мобильді қосымшасы 2021 жылы іске қосылған. Омниканалдық сервис аясындағы бұл қосымша арқылы бейнеқоңырау немесе аудиоқоңырау шалғанда қызметкерлер бірден оның нөмірін, аты-жөні мен мекен-жайын біледі.
Түйін
Күнделікті күйбең тіршілікте бір-біріне ұқсамайтын түрлі жағдайлар, оқыс оқиғалар болып жатады. Тағдыр тәлкегіне түскен, зорлық-зомбылыққа ұшыраған, куә болған немесе жол-көлік оқиғасы кезінде полицияға түрлі хабарламалар келіп түседі. Қиын-қыстау мезетте адам тағдырын шешу, қылмыстың ізін суытпай ашуға зор септігін тигізетін қызмет – Жедел басқару орталығы. Ендеше, камераның қырандары қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің толық қадағалануына мүдделі.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Коллаждарды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА