
Бала қауіпсіздігі — басты назарда
Атырау облысында жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаменті кешенді алдын алу шараларын жүзеге асыруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Атырау облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Орынгүл Көшқалиеваның айтуынша, биыл «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жанұя және бала»,«Құқықтық тәртіп» секілді жедел алдын алу іс-шаралары өткізілген. Нәтижесінде түнгі уақыттарда заңды өкілдерісіз жүрген кәмелетке толмаған 4 мыңға жуық бала анықталып, әкімшілік хаттама жасақталған.
-Білім беру мекемелерінде жасөспірімдердің жаздағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек Төтенше жағдай департаментімен бірлесіп, судағы қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында арнайы топ құрылды. Қазір Жайық жағалауындағы қауіпсіздік бойынша жұмыстар атқарылуда,- деді О.Көшқалиева.
Тағы айта кетерлік жайт, Төтенше жағдай департаментінің мәліметі бойынша жыл басынан бері өрт оқиғаларына байланысты балалар арасындағы келеңсіз жайттар өткен жылмен салыстырғанда азайған. Былтыр өрттен төрт бала зардап шексе, биыл бір ғана оқиға тіркелген.
-Департамент тарапынан өрт және судағы қауіпсіздік, терезден құлау жағдайлары бойынша үгіт насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы тіркеліп отыр. Баларды бақылауда ұстап, дала өрттерін болдырмас үшін демалыс орындардына барған жағдайда балаларды қадағалауды сұраймыз, — деді Атырау облысы ТЖД басқарма бастығы Бағдат Абдуллин.