Жарнама
Құқық

Баланың тағдыры ойыншық емес

Соңғы жылдары Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиі тіркелуде. Бұл  жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, әрбір санның артында бір тағдыр, бір отбасының қайғысы жатыр.

Тығырықтан шығарар жол бар ма?

Жуырда Геолог ауылында екі күн қатарынан жасөспірімдердің өлімі тіркелді. Тергеушілер қос оқиғаны да суицид дерегі ретінде қарастырып отыр. Қазіргі таңда облыстық полиция департаменті аталған фактілер бойынша қылмыстық істі тіркеп, тергеу амалдары жүруде. Осы тұста «он екіде бір гүлі ашылмаған жеткіншектердің мұндай қадамға баруына не себеп?» деген ой келеді.

Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың мәліметінше, жасөспірімдер арасындағы суицид өзекті мәселенің бірі. Соңғы екі жылда суицидке қатысты 104 оқиға тіркеліп, 24 бала өзіне өзі қол салған.

– Басты мақсатымыз – елінің болашағына бейжай қарамайтын жауапты азамат тәрбиелеу. Мемлекет назарынан бірде-бір қылмыс немесе қайғылы оқиға тыс қалмауы тиіс. Құқық қорғау органдары әрбір істі жедел әрі тиімді тергеуі керек, — деді облыс прокуроры.

Оның айтуынша, жастар арасындағы келеңсіз құбылыстың алдын алу үшін бірқатар шаралар қажет. Атап айтқанда, ойын-сауық орындарының жұмыс уақыты қайта қаралып, алкоголь өнімдерінің сатылымына бақылау күшейтілмек. Сонымен қатар интернеттегі зиянды контентті бұғаттау, алкоголизм, нашақорлық, лудомания және басқа да тәуелділік түрлерімен күрес жүйелі түрде жүргізіледі.

– Білім беру мекемелерінде, әсіресе бастауыш сыныптардан бастап, оқушылардың адамгершілік, рухани және патриоттық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған тәрбие жұмыстары күшейтіледі, — деп түйіндеді Бауыржан Жұмақанов.

Еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында прокурорларға әр факт бойынша тергеуді ерекше бақылауды тапсырған еді.

–Әлеуметтік желілер балалардың суицид белсенділігіне әсер ететіндіктен прокурорлар 15 мың күдікті сайт пен сілтемені бұғаттады. Сондай-ақ прокурорлар тұрмысы қиын отбасылармен жұмыс істеп жатыр. Бас прокуратура мемлекеттік органдармен бірлесіп, суицидтің алдын алу бойынша шұғыл шаралар кешенін әзірлейді, — деген болатын Б.Асылов.

Жеткіншектің жанайқайын естиік…

ЮНИСЕФ-тің жаһандық есебінде «әлемдегі әрбір үшінші интернет қолданушысы – бала» делінген. Жаһандық желінің пайдасымен бірге қауіп-қатері де бар. «Синий кит», «Тихий дом» сынды өлімге итермелейтін ойындар мен топтар жасөспірімдер үшін үлкен тұзаққа айналды. «Telegram» және «TikTok» әлеуметтік желілері арқылы да қауіпті ойындарға шақыртулар келуі ықтимал. Расында, елімізде балалардың интернет қолдануына ешқандай шектеу жоқ. Кез-келген сайт қолжетімді. Сондықтан да жастарды өлімге итермелейтін қауіпті ойындардың құрығына түскен жеткіншектер виртуалды әлемнің құрбаны болуы әбден мүмкін.

Облыстық психикалық денсаулық орталығының психолог маманы Венера Мүтағалиқызы әр баланың отбасында мейірім мен қолдауды сезініп өсуі керектігін алға тартады.

– Суицидтік мінез-құлық бірден пайда болмайды. Бұл көбіне жылдар бойы жиналатын күрделі психологиялық процесс. Оған әсер ететін ең бірінші фактор – отбасындағы қарым-қатынас. Ата-ана мен бала арасындағы сенім мен түсіністік жоғалса, бала өзін тыңдайтын, қабылдайтын орта таппай, жалғыздыққа душар болады. Бұл кезеңде бала тұйықталып, ішкі уайымын жасырып, сыртқа шығармайды. Уақыт өте келе бұл жағдай күшейіп, ауыр психологиялық күйге ұшырайды. Егер ата-ана сол «үнсіз» дауысты дер кезінде байқай алмаса, қайғылы жағдайдың алдын алу қиынға соғады. Жалпы интернет желісін емін-еркін пайдаланып отырған жеткіншектер қауіп пен қатердің ортасында жүреді, — дейді психолог.

Иә, ғаламтордағы ақпараттың дұрысы да, бұрысы да бар. Оларды сұрыптаудан өткізіп жатқан ешкім жоқ. Кейбір жұмысбасты ата-аналар балаларының телефонда не қарайтынына мүлде бас қатырмайды. Білімдерін толықтыратын алтын уақыттарын виртуалды әлемге жұмсаған жеткіншектер­ден ертеңі қалай боларын көзге елестету қиын.  

Мәселенің алдын алу жүйесі 

Жеткіншектер арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Әсіресе Атырау облысында жүйелі қадамдар жасалып, мәселе күн тәртібінен түскен емес. Облыстық білім беру басқармасы жанындағы психологиялық қолдау орталығы басшысының міндетін атқарушы Шынар Төкенованың айтуынша, өңірде жасөспірімдер суицидінің алдын алу жүйесі жұмыс жасайды.

Бұл мақсатта облыстық білім беру басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Психикалық денсаулық орталығы өзара меморандумға қол қойып, бірлескен іс-қимыл жоспарын жасақтады. Өзара бірлесіп, күш біріктірудің нәтижесінде суицидтік мінез-құлық белгілері бар кәмелетке толмағандарды дер кезінде анықтау, олармен жұмыс жүргізу алгоритмі және көмек көрсету жолдары жүйелендірілді. Сонымен қатар өзіне өзі қол жұмсауға әрекет еткен балаларға қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібі енгізілді.

– Былтыр алғашқы жеті айда 24 суицидтік әрекет тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 14-ке дейін азайды. Яғни 41,67 пайызға төмендеу байқалып отыр. Бұл  бірлескен іс-шаралардың оң нәтижесі. Енді осы үрдісті сақтап қалу және жасөспірімдер арасындағы суицид санын одан әрі азайту басты мақсатымыз, — деді Шынар Қадимқызы.

Психолог-педагогтар білім беру мекемелерінде балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес психологиялық бағыттағы түрлі тренингтерді, буллинг пен кибербуллинг мәселесі бойынша жеке және топтық сабақтар, сыныптармен, ата-аналармен психологиялық-ағартушылық, кеңес беру жұмыстарын күн тәртібінен түсірмейді. 

–Жыл бойы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша мек­теп оқушыларымен шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл бір күндік жұмыс емес. Балалар педагог-психолог, сынып жетекшілері, мұғалімдердің үнемі бақылауында. Олардың көңіл күйлеріне ерекше назар аударылады. Жылдың басында мектепке жаңадан қабылданған оқушылардан сауалнама алынады. Жылына екі мәрте шәкірттермен психологиялық-диагностикалық жұмыстар жүргізіледі. Сол арқылы олардың бойындағы үрей, қорқыныш сезімдерін, агрессиялық қасиеттерін білуге болады. Осы тестілеудің нәтижесінде оқушылармен түзету-дамыту жұмыстары жүргізіледі, — дейді Ш.Төкенова.

Қоғамды ойландыратын қасірет

Бүгінде баланың интернеттегі әрекетін толық бақылау мүмкін емес. Десек те әрбір ата-ана үшін ең маңыздысы баланың жан дүниесін бақылау, онымен ашық сөйлесу, сенім орнату. Тек техникалық шектеулермен мәселе шешілмейтіні айтпаса да түсінікті.

Махамбет ауданының тұрғыны, көп балалы ана Надежда Жұмашқызы балаға қатысты мәселені отбасындағы тәрбиемен ұштастырады.

–  Қазақ болғасын сөздің қасиетін сезінген халықпыз ғой. Қазіргі қоғамға, соның ішінде балаларға жылы сөз жетпейді. Меніңше, ата-ананың, ұстаздың, құрбы-құрдастың жылы сөзін естімеген бала қатыгез болып өседі. Қатыгездіктің шырқау шыңы адамды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізуі мүмкін. Әр адам бір ауыз жылы сөзімен, ақыл-кеңесімен адам жанын емдей алады. Біз осыған терең мән бермей жүрміз. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүріміз арқылы балалардың сана­сына кішкентай кезінен бастап өз-өзіне қол жұмсаудың бұрыс екенін, өз ғұмырын ғана қиып қой­май, ата-анасын орны толмас өкінішке қалдыратынын айтып түсіндіруіміз қажет,- деген ол өз пікірімен бөлісті.

Ардақты ананың айтып отырған сөзінің жаны бар. Жан жадыратар жылы сөздің азаюы салдарынан қоғамда буллинг, кибербуллинг ұғымдары кең тарады. Бұған кез-келген адам тап болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, арампиғылды адамдар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алатын көрінеді. Сондықтан қазір көптеген елде балаларды ғаламтордағы қысымнан қорғайтын заң бар. Бала тағдыры ойыншық емес. Сондықтан біздің елімізде де жасөспірімдердің интернетте қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезек күттірмей­тін мәселе.

Жеткіншектер арасындағы келеңсіз құбылыс бір ғана салаға тиесілі емес, бұл отбасының, білім беру жүйесінің, медицинаның, медиа мен мемлекеттік саясаттың өзара үйлесімді жұмысын талап ететін өзекті мәселе. Суицидтің себебін тек баланың әлсіздігінен немесе тәрбиенің кемдігінен іздеуге болмайды. Әрбір ата-ана баласының жан дүниесіне үңіле білсе, әрбір мұғалім шәкіртінің көңіл-күйін бақыласа, әрбір адам қоғамдағы психологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосса бұл қасіреттің алдын алуға болады.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button